Біліп жүр

Ақберен Елгезектің өлеңдері

Тәңірдің жоспарымен әдебиетке келген ақынның туындыларын оқи отырыңыздар.

Қазақ әдебиетiне екi мыңыншы жылдардың басында келiп, «Көлеңкелер күбiрi» жыр жинағымен аға буынды бiраз ойға қалдырған Ақберен Елгезек бір сұхбатында: «Негiзi мен өлең жазып, ақын болам деп ойламаған адам едiм. Өмiрде бiзге беймәлiм қызық дүниелер болып жатады ғой. Соның бiрi менiң әдебиетке келуiм…», — деп, ағынан жарылған екен. Тәңірдің жоспарымен әдебиетке келген ақынның туындыларын оқи отырыңыздар.

 

Күзгі серуен 

Жапырақтан жаңғырып Күз дауысы,
Алтын бояу үрлейді Түз ғарышы.
Түйсігіңе жұмақты сездіреді,
Билеп тұрған түстердің қозғалысы.

Аспаннан келген екен күміс xабар,
Таулар оны естісе дұрыс болар.
Күз келсе де өзіне жұмыс табар,
Шеру жасап барады құмырсқалар!

Шөптердің арасынан дабырласқан,
Сақалын сауып отыр адыраспан!
Тербеледі итмұрын өз әніне,
Тербеледі ешкімді танымастан.

Жел де міне, тал таппай қағынарға,
Сұлап түсті соғылып кәрі жарға.
Қарта ойнайды таласып тас үстінде:
Жарқанат-ой,
Қиял-қаңбақ,
Сары қарға.

Бұл кезде көкжиекте нұр құлаған,
Гүлдер үні өлтірді-ау шырқыраған!
Басын шайқап бал ашар ермен-кемпір,
Шашынан жусан исі бұрқыраған.

Ермен-кемпір бал ашса – талағаны,
Қара жидек – көк тиын санағаны.
Қасында отырса егер татыр-әже,
Шырғанақтан тастай сал садағаны!

Үйеңкіге сәлем бер, (ақын ол да),
Шарабынан бірақ та татып алма.
Күзге айналып ағады арық іші,
Бір шетінен тістелген уақыт-алма…

Мынау баудың жайқалып бау болғалы,
Күз келсе де жатады тар жолдары.
Ғалам үшін Тәңірден сауға сұрар,
Көкке қарай созылып тал қолдары.

Құла белдің шырмалған ну етегі,
Бейтаныс бір дыбыстар гулетеді.
Кеуіп қалған көгалдың орайынан,
Көбелектің руxтары пыр-р-р етеді!

Күннің қызыл ойынан тонғаны ма,
Торғай қонды көңілдің шарбағына?..
Бірін бірі секеңдеп қуалап жүр,
Бағаналар сүйеніп балдағына.

Жетім күшік айырылған енесінен,
Өз бейнесін жалайды тегешінен…
Аңқауым-ай!
Аңтарылып қарап қалар,
Пойыз болып бұлт өтсе төбесінен!

Кеш қарайды.
Кешті де қош көрдік-ай!
Зәу көкте жас қараул — он күндік Ай.
Ертегілік әлемнің бір шетінде,
Адам өтіп барады, о, сұмдық-ай!

Жүрегімде шайқалып аз ғана мұң,
Мен мұндай қойылымға мәз боламын!
…Қыркүйектің шетінде сынып жатыр,
Ойыншығы кешегі жаз-баланың…

Аппақ қарға артылмасын өкпеңіз

Аппақ қарға артылмасын өкпеңіз,
Сары далада қатып жатыр ақ теңіз.
Ақ теңіздің аппақ-аппақ жалдары –
Тоң боп қалған толқындарды сөкпеңіз.

Жасыл мұхит құлайды деп жақында,
Хабаршы боп ұшқындайды көктен із…
Жасыл желкен керілгенде шет жерден,
Жасыл кеме көрінеді көк белден.

Бір цунами басталады жып-жылы,
Таудың суы қайнап жатқан бөктерден.
Мен бір тылсым үміт күтем дегбірсіз,
Жүрегінде сұлулық бар көктемнен!

Бір маусымдық басталғанда ғасыр бір,
Ақ мұхитты ерітеді жасыл нұр.
Байшешек боп мөлдірейді күн ертең,
Көк мұз болып қатып қалған жасым бір…

Жасыл желек – сағынышым тамшыла,
Тәңірімнің әмірімен шашыл бір!
Ох, сонда мен көздің алды мұнартып,
Сүйем нұрды, бар ауаны құмартып!
Қыдырамын көшесінде шаһардың,
Жаурап қалған қос өкпемнен гүл аңқып!..

Сені сүю

Сені сүю – тыныштықпен тілдесу,
Сені сүю – үнсіздікпен үндесу.
Сені сүю – нұр тарату жүрекке,
Сені сүю – қуаныштан мұң кешу!

Сені сүю – шуақ шашу жанардан,
Сені сүю – жұпар жұту самалдан.
Сені сүю — өз өзіңді ұмыту,
Табу бәлкім өз өзіңді жоғалған.

Сені сүю – шық боп тұну күлтеде,
Сені сүю – шоқ боп тұру білтеде.
Сені сүю – бар байлықтан бас тартып,
Суретіңді салып жату күркеде.

Сені сүю – жан алдында ақталу,
Сені сүю – жындануға шақ қалу.
Сені сүю – қасіреттен бақ табу,
Сені сүю – азаптардан шаттану!

Сені сүю – өз өртіңнен жалындау,
Сені сүю – өзге жанды сағынбау.
Сені сүю – мүсініңе бас ұрып
Мүлде басқа құдыретке табынбау!

Сені сүю – періштеге айналу,
Сені сүю – елестерге байлану.
Сені сүю – қауызында гүлдердің,
Дір-дір етіп, көбелекше ойлану!

Сені сүю – ажалымнан құтылу,
Сені сүю – ажарыңнан тұтылу.
Сені сүю – қанатына құстардың,
Үлбіреген қауырсын боп жұтылу!

Сені сүю – мәңгілікке ұмтылу,
Сені сүю – мың жығылып, мың тұру.
Сені сүю – еніп кетіп кірпікке,
Батып кету көздеріңе сұп-сұлу!

Имани көктем

Бүршік ата келсе-дағы көктем-қыз,
Кеуде ішінде ерімейді өктем мұз.
Жаралсақ та ақ нұрынан Алланың,
Көлеңкеге ұқсап неге кеткенбіз?

Бұл көктемнің қанығар ма ем сырына…
Тәнім менің – мұң құйылған құмыра.
Көңілімді тыңдамайды ақылым,
Екеуінде жоқ неліктен ымыра?

Соңына еніп сайтанқұйрық сағымның,
Сансыз мәрте сабырымнан жаңылдым.
Мені Өзіңе жақындатшы, Тәңір-ай,
Көрмесем де, Сені сондай сағындым!

Кіресілі-шығасылы мүлде Есім,
Қалды адыра өз-өзіммен тілдесу.
Табиғатқа қараймын да жылаймын,
Қандай ғажап үйлесім!

Көктем, көктем… өзге көктем!.. жаңа дем…
Жанарымда жаралар ма жаңа әлем!..
Тіпті, жәндік болу да – арман, – зиянсыз,
Жан-дауамды табар ем…

Жоғалтқаным көп секілді жиғаннан,
Қимағаным көп секілді қиғаннан.
Аспанға да қаймығамын қарауға,
Қарашығым нұрланбаған иманнан.

Алсам деймін аппақ нұрдан емделіп,
Кетпесе еді жынмен бірге, мұң да өліп…
Өткен өмір – күнәларым жазылған
Періштенің қолындағы күнделік.

Мұқағалиға

Әлмисақтан дарыған Тәңірімнен,
Мен де Сіздей ауырғам кәрі мұңмен.
Түнектерді жүректен қуалаймын,
Ішімдегі алапат жарығыммен!

Кеш арайлы, жарықсыз таңым бірде,
Мазақтайды көшеден сағым күнде.
Діңім қатты болғанмен өмірімде,
Қаттылыққа көнбейді жаным мүлде.

Періштенің естіліп әні бірде,
Шағылысып тұрады тәні Күнге.
Сізге шашқан өлеңнің ұшқындары,
Қанатында қалыпты әлі күнге.

Өлеңімнің байланып бағы түнге,
Тағдырымның қашалар табы түрде.
Сізге түскен өлеңнің бір парасын,
Сыйлайды екен Тәңірім тағы кімге?

Бағы бірге болғанның соры бірге,
Соры бірге болғанның жолы бірге.
Сізден қалған елестер көз алдымда,
Сізден қалған сезімдер көңілімде…

Айналарын білген соң бары күлге,
Жаңа бүршік бас иер кәрі гүлге…
Сүймесе де бұл өмір өз ақынын,
Ақын оны сүйеді бәрібір де!

Бір шумақ поэма

Көктемнің жұпарлы түндерінен,
Көк белдің сиқырлы гүлдерінен,
Құстардың бақытты үндерінен,
Ғұмырдың жақұтты күндерінен.
Наурызға асыққан ақпанымнан,
Көк таудың ақ көңіл ақ қарынан.
Шаһардың таң алды оттарынан,
Тарихтың балауса шақтарынан.
Нәп-нәзік көбелек қанатынан,
Аспанның ең жұқа қабатынан,
Мамырдың алғашқы сағатынан,
Төзімнің ең соңғы тағатынан,
Өтіп кеткен кешегі бір күнімнен,
Найзағайлы сеңгірдің күркірінен,
Адамзаттың жоғалған бір тілінен,
Әлемдегі сөздердің түр-түрінен,
Мойындағы тамырдың бүлкілінен,
Жанарымды қоршаған кірпігімнен,
Шілдедегі жап-жасыл жапырақтан,
Көлеңкелер созылған атыраптан,
Тәңір мені жаратқан топырақтан,
Саған өлең өріп берейін бе, жаным?!

Жаңбыр

Жапырақтан жылы жасы ыршыған,
Бақылашы мына жаздың жаңбырын.
Тамшыларда дауылдар бар тыншыған,
Дауылдарда — мұхиттардың тағдыры…

Қарашыққа құлағандай жарық бар,
Түкпіріне сүңгіп кетші тамшының.
Тұнып тұрған сол әлемде қалықтап,
Ұшып жүрсін жан-шыбын!

Өз атыңды естігендей нөсерден,
Шығып кетші дуылдаған қауымнан.
Мөлдіреп кеп көшелерге төселген,
Жаратылыс жұмбағын көр жауыннан!

Саған жауын мұңын шағар, сұрасаң,
Тылсымдықтың сырын ашар үңілсең.
Тамшылармен сипалайды жыласаң,
Тысырымен жұбатады түңілсең…

Жігіттің монологы

Тағдыр мені сынады, бағынбадым,
Жаулар маған тап берді, алынбадым.
Жаутаңдауды білмедім, жәбірленсем,
Өзімнен күштілерге жалынбадым.

Іште шерім болса да, ойымда мұң,
Тағдыр мені сынады, мойымадым.
Түнек басса жер бетін, таң боп аттым,
Күн күйдірсе, түн болып жайыламын.

Тағдыр мені сынады, басылмадым,
Түсінбесе өкпем жоқ, қасымдағым.
Мейірімді адамға құрақ ұштым,
Әлсіздерді ешқашан басынбадым.

Тағдыр мені сынады, құламадым,
Өксік қысып тұрса да, жыламадым.
Мені осындай жаратқан Тәңірімнен,
Тек сабыр мен парасат сұрағаным.

Тағдыр мені сынады, үміт көрем,
Бәрін-бәрін ұмыттым, ұмыт дегем.
Мықты болу керек қой ер адамға,
Қасқайып өлу керек жігіт деген!

Кешкі ода

Сенің ернің – пейіштегі гүл сынды,
Демің сенің – сездіреді тылсымды…
Көзің сенің – Ай жұтылған түн сынды,
Сезім неге мөлдіреген мұң сынды?..

Қара шашың – Қара теңіз толқыны,
Қарашығың – мен адасар жол түбі…
Жүрегіңе сезіле ме, тыңдашы,
Сені аңсаған жүрегімнің солқылы?!

Саусақтарың – жапырағы қайыңның,
Қауырсынның сәулелермен ойыны…
Жанарыңда жасырулы мың жұмбақ,
Көзқараста періштенің пайымы…

Қасың сенің – иілген адырнадай,
Сабырың ше? Құламас қабырғадай!
Кірпіктерің өрнек салар құбылған,
Әр өрнекте тығылған Тәңір бардай!

Қыр мұрының – таулардың сілеміндей,
Нұр-ғұмырың – баулардың тілегіндей.
Қарашы әне, майысқан аппақ гүлді,
Дәл өзіңнің нәп-нәзік білегіндей!

Бар өмірің мен үшін – жарық шашқан,
Төбемдегі жайқалған алып Аспан!
Бітсе менің өмірім жер бетінде,
Құстай болып көрінер жаным ұшқан.

Ұшса егер құс-жаным сағым құшқан,
Ұшса ұшар, бесауат сабылыстан.
Кетсем егер, кетермін бұл жалғаннан,
Саған деген өртенген сағыныштан!

Соған…

Мен сенің әлеміңе енбедім,
Сен көрмедің алапатты мендегі.
Ләйлі болып мұңданбассың сен де бір,
Мәжнүн болып жынданбаспын мен де бір.

Екеумізсіз жылап отыр жас бақыт,
Екеумізсіз өтіп жатыр бос уақыт.
Құрбыларың білмей кетер мен жайлы,
Өзің жайлы айта алмаймын досқа түк.

А, дүние!
Сендей жарды бермеген,
Дәл мен сынды өтіп кетер шерменде.
Саған ғана арналатын ішімде,
Жүрегімді іліп қойдым көрмемде!

Бұл өмірден сен де өтесің, мен де өтем,
/Кімге барып бұл сезімді емдетем?/
Көкке қара!
Тамшылаған жаңбырмен,
Өлең жолын нөсер қылып селдетем.

Апармады неге саған жол бұрын?
Көрмей енді өтем бе екен жан нұрын.
Бар амалым өлең жазу ендігі,
Селк етпейді оған да бірақ тағдырым…

Сенсіз өткен өмір енді тұл-ғұмыр,
Тоқтап қалған сияқты ма жер жұмыр…
Шыр айналып кетсін мына дүние,
Жалт қарашы енді бір!!!

Түнгі элегия

Түн іші. Күңгірт бөлме. Елеспіз біз.
Бұл әлемге келген де емеспіз біз.
Қиялымыз шайырдың о, дүниелік,
Қабірінде билеген көмескі күз……

Біз екеуміз ешқашан тумағанбыз,
Тәтті сәтті Тәңірден сұрағанбыз.
Онда неге бөлмеде құшақтасып,
Тірі жандай шынымен жылағанбыз?

Біз екеуміз ешқашан жолықпадық,
Жолықпадық, неліктен соны ұқпадық?
Күңгірт бөлме ішінде қауырсындай,
Нәзік күйге елітіп, қалықтадық…

Балауыз шам түбіне тағы да біз,
Көлеңке боп құлармыз, шағыламыз.
Бұл жалғанға келмесек, неге біздер,
Бірімізді біріміз сағынамыз?..

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!