Әдебиет

Бақыт Беделхан: Жүрегiме кiр жасырғым келмейдi

Бақыт Беделханның өлеңдері

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Кең дүние», «Көкемарал», «Уақыттың жүрегі» жыр кітаптарының авторы, қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік ерекше қолтаңбасы бар ақын Бақыт Беделханның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.


Қарындасқа

Ауылдан Алматыға кеше келген,
Ізетті қыз екенсің шеше көрген.
Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың,
Сүрінеді екенсің неше жерден?

Аңқылдаған көңіліңнен айналайын,
Бүлінеді екенсің неше жерден?
Кешір, қалқам, мен емес сұр мергенің,
Ашуланба, бұлданба, сыр бермегін.

Өрмек тоқып отырған мыстан-қала
Баяғыда-ақ сап қойған сүрлеулерін,
Дайындап суық қолды сұр мергенін.
Сонда да жұмақ болсын жүрген жерің.

Әп-әдемі, аяулы, арлы көзің
Жасырмай тұрады екен бар мінезін.
Бұл қаланың толқыны кейде, тіпті,
Жарға итере салады нардың өзін…

Алматыға ауылдан кеше келген,
Ізетті қыз екенсің шеше көрген.
Сүрінбеймін десең де неше жерден,
Бүлінбеймін десең де неше жерден,
Қала деген сондай ғой, жетегіне ап,
Жолмен емес, жүргізер көшелермен.

Мен бір жүрген ағаңмын ақ жол тілер,
Ал, қалғанын көрерсің пешенеңнен!..


Ана

«Ана, сен.., жыламағын…»
Бесігімде-ақ шырқадың жұмақ-əнін.
Сол əн мəңгі кеудемде ұялайды
Көкірегімнен шыққанша бұла жаным.

Бұла жаным бұлқынған бесігінде-ақ,
Бесігінде бұлқынса, несі жұмбақ?
Мынау аңғал дүниенің мен сол кезде-ақ,
Алғанмын ақылы мен есін ұрлап.

Жұмақ-əнің айтылса, ана, сенің,
Тау тербеліп, тарқатқан дала шерін.
Сол əніңе айналып кетсін деуші ем,
Қаптатса да қайғы, мұң қара селін.

Бұл күнде əн естісем мейірімсіз,
Ессіз ғана жымиям, кейіп үнсіз.
Айналам тарылғандай тарығамын,
Ана, сенің аспандай пейіліңсіз.

Аспан маған қарайтын мейірлене,
Жер де жөргек болатын, бейілдене.
Аспан мен жер арасы алай-дүлей
Аласапыран боп кетті кейін неге?

Шандырланған шарбы-бұлт торлап алып,
Бақ екен — деп, басымды сорға малып,
Етегіңде, жүргендей жетегіңде
Кей кездері құлаймын орға барып.

Түсінбедім, ол жағын ұға алмадым.
Адаммын ғой, адаспас тұманда кім?
…Қара дауыл тұрса да қайта жанар
Жалпылдап барып сенің шырағданың.

Шуақ берер, қайда екен баяғы əнің?
Сол еді – менің жұмақ-саябағым.
Кей кезде шаршап кетем.., аңсап кетем
Əлдилеп əлдекімнің аялауын.

…Бір барғанда қолыңа таяқ апсың,
Таяғыңды баладай аялапсың.
Өзек талып, өзгені өбектеумен
Өзіңді өзің анашым, аямапсың.

Ана, сен.., жабықпағын..!
Атады алда талай жарық таңың.
Алғысыңа сыйдырып «адам бол!» деп
Бар еді ғой қасиет дарытқаның.

«Балуан жеңгей» атанып қайныларға,
Қанжығаңда болмады қайбір олжа?!
Қартайсаң да қайырылмай қайрат қылғын,
Қажымағын, уайым мен қайғыдан да.

Біз барда туыңды ешкім жыға алмайды,
Көлкілдеген сейілер тұман-қайғы.
Əлі талай көзіңнен мұнар көшіп,
Əлі талай көңіліңнен күн аунайды.

Шетке кетіп қалғанмен шекер қыздар,
Деуші едік-ау, үй болар жетеуміз бар.
Жоқ іздеумен қос ұлың кеткенімен,
Біздер барда арқаңнан өтер ме ызғар?!

Отан — Ана… Мен үшін Анам — Отан!
Сол отанға көңілімді паналатам!
Барлық ана бақытты болса екен деп,
Қара түнді қақ тіліп бара жатам…


***

Досым бар ма, бiлмеймiн, жауым бар ма?
Тамырымнан бүгiлем дауылдарда.
Бауырымды жегiзiп “ит пен құсқа”,
Ақыл айтсам, сосын кеп, бауырларға.

Қырам дей ме, бiреулер жоям дей ме?
Киiп алып үстiнен Ноян-жейде.
…өз үйiмдi таба алмай жүрсем-дағы
Адасқанға жөн сiлтеп қоям кейде.

…Ұмытпайтын нәрсенi ұмыт қылам,
Қалыңдайды содан соң күдiк-тұман.
Күдiк-тұман iшiнде келе жатып,
Бiрдеңенi бiлгiшсiп былықтырам.

“Өмiр деген өксiк қой!…” деймiн кейде,
“Өксiп жүрiп өстiк қой!…” деймiн кейде.
Сорға мiнем, солқылдап жолда жүрем
Соған менiң көңiлiм меймiлдей ме?..

Ай мен күннiң бәрiбiр шуағын құй,
Жетiм бұзау секiлдi мына бiр күй:
Жан өрбiткен жарымды сағынсам да
Үйден гөрi түздi аңсап тұрам ылғи.

Басым таз боп қалардай бақтан кiлең,
Азаппенен қарсы алам ақ таңды мен.
Көңiлiмнiң қайғысын өзiм iшiп,
Қуанышын бiреуге сақтап жүрем.

…Бiлiп тұрып iстеймiн барлығын да,
Мiнезiм бе,
Бiлмеймiн,
Тағдырым ба?
Әкел, досым, тартайық “ащы балдан”
Қосып iшкен тәттi ғой зарды мұңға.


Құс болу да қиын боп тұр

Бір-ақ күнде бақ та жайнар, сор қайнар.
Бір-ақ күнде жөнсіз сөзің — жол байлар.
Дəн теріп жүр жапасынан сиырдың,
Біздер, əлгі… бұлбұл дейтін торғайлар…

Қатар сүйіп аялар деп көк пен жер,
Пенделер-ай, тым асқақтап кетпеңдер.
Адал ғой деп аялайтын біз, əлгі..,
Күресінде күркілдеп жүр кептерлер…

Көшке ілесіп, шаппасаң да желе біл.
Көңіл көркі бола алмаса, не өмір?
Көл шарасын шайқап төккен шағала
Қора артында қоразданып неге жүр?

Ұшса, қонса бірге қанат қағатын.
Махаббаттан — нұрдан ләззат табатын.
Айдынында — Ай мүсінді аққу құс,
Ол да мұңға малып отыр қанатын.

Құс патшасы киелі еді, тұмарлы,
Шыңнан биік шырқайтұғын шынарлы.
Бір миғұла ит жеместі жегізіп,
Торға қамап, ұстап отыр қыранды…

Қолдан қолға ұшыратын сеңсең бел,
Айыр құйрық құсым да жоқ, сенсеңдер.
Бұл күндері кемпір-шал да кеміді
Қарлығашым, келдің бе? — деп кемсеңдер…

Адамдардың ішін кеулеп аласы,
Дүниенің ардан артып бағасы.
Жүректерден жылу кеткен заманда,
Құс болу да қиын боп тұр, шамасы…

Сен, адам бол! — дейсің…


***

Бұ дүниенің сахнасында
Құдай қойған драмадай күрделі,
Тағдырым бар мүлде бөлек сүрлеуі.
Кісендеулі жүрегіме қарамай,
Мен сүйемін «өмір» дейтін түрмені!

Жоқ, әлде, бұл — ордасы ма, обалдың?
Сауға сұрар сауап болып тоналдым…
Қоңыр далам қолын маған созғанда
Қара аспанның қан жұлдызы боп алдым!..

Жұлдыздың да уағы келер ағатын.
Қара түннің көз жасы боп таматын.
Сипатпаған сайтан менен періге
Не болады жанға бітсе қанатым?


***

Қарғам-ау, себеп көп-ті мына өмірде,
Себепсіз жүре алмайсың біреуің де.
Бағың жүр.., жақсылардың жүрегінде,
Сорың жүр.., жамандардың тілеуінде.

Бәрі бір, бақ па сор ма қай-қайсысы
Жалдап жүрген жаныңның айғайшысы.
Күреңін мінгізсе де Күндей кісі,
Ақбозын мінгізсе де Айдай кісі…

Жетпейді Өгізіңе өзің мінген,
Өзің мінген Өгізге сөзің жүрген.
Қайтесің кісінікін кісінетіп,
Өз ғұмырың… басқадан безін, мүлдем!

Мені де дедектетті мына тағдыр,
Жылатып, өзімді өзім жұбатам құр.
Сұратып менде жоқты, желеу етіп,
Жетім өкпе көңілімді құлатар бір…

Білмеймін, не десе де мына жазған,
(Қашанда білем, білем, шыдам озған)
Мен қалай шат күлкіні өшіре алам,
Десе де, …ұрланып кеп ұра қазған.

Қарғам-ау, не боп кетті мына жолым?
Мына жол көрсетпей тұр құба жонын.
Өтпейді-ау, өкініштің өтпелеңі,
Жетпейді-ау, шын бақытқа сірә, қолым!..

Сонда да бұл — сиқырдың сыры мұң ғой,
Сол мұңға батқан менің шырылым ғой.
Бірақ мен бақытсызбын дей алмаймын
Өйткені, Ол — менің ғана ғұмырым ғой..!


Жүрегiме кiр жасырғым келмейдi

Ойдан басқа серiгiм жоқ. Сенделгем.
Түсiмде де ойлар маза бермейдi…
Жұмыр жерден сыр жасырғым келгенмен,
Жүрегiме кiр жасырғым келмейдi.

Жазығы жоқ махаббатты жылаттым,
Дәргейiңнен дәрмен күттiм дауалым.
Жанарында жасырынған сұрақтың
Таба алмадым жауабын.

Көз жасымен жұлдыздарды көктеттiм,
Жүрегiмнiң қайғысынан нұр аулап.
Қара түннiң қабырғасы боп кеттiм,
Таңсәрiде күрсiнетiн бiр аунап.


***

…Кісі таңдап араласу – сән болды,
Жоқтың жолы – кеседі деп бар қолды.
Ол қырттарға өкпе де артпай, наз да артпай,
Тамашалап жүріп келем тар жолды.

Сол тар жолда жүре берем көңіл кең,
Жүрегім де кем емес еш төріңнен.
Өкінбеймін дәл осылай жүріп- ақ,
Өз еншімді адал алсам өмірден.

Байшыкеш пен бишікешті жағалап,
Бірін алдап, бірін арбап, паналап.
Бір пендең жүр тиын санап, тіл безеп,
Ақынмен дос болған күнін қаралап.

…Кісі таңдап араласу – сән болды.
Сол арқылы найқалтам деп нән жолды.
Олар түбі жұмақты да саудалар,
Сол арқылы кеңіте алса тар көрді.

Өз басынан асыра алмай тілегін,
Ақша іздеп жүр… біреу ұстап жүрегін.
Ал мен болсам, сол ақшаның орнына
Ақыл сұрар адам іздеп жүремін.
Адам іздеп жүре, жүре…
Жүрермін!


Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close