Біліп жүр

Талғат Шәйкен: «Ендігі мақсат Токио Олимпиадасын жеңу»

Алғашқы жаттықтырушымның есімі – Бейсенбаев Қуат Ағыбайұлы

Жасөспірімдер арасындағы III Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Талғат Шәйкен Аргентинада өткен жарысты қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды balbal.kz порталы.

— Аргентинаға қалай барып келдіңіздер? Жарыстың ұйымдастырылуы көңіліңізден шықты ма?

— Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасы өте жоғары деңгейде өтті. Тамаша көңіл-күймен барып қайттық. Астанамен арадағы уақыт айырмашылығы 9 сағат. 3 күннен кейін жергілікті климатқа бейімделіп алдық. Біздің құрама жарыстың басталуына 10 күн ерте келген болатын. Сондықтан жарысқа өте жақсы дайындалдық. Елімнің туын биікке көтергеніме қуаныштымын. Бірақ өзіме-өзім 100 пайыз ризамын деп айта алмаймын. Себебі, финалдағы қарсыласымның деңгейінен анағұрлым жоғары боксшыларды да ұтып жүрген едім. Өздеріңіз білесіздер, үш ер боксшы және екі ару қызымыз еріп барған. Ерлердің үшеуі де финалға шықты. Айбек алтыннан алқа тақты. Сіздер арқылы әріптесімді жеңісімен құттықтаймын. Ал Дамир екеуімізге бұйырғаны күміс болды. Соған да қанағат дейміз. Қазақ боксының мүмкіндіктерін барша әлемге әлі талай көрсетеміз деп ойлаймын.

— Қазір тынығып жатқан боларсыз? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Иә. Аргентинадан кеше таңға жақын ұшып келдік. Әзірге демалуды жөн көріп отырмын. Бапкерлерімнің де кеңесі сол. Аға жаттықтырушының нұсқауына сай қараша айында Ақтау қаласында болатын бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысу жоспарымда жоқ. Жалпы биыл жыл соңына дейін ешқандай турнирлерге қатыспаймын. Тек келер жылдан бастап рингке ораламын. Мақсатым ересектер арасындағы ұлттық құрама сапына іліну және Токио Олимпиадасына жолдама алу, еліміздің көк туын желбірету.

— Оқырмандарымызға өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Бокспен қанша жасыңыздан айналысасыз? Отбасында неше ағайындысыздар.

— Үш ағайындымыз, мен ортаншысымын. Көкшетау қаласындағы Қажымұқан спорт мектебінің бокс үйірмесіне алғаш қолымнан жетектеп алып барған ағам болатын. Ол кезде мен 10 жаста едім. Қазір он сегіздемін. 8 жылдан бері бокстан қол үзген емеспін. Осы спорттың арқасында бейәдеп қылықтардан, жаман ортадан аулақ жүрдім. Алғашқы жаттықтырушымның есімі – Бейсенбаев Қуат Ағыбайұлы.

— Уақыт бөліп, cұқбат бергеніңізге рақмет!

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!