Біліп жүр

Әлемдегі ең қажетті мамандықтар

Әлемдегі ең қажетті мамандықтар қандай?

Әлемдегі ең қажетті мамандықтар тізімі яғни еңбек нарығы заман талабына сай өзгеріп отырады. Капитализм қоғамында қажетті мамандық иесі атанып, ойдағы жалақыны табу үшін ағымнан қалмау керек. Ендеше Balbal.kz мотивациялық сайты алдағы 5-6 жылда сұраныс тудыратын мамандықтарды тізіп шығады. Сонымен қатар сол сала бойынша қай жерде жақсы білім алуға болатындығымен бөліседі.

Инженер-маман

Бұл мамандықты тек «техниктер» ғана емес, сонымен бірге прогресстік өзгерісті жоспарлаушылар да таңдайды. Қазіргі таңда құрылыс индустриясының қарқынды дамуы және өндірісті автоматтандыру – өзекті құбылыс. Бұрынғы инженерлерден айырмашылығы сіз кем дегенде техникалық ағылшын тілін меңгеруіңіз керек. Сол кезде шетелдік компанияларда жұмыс істеу ықтималдылығы артады.

Инженерлік білім Голландиядағы Гронинген және Энсхеде қолданбалы ғылымдар университеттерінде жақсы дамыған. Университеттер практикаға, зерттеулер жүргізуге мән береді.

ІТ – маман

Бүгінде компьютерлер, смартфондар және басқа да гаджеттерге арналған бағдарламалар саны мыңнан асады. Бірақ бұл онымен тоқтар емес, адамзат жаңа сервистік бағдарламаларды күтеді. Сондықтан бағдарламалық жасақтама нарығының қол жетімділігін қамтамасыз ету тиімді бизнес болып табылады.

Әлемдік университеттердің жетекші рейтингісіне сәйкес (Шанхай, QS, THE), Солтүстік Америкадағы университеттер IT мамандарын дайындауда көш бастап тұр. Жақында Азия университеттері, атап айтқанда, Сингапур және Малайзия IT-мамандарын даярлауда сапалы жетістіктерге жетті. Екі мемлекет инновацияларды дамытуға кірісті, онда IBM, Microsoft және HP өз кеңселерін орналастырды, ал Малайзияда өзінің «Кремний алқабы» бар – Cyberjaya қалыптасты.

Дәрігерлер

ХХІ ғасырдың Гиппократтарына жоғары талаптар қойылуда. Адамдарды емдеу үшін бүгінде тек анатомия мен физиологияны, физика мен химияны білу жеткіліксіз, заманауи дәрігерлерге электроника және биотехнология саласында да іргелі білім қажет. Жоғары медициналық технологиялармен жабдықталған медициналық орталықтар адамзатқа көмектесуге деген адамгершілік талпынысы жоғары әрі технологиядан хабары бар дәрігерлерге артықшылық береді.

Медицина саласында жетекші орын алып тұрған Ұлыбритания, АҚШ және Австралияның университеттері (THE рейтингі). Әлемдік тенденциялар Еуропа елдерінің мемлекеттік саясатына әсер етіп, басқа елдердің медициналық мамандарын белсенді түрде өздеріне тартады. Германия Еurasia Institute және Charité International Academy Ресей дәрігерлеріне 9 айлық дайындық бағдарламасын ұсынады, содан кейін Германияда жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі.

Туризм саласындағы мамандар

Саяхатқа деген құштарлық жыл өткен сайын күшейе түсуде. Сонау жылдары шет елде саяхаттау екінің бірі жете бермейтін арман болса, бүгінде кез-келген адам екі-үш жылда шекара асады. Клиенттерге саяхаттауға болатын танымал немесе экзотикалық бағыттарды ұсыну, олардың сол жақта тынығуын қамтамасыз ету және ең қолайлы жолды табу тек кәсіби туристік менеджердің қолынан келеді. Дәл сол мамандық 5 жұлдызды қонақ үйде жоғары жалақы алатын жағдайға кепілдік бере алады.

Туризм, қонақ үй және мейрамхана бизнесінде теориялық зерттеулер мен практиканы үйлестіретін швейцариялық білім беру моделі өте танымал. Түлектер тек іргелі білімдерге ғана емес, сонымен қатар барлық қажетті практикалық дағдыларға қол жеткізеді. Бұл модель бойынша білімді тек Швейцариядан ғана емес, Еуропа елдерінен де ала аласыз. Швейцариядағы туризм саласындағы институттардың әлемнің басқа елдерінде кампустары ашылған. Мысалы, Испания мен Қытайда Les Roches университетінің кампустары бар.

Логисттер

Логистиканың міндеті – әр түрлі жүйелердегі материалдық, ақпараттық және қаржылық ресурстардың қозғалысын жоспарлау, басқару және бақылау. Өнім ағындарын және басқа материалдық құндылықтарды басқару пайдалы әрі қызықты. Экономика мен көлік инфрақұрылымын, топографияны жақсы білетін мықты логист мамандар үшін компаниялар бақ таласатыны сөзсіз.

Химиктер мен энергетика саласындағы мамандар

Жердің энергиясы ұзақ уақытқа жетпейді. Бүгінгі таңда барлық күш-жігер балама энергия көздерін іздеуге, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыруға жұмсалып жатыр. Күн батареяларын, жеке жылыту жүйелерін, ауаны салқындату жүйелерін шығару үшін жаңа шешімдер қажет. Химия немесе энергетика саласындағы ғылыми дәрежесі бар адам әлемге иелік ететін білімі бар.

Нанотехнологтар

Бүгінгі таңда нанотехнология машина жасауда, медицинада, тіпті тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Күн сайын роботтар мен микрочиптерді қолдану аясы кеңеюде, бұл нанотехнология мамандарына деген сұранысты арттырып жатыр.

Экологтар

Ресурстардың сарқылуы әлемді алаңдатуда. Бүгінде барлық үміт экологтарда. Әлем экологиялық апаттан аман қалу үшін қалай құтқаруды білетіндерге көп ақша төлеуге дайын.

Әлемдегі ең қажетті мамандықтар тізімі сізді белгілі бір шешім қабылдауға итермелеуі мүмкін. Алайда қолыңыздан келетін, өзіңіз сүйіп істейтін жұмыспен айналысу жетістіктің басты құпиясы екендігін еске саламыз. Әлемдегі ең қажетті мамандықтар тізіміне ойлаған дүниеңіз кірмесе де, сіздің өз ісіңізге деген сүйіспеншілігіңіз мына әлемді, қоғамды жақсартуға сеп болатыны сөзсіз.

Дайындаған: Скендирова Қырмызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!