Әдебиет

Бейбіт Сарыбай. Қара ағаш

Мектептің қасындағы қара ағаш,
Қара көзіңдей қарарас.
(Маралтай).

Біздің ауылда тарлау бір көшеде жалғыз өсіп тұратын қара ағаш болған.

Мүмкін, ол бәйтерек шығар, әлде тарихқа бай терек шығар, әйтеуір, мен үшін қара ағаш еді. Кәрілігінен болар, жаз айларында аз ғана уақытқа жайқалатын да қайтадан қалпына келетін. Жұқалтаң жапырақтарының ғұмыры қысқа-тын. Селдір бұтақтары да қап-қара еді. Бірақ, осы қара ағашқа біраз қыз–жігіттер басқа көзқараспен қарайтын. Өйткені ол басқа тал-теректей елеусіз емес еді. Қасынан өткен әрбір адам әлденені есіне алатын. Бір жерінде құпия сыр жатқандай қарайтын. Қысқасы, жанарларға жылы ұшырап тұратын. Осы қара ағашқа қатысы барлар оның өздеріне деген ыстықтығын сезінуші еді. Көбіне-көп жастар.

Бала күнімде көршінің менен үш-төрт жас үлкен қызы болған. Сол қызға әдемі бір жігіт келіп жүретін. Екеуі қол ұстасып кетіп бара жататын. Қыз бен жігіттің қол ұстасқанын қызық көретін мен және менің қатарластарым олардың артынан аңдитын едік. Қоршау-қоршаудың ішімен баяу басып жүріп, қара ағаштың айналасындағы тасаларға тығылатынбыз. Бұл – біз үшін қиын да қызықты һәм ауырлау операция еді. Бәріміз де көрініп қалмауға тырысатынбыз. Тек әр жерлерден қылтиған бастар ғана көрінетін. Жаңағы біздің нысанамыздағы қыз бен жігіт қара ағаштың түбіне келіп аялдайтын. Өздеріне ғана белгілі ұзақ-сонар әңгімелер айтатын. Біз естімей тыңдайтынбыз. Бізге күбірлегендері мен күлгендері ғана еміс-еміс естілетін. Бірақ, анық ештеме де ести алмаймыз. Сонда да жалықпаймыз. Үнсіз мүлги түсеміз. Себебі, әрқайсымыз ішімізден бір нәрсе күтетінбіз. Тағатсыз күтетінбіз. Не күтетінімізді бір-бірімізге айтпаймыз. Және оны бәріміз де білетін едік. Бірақ, біз асыққанымызбен, жігіт мүлдем асықпайтын. Әлден кейін қызды ақырын құшақтайтын. Өңкей бір балалар делебеміз қозып, алақанымызды ысып-ысып қоямыз.
– Бастайды, қазір…, – дейтін еді қасымдағы біреуі жымың етіп.
– Нені?.. – деймін мен біле тұра білмей. Ол болса:
– Нені болушы еді… кинодағыдайды,.. – дейді сол жақтан көзін алмаған күйі. Бірақ, ол екеуі түкті де бастамайтын. Аяқтарын асықпай басып, үйлеріне қарай аяңдайтын. Біз үсті-басымызды қағып тұрып жігітті жеті атасынан боқтайтынбыз.
– Шіркін, оның орнында мен болсам ғой…– дейтін еді бірі ойынан хабар беріп. Оның орнында болса, батырымыздың не істейтінін бәріміз білеміз. Себебі, бәріміз де сол ойдамыз. Анау әдеміше қызды қатты құшақтап алып, кинодағыдай сүймекпіз. Міне, дүниенің қызығы. Бәріміздің кенеземіз кеуіп, аузымыздың суы құрып аңсағанымыз осы.
Өзіміз сүймесек те сүюге жағдайы бар жаңағы жігіттің сүйгенін қалаймыз. Соның өзі ләззат сияқты. Бірақ, ол да тегі…
Осы әдетімізбен талай күніміз өтті. Біз есейдік. Бозбалалыққа енді ғана аяқ басқан жеткіншектердің алғашқы қызығушылығын оятқан, тіпті солардың ұғымында Қозы мен Баяндай болып, мәңгі бірге ғұмыр кешетіндей көрінген ол екеуі де екі бөлініп кеткен… Жігітіміз күндердің күнінде басқа бір қызға үйленді. Ал, қызымыз Алматыда алаңсыз оқуын жалғастыра берді. Екеуінің арасында не болды, неге ренжісті, ол жағы бізге белгісіз. Білуге құштарланбадық та.

***

Нәйлә екеуміз қараңғы түнде алаңсыз ұзақ қыдырдық. Әдемі әңгімелеріміз де көп айтылды. Сырымыз да таусылар емес. Аппақ қарды аяусыз кешіп келеміз. Түн рахатын бөлісіп, үнсіз өбісіп те қоямыз. Ешкім бара бермейтін тарлау бір көшеге бұрылдық. Әудем жердегі теректі көрсетіп:
– Ана бір қара ағаштың астында тұрайықшы. Әйтпесе, мына қар екеумізді басып қалар, – деді ол. Біз жапалақтап жауған қар түйіршектерінен тасаланбақ болып қара ағашты паналадық. Ол менің әңгімелерімді тыңдап тұрып өзі де әлденелерді сөз қылып кетті. Ойында ештеңе жоқ, жаны таза. Ал мен болсам, сонау бала кезіміздегі кіршіксіз елестерге еріп кеттім.
…Ол екеуі де дәл осы жерде тұратын еді. Біз болсақ анау жерде тығылып жататынбыз. Бір кездегі сол екеуіндей Нәйлә екеуміз де ұзақ сонар әңгіме айтып тұрмыз. Бірақ, бізді аңдып жатқан бір кездегі өзіміздей балалар көрінбейді. Олар неге аңдымайды екен? Бәлкім бұлар үшін бұндай жағдайлар қызықсыз шығар. Бұл күнгінің балаларын компьютер ерте есейтіп жіберді ғой. Біздер үшін керемет еді. Уақыт-ай десеңші. Кеше ғана еді ғой. Анау жерде жатып алып, осында тұрған жігітті «ынжық» деп кекеткеніміз. Сонда мен: «Қазақтар сүйісуші ме еді. Егер, олар сүйіссе қазақ болмай қалады ғой. Кинодағы адамдар ғана сүйіседі ғой» деп ойлаушы едім. Міне, енді сол сүйістің де қазаққа жат еместігін толық түсінген кез де келді. Әсіресе, достарыма қосылып: «шіркін, сенің орныңда болсам ғой…» деген ышқынысым есіме түскенде өзімді-өзім ұстай алмай күліп жібердім. Нәйлә аң-таң.
– Не болды ? – дейді.
– Түк те болған жоқ, – дедім. Оның білгісі келгенімен, мен айтпай қойдым.
– Жәйдан жәй сау адам күледі ме ? – деді.
– Онда жындымын, – дедім.
– Қойшы! Мен сенен адам құсап сұрап тұрмын. Сен болсаң қылжақ қыласың, – деп өкпелей қалды.
Мен оған амалсыздан айтпақ болдым. Осы теректің түбіне күнбе-күн түн сайын қыз бен жігіттің келіп тұратынын, біздің оларды аңдитынымызды, бүгінгі тұрған екеумізді бір кездегі біз сияқты балалар неге аңдымайды екен деп ойлағанымды, тезірек сүйіссе екен деп жатқанымызда екеуінің түкті де тындырмай үйлеріне кетіп қалатынын, жігітті «ынжық» деп боқтайтынымызды, бәрін-бәрін айтып бердім. Ол қызыға тыңдады. Бәрін айта келіп:
 «Шіркін, сенің орныңда мен болсам ғой» деуші едім. Енді сол жігіттің орнында тұрмын, – дедім күліп. Ол болса :
– Сені де біреулер боқтап тұрмасын. Не қарап тұрсың, кел енді, – деді әзілдей күліп. Мен оны құшағыма қысып, ұзақ сүйдім. Әзілі қандай әдемі. Ұяңдау және шынайы.
Ол әлден уақытта:
– Арманың орындалды ма? – деді.
Мен оған:
– Оны менен емес, аңдып жатқан батырлардан сұра, – дедім. Екеуіміз қосарлана күлдік.
– Бірақ, бізді ешкім де аңдып жатқан жоқ қой, – дейді.
– Мейлі. Әйтеуір, мен өз рөлімді толық орындадым. Аңдымаса өздері білсін, – дедім.
– Екеуіміз сол екеуінің жолын қуыптық қой. Осы теректің бұрынғы қожайындары үйленіп пе еді?
– Жоқ, екеуіміздің өз жолымыз бар. Олардың жолымен жүрмейміз.
– Неге? Сен оларға қызығып өспеп пе едің?
– Иә, бірақ…
– Не бірақ?
– Ол екеуі ренжісіп кеткен. Олардың жолын бермесін. Менің сенімен ренжіскім келмейді. Осы теректің жанынан кетейікші, – дедім сөзімді аяқтауға демім жетпей аптығып. Бойымды үрей билеп, әлденеден күдіктеніп, мазам кетті.
– Теректің не қатысы бар? – деп ол маған үнсіз ерді.
– Қардың астында жүрген жақсы ғой, бір орында тұра бергенше, – деп алдай салдым.

***

Арада тағы да жылдар өткен. Көшеден өтіп бара жатып баяғы сол қара ағашқа кезіктім. «Одан бері де екі жыл болыпты-ау» дедім күбірлеп. Бойымды сағыныш па, әлде мұң ба, біртүрлі жылы сезім кернеді.
Ауылды сағынып-ақ қалыппын. Алматыда жүргенде анда–санда қара ағашты есіме алып қоюшы ем. Енді, міне, жаныңда тұрмын. Екі жыл бұрын Нәйлә екеуміз осы қара ағаштың түбінде тұрып едік. Сол кезде әлденеден секемденгендей ме едім? «Оған қара ағаштың не қатысы бар?» деп еді ол. Мен «Олардың жолын бермесін» деген едім.
Кара ағаш… Ұзындығы бір құлаштай ғана боларлық түбіртегі қалыпты. Кесіп тастаған екен. Отындыққа керек болған ғой.
Е–е… Сөйтіп қара ағаш та жанып кетті де. Біраз уақыт үнсіз тұрдым. Қайдағылар есіме түсіп, көңілім құлазыды.
«Нәйлә қазір қайда жүр екен? Сенімен ренжіскім келмейді демеп пе едім? Амал не?… Хош, қара ағаш! Бақытты бол, Нәйлә…»
Артыма қарай-қарай қара ағаштан алыстап бара жаттым. Ол да үнсіз қоштасып тұрғандай…
Бір күні бала күнімде аңдып жүретін көршінің қызымен кездесіп қалдым. Біраз әңгімелестік. Әңгіме арасында:
– Бұрын сендерді аңдушы едік. Қара ағаштың түбінде түрушы едіңдер ғой, – дедім.
– Кесіп тастапты ғой оны, – дегенде, мен шынымен таң қалдым. Ауылға барғанда оны бұл да көрген екен. Бұл да мен сияқты қимастықпен қараған екен. Ұмытып кеткен шығар десем. Қара ағаш бұған да ыстық болғаны ғой. Түсіндім…
«Менің жасыммен шамалас,
Құрбым едің ғой – қара қас.
Қамығып қалған жоқ па екен?
Қасынан өтсең сипай сал,
Менің шашымдай… Қара ағаш! – деп көсіліпті Маралтай ақын. Осы ақынның да өзінің қара ағашы болған сияқты.
Нәйлә, сен де сөйт! Касынан өтсең, қара ағашты сипай сал. Қамығып қалмасын…

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close