ӘдебиетТаным

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады…

Ана туралы өлеңдер

«Ана» — осы сөзді естігенде-ақ бойыңды бір жылылық баурап алатын тәрізді. Balbal сайты қазақ ақындарының ана туралы өлеңдерін топтастырып, назарларыңызға ұсынады. Бұл өлеңдерді оқи отырып, әркім өз анасын еске түсіретіні анық.


Мағжан Жұмабаев, «Түн ортасы»

Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошынып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай…
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады.


Мұқағали Мақатаев, «Шеше, сен бақыттысың!»

Шеше!
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Шеше!
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдан иілген бесігімді…


Қадыр Мырза Әли, «Ана»

Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.

Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді.
Отанымның өзі сенен басталып,
Жауларыма жеткен жерден бітеді.


Нұрлан Оразалин, «Бастама»

Мен жоқта желменен сырласпа,
Жүрегім желді күн жылаған.
Жазбақ боп тумысы жыр басқа,
Жаза алмай жастыққа құлағам.

Айтатын арман көп әлі де,
Сен жайлы бұл жырым — бастама;
Бастама сөзімнің бәрі де,
Басылар күні ертең баспаға.

Айтамын бір сөзді қиылып:
«Жанымда сен еккен жаз қалсын.
О, Ана! Кеудемнің күйін ұқ,
Сол күймен жүректер маздансын!..»

Сол күймен саналар оянсын,
Толқысын аппақ Ай төбемде;
Омырау жаспенен боялсын,
Тіл бітсін қарағай, еменге.

Мен жоқта желменен сырласпа,
Мен саған желсіз де жетемін.
Жазылар көп әлі жыр басқа,
Тербетер тауымның шетенін.
Мен саған желсіз де жетемін.


Ұлықбек Есдәулет, «Анама» 

Тағдырдан жапа шеккенде,
Мұң шағып саған келмедім.
Салым бір суға кеткенде,
Мейіріміңе шөлдедім.

Бағаңды жүрмін сезініп,
Күн-Анам менің, Ай-Анам.
Өзіңді ойлап көз іліп,
Өзіңді көріп оянам.

Тағы да, міне, күз келді,
Отырсың ба, Анам, күрсініп
Алыстатты ғой біздерді,
Күйбеңі бітпес тіршілік.

Құс болып ұшып келмедім,
Шыға алмай қапас қаладан,
Шөлдедім қатты, шөлдедім,
Мейіріміңе, жан Анам.

Сағындым, төзім таусылды,
Бұлаңдап өскен балаң ем.
«Құлыным» деген даусыңды,
Қайталаса екен бар әлем.

«Жақсы өлім» деп жатыр ел,
Өлім жақсы бола ма?
Алтын төлеп, ақы бер,
Кім жүгірер молаға?

Әке, сені ойласам,
Жас толады көзіме.
Өкінемін қай-қашан,
Ет-жүрегім езіле.

Еске түсе бересің,
Қадіріңді сездіріп,
Көз алдымда — елесің,
Кеткендейсің көз қылып.

Кыстығам да, булығып,
Құс төсекке құлаймын.
Жастығымды су қылып,
Жалғыз жатып жылаймын.

«Арманы жоқ» десіп ел,
Ардақ тұтып жатса да,
Көңіл қалай көсілер,
Арманда өтер патша да.

Жетім қалып бір жаста,
Жалғыздықты көп көрдің,
Жетерліктей бір басқа
Жаһаннамды өткердің.

Қаршадайдан қан кештің,
От пен суды ес қылып,
Көрмедің-ау, жанкештім,
Бұл жалғаннан еш қызық.

Көп керек игі қазаққа,
Оң болса деп сұраймын,
Тым болмаса о жақта
Көзі саған құдайдың!..


Қалқаман Сарин, «Анашым»

Асыл ана! Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің неге еңселі?
Мен білсем, саған деген сағыныштың,
Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.

Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,
Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.

Не таптым, белден кетіп бетегелі?!
Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.
Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,
Он жылдық білімім де жетер еді.

Дүние шыр айналып шарайнадай,
Жолыма қала бердің қарай-қарай.
Қайырымсыз қалаға, мейірімді,
Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!

Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,
Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.
Ардақтап арнамасам саған өлең,
Адыра қалатындай ақындығым.

Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?
Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.
…Тарылған көшелері тас қаладан,
Тарыдай бір мейірім таппағанда,
Сені сағынып кетем, анашым!


Ақберен Елгезек, «Мама»

Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағына бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп.

Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп.

Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама!

Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.

Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.

Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің – шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең.

Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ.

Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..!


Ерлан Жүніс, «Ана жайлы ең жақсы сөз…»

«Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?» деді,

Ана жайлы…
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.

Ана жайлы — қара жердің төзгені,
Ана жайлы — уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.

Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты,
Тауды,
Көлді,
Ай сəулесін,
Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.

Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!

Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткенмен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені —
Ана жайлы айтқан сөзі болады.

Ана жайлы — кең дүние — бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім.
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде —
Ұлым, сенің есімің!..


Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close