Миллионер

Икигайды анықтаудың ең оңай тәсілі

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы неде?

Жапон халқының қазіргі таңда ұлт ретінде жеткен жетістіктері таңдандырмай қоймайды. Олардың мемлекеттік жүйесі көп елден озық, техникалары басқалардікінен мықты, қарапайым адамдарының мәдениеті өзгелерді тамсандыратын жағдайда болуы бір немесе он жылдың емес, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлердің жемісі. Бүгін біз солардың бірі саналатын «икигай» түсінігі туралы сөз қозғаймыз.

Икигай сөзі (生き甲斐) жапон тілінен аударғанда «өмір сүрудің мәні» деген мағына береді. Бұл түсінік адамға мамандығын, өмірдегі орны мен мақсатын анықтауға көмегін тигізеді. Зерттеулер икигайы бар адамдар күйзеліске көп түспейтінін, басқаларға қарағанда өздерін бақыттырақ сезініп, жүрек ауруларына аз шалдығатынын анықтады. Сондай-ақ, икигай пәлсапасын ұстанатындар басқаларға қарағанда ұзағырақ өмір сүретіні де белгілі.

Икигайды анықтау да қиын емес. Ол үшін мына кестеге жүгіну керек:

Икигай кестесі

Кестеден байқағандарыңыздай, икигай деген сіз жақсы көретін, сіздің қолыңыздан келетін, сізге ақша әкелетін және адамзатқа қажет дүниенің ортасы. Осы төртеудің бірі болмаса, ол басқа дүниеге айналады. Мысалы, жақсы көретін іс пен адамзатқа керек дүниенің ортасы «борыш» деп аталады. Ал, сіздің қолыңыздан келетін іс пен сізге ақша алып келетін нәрсенің ортасы – «мамандық». Қолыңыздан келетін, ақша әкелетін және адамзатқа керек іспен айналыссаңыз, бірақ ол істі жақсы көрмесеңіз, бәрі жайлы болуы мүмкін, бірақ өзіңізге көңіліңіз толмай жүресіз.

Енді Түгенше есімді бір адамның икигайын бірге анықтап көрейік. Алдымен ол жақсы көретін барлық істі ақ параққа жазып шығамыз. Ойға келген кез келген нәрсені жазудан тайынбау керек, себебі о баста маңызсыз болып көрінген дүние түбінде икигай болып шығуы мүмкін. Тізім құрастырғанда бала күнгі ешкімге айтылмаған армандарды да еске түсірген абзал.

Одан кейін тізімнен ол жақсы істей алатын істерді іріктейміз. Іріктелгеннің ішінен оған ақша алып келетін нәрселерді бөліп аламыз. Артынша соңғыларынан адамзат пен әлемге пайдалысын, қарапайымдау пішінге ауыстырар болсақ, Түгенше тұратын қаладағы (ауылдағы) адамдарға керектісін таңдаймыз.

Икигайды анықтаудың қарапайым мысалы

Түгеншенің икигайы – көлік жөндеу. Бұл істі ол жақсы көреді, бұл іс оның қолынан келеді, бұл іс оған ақша әкеледі және әлемге бұл істің мамандары қажет. Сондай-ақ, Түгеншенің өмір жолында машина айдау және көліктер туралы жаңалық оқу деген сияқты сүйікті істері де қажет болуы ықтимал.

Айта кетерлігі, икигайдың пәлсапасы бұл мақалада жазылған дүниелерден әлдеқайда кең және әлі көптеген зерттеуді қажет етеді.

Мақаланы Стив Джобстың мына сөздерімен аяқтаған жөн болар: «Сен өзіңнің сүйікті ісіңді табуың керек. Сүйікті ісіңді табу сүйікті адамыңды табу сияқты аса маңызды. Жұмысқа өміріңнің көп бөлігін арнайсың. Сондықтан, одан ләззат алғың келсе, оны саналы түрде өте жақсы істеген дұрыс. Ал, жұмысты өте жақсы істеу үшін, сүю керек.

Егер сен өзіңнің сүйікті ісіңді әлі де таппаған болсаң, іздеуден жалықпа. Тапқанға дейін тоқтама!

Іздегенің табылғанда, бұл расымен сол жұмыс екенін жүрегің сезеді. Басқа қарым-қатынастардағыдай мұнда да құштарлық уақыт өткен сайын арта береді. Сол себепті, ізде! Тапқанға дейін тоқтама!»

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!