Саяхат

Швейцарияға саяхаттап барсаңыз

Швейцарияға саяхаттап барсаңыз нені білу керек?

Швейцарияға саяхаттап барсаңыз, ескеретін бірнеше дәстүрлерін, ұлттық наным-сенімдері мен елдік болмыстарын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Швейцария — Орталық Еуропадағы ел.  Мемлекеттің астанасы — Берн қаласы. Негізгі қалалары: Цюрих, Женева, Лозанна, Санкт-Галлен, Базель. Мемлекеттік тілі — неміс, француз, италиян, романш тілдері. Халқының саны  8 миллионнан  асады.

Швейцария — таулы ел, көпшілік бөлігі Альпі таулары аумағында көсіле орналасқан. Оңтүстігінде Пеннин Альпісі, Лепонтин, Ретийя Альпісі мен Бернин таулары бар. Ең ірі өзеңдері — Рона, Рейн, Лиммат, Аaре.

Ең таза мемлекет

Швейцария — Еуропадағы ең таулы мемлекет деп айтқан болатынбыз. Аспанмен таласқан тауларының әдемілігі  суретшінің салған суретіндей әсер қалдырады. Тау жоталарында шаңғы теуіп, табиғаттың сұлулығына тамсануға барлық жағдай жасалған. Тау бөктерінде орналасқан  Женева көлінің табиғаты мүлде өзгеше. Басқа жерлеріне қарағанда ауа-райы жылы болып келгендіктен, көлдің айналасында пальма ағаштары өседі. Мұнда жыл сайын миллиондаған туристер ағылып келіп жатады. Швейцарияның халқы өте кірпияз.  Бұл елдің көшелерін аралап жүріп артық шашылып жатқан қоқыстарды көрмейсіз. Таза ауасын кең тыныстай жұтып, көңіліңіз бір марқайып қалары сөзсіз. Швейцарияның Сармет қаласында тек электрлі көліктермен жүруге рұқсат етілген. Ал жанармаймен жүретін көліктерге тыйым салынған.

Швейцарияның банктері мен құнды сағаттары

Швейцария — жоғары дамыған өнеркәсібі мен өнімді ауыл шаруашылығы бар мемлекет. Щвейцария банкілерінің сейфтерінде әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған елдердің, барлық құнды қағаздарының жартысы сақтаулы жатыр. Және де әлемнің ең бай адамдары ақшаларын осы елде сақтайды. Швейцария банктері ақшаны сақтауға ең сенімді жер. Өнеркәсібі жоғары сапалы, қымбат және ғылым жетістіктерін қажет ететін өнімдер шығаруға маманданған. Ел экономикасында ірі трансұлттық монополиялар үстемдік жағдайға ие. Щвейцария туризм мен өз аумағы арқылы өткізілетін транзиттік жүктерден көп пайда табады. Өнеркәсібі сырттан әкелінетін шикізаттарға тәуелді және дайын өнімдерді экспорттауға бейімделген.

Швейцарияда әлемдегі ең қымбат әрі сапалы сағаттар жасалады. Ең танымал брендтеріне Rolex, Chopard, Breguet, Patek Philippe, Vacheron Constantin, Tissot, Swatch жатады.

Алғашқы қол сағатын 1868 жылы Патек Филипп жасаған екен.

400 жылдан бері ешкіммен соғыс жүргізбеген жалғыз ел

Бұл мемлекетте негізінен немістер, француздар, италияндар, реторомандықтар тіршілік етеді. Сол елдердің салт-санасын бір арнада тоғыстыра білген Швейцария —  дәстүрге өте бай. Әдеп пен  сыпайылық бұл елдің қанына сіңген қасиет. Тек бейбітшілікті биік ұстайтын тұрғындардың жаға жыртысып жатқанын көрмейсіз. Сол себептен болар бұл ел әлемде  400 жылдан бері ешкіммен соғыс жүргізбеген жалғыз ел. «Біріміз — бәріміз үшін, бәріміз — біріміз үшін» ұранын жандарына жалау еткен бауырмал, досқа адал халық.

Тәртіп пен заң бәріне бірдей

Өте кішіпейіл Швейцарияның жергілікті тұрғындарының ғұрпында, бір адаммен әр көрген сайын бірнеше рет амандасу қалыптасқан. Әр көрген сайын амандаспай қойсаңыз, олардың ренжіп қалуы ғажап емес. Бұл елде жүрген әрбір адам міндетті түрде сыпайылықты сақтап, айналасына мейірімді жүзбен  қарай білуі керек. Қоғамдық орындарда тіпті жануарлардың өзін ренжітуге тыйым салынған. Өйтпеген жағдайда олар бірден тәртіп сақшыларына хабарлайды. Олар әрбір заң бұзушылықтың  бетін жылы жауып қоя салмайды. Тәртіп пен заң өте қатаң сақталған бұл елдің тұрғындары көшелерде қорықпай жүре береді. Тіпті бағалы заттарын алып, түннің ортасында еш саспастан қыдыра алады. Әмияныңызды ешкім алып кетпейтін жерге тығып, әуре-сарсаңға түспесеңіз де болады.Бұл жерде кісі тонау, зорлық, кісі өлімі деген мәселелер жоқ  десе де болады. Сондықтан болар, бұл елде қылмыстық істер өте сирек кездесіп жатады.

«Бір тал кессең, он тал ек» демекші бұл елде бір тал ағаш кесу үшін, жоғарғы жақтан келісім алу керек. Тіпті, ол ағашты сіз егіп, аулаңызда өсіп тұрса да осы заңға бағынбасқа амалыңыз жоқ.

Кешіккенді ұнатпайды

Ел тұрғындары жақсы танымайтын адамдармен белгілі бір арақашықты сақтай отырып өмір сүреді. Сізді жақсы танып білмейінше сыр ашпайды. Және де швейцариялықтар айтқан уәдесін орындамай қоймайтын халық. Кешіккенді ұнатпайды. Қайда барса да дәлме-дәл уақытында келуді бұл елдің жұрты әдетке айналдырған. Тіпті қоғамдық көліктер уақытынан кешігіп келіп жатса, ол үлкен жаңалық болар еді.

Оларды немістермен салыстыра көрмеңіз

Швейцарияның ас ішу әдебі басқа еуропалық елдерге өте ұқсас. Әсіресе, қала көшелерінен неміс асханаларын жиі ұшырастыруға болады. Тамақтану кезінде олар ақша туралы сөз қозғағанды ұнатпайды. Себебі, бұл олардың ешкімге айтпайтын жеке құпиялары болып саналады. Дастархан басында  фильмдер жайлы, сүйікті кітаптары, архитектура, қолөнер туындылары, саясат жайлы сөз қозғағанды жөн санайды.

Швейцариялықтар алкагольдік ішімдіктерді аса қатты ұната бермейді. Тіпті, адам денсаулығына, қоршаған ортаға зияны мол темекі өнімдерін арнайы орындарда ғана тұтынады. Бір-бірінің үйіне қонаққа барарда ешқашан құр алақан бармайды. Үй иесіне міндетті түрде тәттілер мен гүл сыйлайды.  Сіздің көрсеткен әрбір ізетіңізге алғыс айтудан жалықпайтын халық. Оларды ешуақытта немістермен салыстыра көрмеңіз. Олар мұны ұнатпайды, сол үшін сізбен сөйлеспей кетуі де ғажап емес.

Швейцарияның өз спорттық ойындары бар

Швейцария жұртшылығы спорттан кенде емес халық. Бұл елде сумоның альпілік нұсқасы «швинген» деп аталады. Күресушілер үстеріне ұлттық киім киіп алып күреседі. Және «Штайнштоссен» деп аталатын спорттық ойын түрі жақсы дамыған. Ойын барысында қатысушылар өте ауыр тастарды алысқа лақтырады. Кімдікі алысқа түссе, сол жеңімпаз атанады.

Ұлттық мерекелері несімен ерекшеленеді?

Швейцарияның ұлттық мерекелеріне үңілетін болсақ, талай қызықты тамашалауға мүмкіндік аламыз. Жылда атап өтілетін мерекелердің бірі әулие Николой күні 6 желтоқсаннан бастап тойланады. Әулие Николай сіз бен бізге жақсы таныс Санта Клаустың дәл өзі. Бұл мерекенің барлық сән-салтанатын тамашалағыңыз келсе Фирвальштет көлінің жағалауында орналасқан Кюсснахт қалашығына ат басын бұруыңызға тура келеді.

Әулие Николай күнін тойлау үшін жиырма мыңнан астам адам жиналады. Қала көшелерінде үлкен шеру ұйымдастырылады. Шерудің алдыңғы шебінде әулие Николайдың өзі және оның қасында тілазар Шмуцль балалары жүреді. Шеру кезінде Санта швейцариялық бүлдіршіндерге сыйлықтар үлестіріп береді. Ал, Рождество мерекесін 25 желтоқсанда тойлайды. Бұл күні тұрғындар Рождество базарын аралайды. Арнайы ұйымдастырған базардан Швейцарияның түкпір-түкпірінен әкелінген ұлттық тағамдардың түр-түрін табылады. Ал, балалар осы базарды аралап, Санта Клаус пен оның ергежейлілеріне ойыншық құрастыруға,  әдемі ашық хаттар жасауға бар ынта-жігерлерімен  көмектеседі. Швейцариядағы ең әйгілі көлік түріне айналған трамвайлардан Санта Клаус пен періштелердің халыққа тәттілерін тарту етіп жатқанын көруге болады.

Ән айтуға әуес

Сонымен қатар бұл елде әртүрлі фестивальдер жиі өткізіледі. Мысалға, бетперделілер фестивальі, шарап фестивальі, перфоманса фестивальдері өтіп тұрады. Бұл елдің әуенді фестивальдерін айтып өтпеуге болмас. Әсіресе шілдеден қыркүйек айларының ортасында осындай мерекелер жиі ұйымдастырылып отырады. Швейцариялықтар Монтре қаласына жиналып, әлемдік деңгейдегі музыкаларды тыңдайды.

Швейцарияның халық әндерінің мақамы немістердің халық әндеріне өте ұқсас келеді. Олардың әндерінің көпшілігі «худигегеллер» стилінде айтылады.  Бұл жанрдағы әуенді көбіне үш адам аккордеон, кларнет, контрабастың сүйемелдеуімен орындайды. Кейде 4 адам шырқауы мүмкін. Ондай жағдайда «хакбретт» аспабы қосылады. Альпі тауларында тіршілік ететін тұрғындар «Йодль» әнін сүйсіне тыңдайды.Тыңдаған жанның құлағының құрышын қандырып, көңіліңізді көтеріп, қунышқа жетелейді.

Ата дәстүрлері

Бұл елдің ескірмес дәстүрлерінің бірі ірімшік қайнату науқаны. Нағыз Альпілік ірімшіктерді тек қана жазда сосын тек қана тауларда жасайды. Швейцарияда 600 ірімшік жасайтын орын бар. Олар жыл сайын ірімшіктің 450 сортын дайындайды.

Швейцариялықтардың ең көне және танымал дәстүрлерінің бірі – көктемде сиырларды жаз жайлауға жөнелту мерзімі. Бұл мерекені олар «вале» деп атайды. Яғни жаз жайлауға сиырларды барлық сән-салтанатпен шығарып салады. Мамыр айларында сиырларға неше түрлі гүлдерден әшкейлер тағып, мойындарына үлкен әрі әдемі сыңғырлауықтарын іліп, бүкіл ауыл-аймақты аралатып шығады. Тіпті кейбір аймақтарда сиырларды жарыстырып, «табынның ханшайымын» анықтап жатады. Тіпті сиырлар жайлаудан оралған кезде де осындай мерекелік шаралар ұйымдастырады. Бұл олардың байырдан келе жатқан ата дәстүрлері.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close