Табыс

Begimsulu – хоббиден дүниеге келген бизнес-идея

Begimsulu.kz – қолдан жасалатын косметикалық 14 өнім

Begimsulu компаниясының негізін қалаушы Фатима Оғызбекқызы есімді алматылық тұрғын. Әлеуметтік желіде өзін жария еткенді ұната қоймайтын келіншекті алғашқыда әрең таныдым. Алыстан ғана түсірілген авадағы фотосына қарап, кейіпкерімді көзге елестету қиынға соқты. Ол мені бірінші таныды. Мен бірінші болып әңгіме бастадым. Ол көзіне жас ала отырып, оқырман қауыммен өз хикаясын бөлісті.

Фатима Оғызбекқызы:

Фатима Begimsulu
Фатима Оғызбекқызының жеке мұрағатынан

Өмірдің сабақтары

Бүгін сіз @begimsulu.kz деп инстаграмға тере қалсаңыз, көздің жауын алатын косметика өнімдерін көресіз. Көресіз де қызығасыз. Тартымды дизайн, әдемі қалыбына қарап отырып сатып алғыңыз келіп кетеді. Мұның бәрі қолдан жасалғанын білгенде таңырқайсыз, тіпті сенбейсіз. Міне, осы сәттен бастап сіз «Begimsulu-дан» басқасын көзге ілмей кетуіңіз мүмкін. Себебі менің косметикам адам денсаулығына қауіп келтірмейді. Оның құрамында зиянды бірде бір ингредиент жоқ. Жарнамаға ақша салып, арнайы насихаттау жұмыстарын жүргізбесем де, әлі күнге дейін клиенттерімнің бар болуы, міне, осыдан.

Дәл қазір біреу тойға дайындалып, ал қызыл далапты ерініне жағып жатқан шығар. Алтын түстес қораптағы «Begimsulu» деген жазу пайда болғанға дейін менің өмірімнің қандай болғанынан тұтынушым бейхабар. Бүгін мен өз хоббиін бизнеске айналдыра білген бақытты жанмын. Ал осыдан небәрі екі жыл бұрын мен дүниедегі ең бишара адам болып өмір кештім. Аяулы анам қатерлі ауруға шалдықты…

Бірінші сабақ

Анам еміне деп жиналған қаражатты қолыма ұстатып, «білім ал» деп шетелге жіберді. Ол кезде анам косметикалық өнімдерді жасауды үйрену үшін Малайзияға барғым келетіндігінен хабардар болатын. Алайда олар сұраған қаражат менің қолымда болмады. Анамның сырқатын естіп өмірден баз кешкен кезім болатын. Малайзия деген тақырыпты, косметика деген әлемді өзім үшін мәңгілікке құлыптадым. Бірақ анам өзінің қиналғанын көрсеткісі келмеді ме, менің болашағым үшін алаңдады ма, ақшаны қолыма ұстатып, батасын беріп шығарып салды. Анам өзі «бар» деп жіберген соң мен Малайзияға ұшып кеттім. Ол жақта косметиканы қалай жасалатыны туралы ілім-білім жинадым. Тапжылмастан том-том болған кітаптарды кемірдім. Бұл 2017 жыл еді.

2019 жылы анам қайтыс болды. Ауыр соққы алдым. Жүрегі нәзік қыз үшін өмір бұрынғыдай бал татымады. Бірақ мен жауындарға, дауылдарға қарамастан косметика жасай бердім. Жұмыс орныма кірген бетте бар мәселем, бар қайғым есіктің артында қалатын. Косметикаға дейін мен не істемедім? Торт пісірдім қызығып, тігін тіктім. Косметика да әу баста хоббиім болатын. Дегенмен торт та, тігін де косметикадай менің жанымды емдеп, рухани демалтпады. Демек бизнес идеяны қарастырғанда алдымен қаржы алып келетін саланы емес, өзіңізге ұнайтын, өзіңіздің қолыңыздан келетін дүниені таңдаған дұрыс.

Анамның, мына өмірдің маған берген ең үлкен сабағын уақыт өте келе түсіндім: «Бастысы ақша емес. Бірақ ақша деген жамандық атаулы дегенді білдірмейді.  Мен тек ең бірінші ақшаны емес, жан қалауын ойлауды үйрендім». Әр косметикаға тапсырыс алып, қолмен жасап отырған сәттерде мен қызының сүйікті ісі үшін өз емінің ақшасын бере салған анамды ойлаймын.

Екінші сабақ

Бүгін мен өз білімін онлайн түрде АҚШ-тан тереңдетіп жатқан косметика саласының маманымын. Аптасына бір рет тауға шығып, бой жазып, керек шөбімді теремін. 2 балаға қазақы тәрбие беріп отырған үлкен бір әулеттің ибалы келінімін.

Begimsulu Алматы
Begimsulu косметикасы @Begimsulu.kz

Негізі «Begimsulu-дың» косметикасын сатып алғысы келетіндер баршылық. Көбісі ескі клиенттерім. Жаңа тұтынушыларды тарту да үлкен мәселе емес. Алайда тапсырыс алғаннан кейін оның бәрін уақытылы жасап шыға алмаймын. Бүгінгі таңда мақсаты айқын, ниеті түзу шәкірттерім жоқ. Көбісі бірден косметика жасап, мәз-мейрам болғысы келеді. Бірақ кешіріңіздер, ол мүмкін емес! Бір далапты жасап үйрену үшін мен шөптердің қасиеті, иісі, түрлері, қандай шөп далапқа қандай рең беретіні туралы теориялық білім жинадым. Мұндай білімді мен бір күнде алған жоқпын. Ұстаздарым менен шыдамдылық пен құштарлық талап етті. Мен де біреудің денсаулығына зиян келтірмей сапалы өнім жасау үшін бәрін білуім қажеттігін түсініп, сабырлық таныттым.

Бізде алғыр қыз-жігіттер көп. Бірақ нәтижеге қарай асығады. Олардың том-том кітап оқып отыруға уақыттары жоқ. Бар мәселе осыдан туындап жатыр. Бизнес бастағысы келетін кез келген адам сүйікті саласын таңдап алған соң, сабырлы болуға, әліптің артын бағуға өзін тәрбиелегені шарт деп ойлаймын.

Үшінші сабақ

Косметика жасайтын жұмыс орнымда шамның екі түрі бар. Бірі өнімді жасау барысында қосылатын кәдімгі жарық. Ал екіншісі мен шығып кеткен кезде қосылатын кварц жарығы. Өздеріңіз білетіндей, кварц барша микробты өлтіретін қасиетке ие. Абайсызда кварц жарығы қосылып кетіпті. Мен болсам, бір өнімді жасаймын деп екі сағаттай отырып қалдым. Сол күні түнде ауырсынғаннан шыдамай оянып кеттім. Көзімді ашсам, қатты ауырады, ештеңе көрінбейді. Не керек, ауруханадан бір-ақ шықтым. Үш күн бойы мына әлемнің жарығын өз жанарыммен көре алмадым. Бетім болса кәдімгідей күйіп қалыпты. Айнаға қарап жүрегім ауырды. Ағыл-тегіл жыладым. Мәселемді естіген Малайзиядағы ұстазым: «Өзің косметика жасайсың. Неге ендеше бетіңді қалпына келтіретін крем жасамасқа? Бәрі өз қолыңда ғой» деді. Күтпеген жауап естігеннен сілейіп қатып қалғаным әлі есімде.

Менің бетіме қарап, «Қай жерін күйік шалған, ештеңе байқалмайды» ғой ішіңізден ойлап отырған шығарсыз. Бірақ шын мәнісінде басымнан осындай оқиға өтті.

Begimsulu деген
Begimsulu косметикасы @begimsulu.kz

Косметика менің сиқырлы таяқшама айналды. Көңіл-күйімді көтеретін, құлшынысымды арттыратын, алға жылжуыма себепкер болатын да косметикам. Айына пәленше миллион табам ындеп айта алмаймын. Бірақ мен сүйіп жасаған өнімің көңілден шығып, күндердің бір күні табыс алып келетініне сенемін.

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close