Біліп жүр

Киберспорт — жаңа заман спорты

Қазақстан киберспортты ресми түрде спорт деп таныған

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар. Бәрінен де компьютер ойнаған озар» дейді бүгінгінің мақалы. Қайбір жылы ата-аналар, ұстаздар, психологтар мен журналистер бар, бәрі бірігіп жатып компьютердің зиянды тұсы мен пайдалы жағын талқылауға әуес еді. Сонда үнемі «Компьютер жаман!» дейтін пікір ұтып кетіп жататын. «Құрдымға жетелейтін құрылғыдан» баланы мейлінше алшақ ұстау айтылатын. Сөйтіп жүргенде уақыт өтті, талқыланған дүниенің бәрі артта қалды да заман өзгеріп шыға келді. Не керек, әлгі компьютер ойындары жай ойыннан пайда алып келетін, елді мойындатқан, өз салмағы бар спорт түріне айналып шыға келді. Жаңа заманның спорты. Қазір ел оны «киберспорт», «компьютерлік спорт», «электронды спорт» деп атайды. Көп таралғаны және ресми атауы — алғашқысы.

Киберспорт тарихын алғашқы компьютер ойыны шыққан кезден бастауға болады. Бірақ бұл спорт түрінің қарыштап дамуы 1997 жылдан басталды. Сол жылы «The Cyberathlete Professional League» (CPL) атты компьютерлік ойындарға арналған кәсіби лига ашылған еді. Бұл лиганың мақсаты компьютерлік ойындарды жаңа деңгейге көтеру болатын. Ойларын жүзеге асыру үшін CPL жарыстар ұйымдастыра бастайды. Олар ұйымдастырған алғашқы жарыс Quake ойынына арналады. Кейін лига топтық жарыстарға көшіп, Doom 2 ойынын ойната бастайды. Ал 2001 жылдан Counter Strike симуляторы алға шығып, киберспортты жаңа деңгейге көтереді.

Қазір киберспорт әлемінде ең көп таралған ойындарға Counter Strike, Dota 2, Call of Duty, League of Legends, Starcraft жатады. Бұл ойындар бойынша жүлде қоры қомақты жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Киберспорттағы ірі сайыстарда, тіпті, допингке тексеру де өтеді.

Мамандардың айтуынша, 2017 жылы киберспорт нарығының қаржылай айналымы 655 миллион долларды құраған. Болжам бойынша бұл сан 2021 жылы 1,6 миллиард долларға дейін өседі.

Естеріңізге салайық, 2018 жылдың 25 маусымында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі киберспортты ресми түрде спорт деп танып, Qazaq Cybersport Federation атты киберспорт федерациясы өз жұмысын бастап кеткенін хабарлаған еді.

 

Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!