Психология

Құралай Бақытқызы. Нумерологияның да өз айтары бар

Құралай Бақытқызы нумерология әлеміне еніп, сандар сырын қалай зерттей бастады?

Құралай Бақытқызы «сандар адам өмірінде маңызды орында» дейді. Біздің күнделікті тіршілігіміз сандардың сипатына ие. Сол себепті нумерология бүгінгі таңда кең қолданысқа еніп отыр. Адам белгілі бір күні, белгілі бір сағатта шыр етіп, дүние есігін ашады. Сол күннен бастап біздің сандармен байланысымыз басталады. Адамның бірде бір күнін сандарсыз елестету қиын. Өйткені тіршілік, уақыт, дүние, ақша – барлығы сандармен өлшенеді.

Бұл ғылымның біз білмейтін қандай құпиялары бар? Белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы бұл салаға қалай келгені туралы өз тәжірибесімен бөлісті. 

Сандар әлемі маған жат емес

Мен мамандығым бойынша программист-математикпін. Сандарды жақсы көремін. Мамандығым бойынша 10 жыл жұмыс істедім. Сол себепті сандармен жұмыс істеу мен үшін таңсық дүние емес. «Қан орталығында» қызмет етіп жүргенде қолымда қажетті деректер базасы болды. Ол деректер базасынан туған күні бойынша адамдардың ауруын және тағы да басқа ақпараттарды анықтап отыруға болатын. Сол жерден көптеген қайталану заңдылықтарын көрдім. Мысалы, туған күндері бойынша сандары бірдей адамдардың аурулары бірдей болып келеді. Сосын бұл жайдан-жай емес шығар деп зерттей бастадым, көп шындықтың беті ашылғандай болды.

Барлығы формуладан басталады

Нумерологтың ең басты жұмысы туған күнін, айын-жылын, аты-жөнін сұраудан бастау алады. Сосын формула жазамыз. Пифагор формуласы бойынша барлық сандарды есептейміз. Ол жерде әр санның жауап беретін мағынасы болады. Толық есептеп болғаннан кейін адамның мінезі-тұлғасын зерттеп, барлығын айтып беруге мүмкіндік туады. Ең алдымен, барлығы формулаға салудан басталады. Бұл нақты ғылым.

Нумерологияда сандарды компьютерде есептейміз. Айтып өткенімдей, біздің өз формуламыз бар. Әрине, кез келген есеп-қисаптың барлығы ғылым. Нақты ғылым болғандықтан, бұл балгерлік емес. Оны жай ғана «болжау»  деп ойламаймын. Өйткені сандардың да беретін өз ақпараты болады.

Туған күндері, жылдары бірдей адамдар бір-біріне ұқсас келеді. Бірақ, мінезіндегі кейбір ерекшеліктері тәрбиесіне де байланысты. Тіпті өмір сүріп отырған ортасы мен географиялық жағдайы да ерекше әсер етеді.  Америкада туған адам мен Қазақстанда туған адамның туған күндері бірдей болса да, екеуін даралап тұратын қасиеттері кездеседі. Сонымен қатар, ұқсастықтары да өте көп болуы мүмкін. Тіпті кейбір қабілеттері де ұқсас келеді.

Нумерология – бағыт береді

Көп адамдар нумерологқа келгеннен кейін өзімізді қабылдай бастадық деп жатады. Әр адам әртүрлі. Тіпті, туа бітті мінезді де өзгертуге болады. Менің өмірімде бұл жағдай неге оңайлықпен шешілмейді деп сұрап жататындар бар. Өйткені олардың жүйесінде белгілі бір сандар болмауы мүмкін. Сондықтан нумерология бойынша, әсіресе балаларға бағыт беру өте жақсы. Кішкентай кезінде «қандай бейімділігі бар?», «қандай талантын ашуға болады?», «қай ортада өзін көрсете алады?» деген сынды сауалдардың жауабын таба аламыз. Өйткені, жастар – болашақтың кірпіші. Оның дұрыс қалануын о бастан қолға алуымыз керек.

Белгілі бір бизнес бастағысы келген адамдар, бізден кеңес сұрайды. Тіпті мамандық ауыстырғысы келетіндер де бар. Мамандық таңдағанды жақсы көремін. Сосын ең көп таралған мәселе – жастар арасындағы үйлесімділік.

Нумерология арқылы жағдайдың алдын алуға болады

Иә, сандар арқылы белгілі бір жағдайдың алдын алып, түйінін шешуге болады. Нумерологияға жүгінетін адамдардың көпшілігі үй алу, үй сату, бизнес ашу, тәуекел ету және етпеу жолдарын көріп, өздеріне қаржылық кеңес алады. Мысалы, «шығынсыз тәуекел етуге бола ма, болмай ма?» деген сынды сұрақтармен келеді. Денсаулығына қатысты мазалаған сұрақтарының жауабын алатындар бар. Мысалы, ота жасауға болмайтын жылдар болады. Жұмыс ауыстыруға қолайлы уақытты білгісі келетіндер көп. Сандар оның да жолын айқындайды.

Нумерология бойынша әр жылдың бастау нүктесі бар. Сол кезде адам жұмысын ауыстырып немесе қандай да бір сала бойынша бағыт алуы керек. Алдағы жылға қадам жасауға қолайлы уақыт болады. Нумерологияда оны «теріс және оң жылдар» деп атайды. Мысалы теріс жылдар түссе, бірнеше істі қатар істемеуін ескертеміз.

Қаржылық код қалай есептеледі?

Ақша шақыратын сандарға келетін болсақ, кез келген адам үшін «8» саны ақша шақырады. Ақшаның берекесіне, ақшаның орынсыз шашылмауына, тұрақты болуына жауап беретін сан «6». №6 үйде тұрған адамның ақшасы берекелі болады. №8 офистан бизнес ашқанның  бизнесі жақсы жүреді, ақша жеңіл келеді. Одан бөлек, «қаржылық код» деген болады. Ол 4 таңбалы саннан тұрады. Оны есептеу қиын емес. Ең бірінші сан – ол туған күннің қосындысы, екінші айдың, үшінші жылдың, төртінші шыққан үш санды бір-біріне қоссақ «байлық коды» шығады.

Нумерологтың бойындағы ерекше қасиеттер

Кез келген адам нумерологияны оқып алуы мүмкін. Бірақ адамдармен жұмыс істеу өте қиын. Өйткені ақпаратты дұрыс жеткізу керек. Әр адам әрқалай қабылдайды. Сол себепті адамдармен жұмыс істегендіктен, адамдарды жақсы көру керек деп ойлаймын. Көмектесуге, бағыт-бағдар беруге дайын болыңыз. Нумерологтың бойында логика мен интуиция жақсы жұмыс істеуі керек.

Интуициядан бұрын, әрине, логика және аналитикаға басымдылық берміз. Адам әрнәрсені сараптауы керек деген осыдан шығады. Менің сараптау қабілетім болғандықтан, нумерологияға келген шығармын деп ойлаймын. Бәрін ой елегінен өткізетінмін, күнделік жазатынмын. Күнделік жазу арқылы өзіме көп сабақ алдым. Өйткені өмір қайталанып отырады екен. Әр айда, әр жылда, 3 жылда бір қайталанатын оқиғалар болады. Соларды сараптау арқылы өзіме көп қорытынды түйдім.

Сұқбаттасқан: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close