Біліп жүр

Желтоқсан оқиғасы туралы өлеңдер

Желтоқсан желі ызғарарлы...

Қазақ халқы үшін 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасының» орны ерекше. Бұл көтеріліс – ұлт тарихында болған ақтаңдақтардың бірегейі. Талай боздақтарды арамыздан ерте алып кеткен қанды желтоқсанға арналған өлең-жырдың көптігі де оның қасиетін айқындап тұрғандай.

«Желтоқсан алаңы», Мұхтар Шаханов 

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тiтiркенiп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып, күзге айналған көктемдер…
Алаң шетiн қоршап тұрған шыршаларға ала көк,
Жас бүлдiршiн, сезiмiңдi жанар етiп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейдi қара бет,
Қара беттiң көбi бүгiн дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдiршiн, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңiсi мен жеңiлiсiн санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал бiреулер намысы жоқ, жiгер, қауқар, қары жоқ
Кемсiтпекшi “желтоқсанның жалаң аяқтары” деп.
Жоқ!!! Кешегi сын сағатта көкiрегiнде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттiң ары боп,
Дәуiрiнiң тауығына шашылмаған тары боп.
Тiрлiктегi әр iсiңнiң жаңғырығы болады,
Бұл табиғи жасырын заң өзгерiссiз қалады,
Сол заңға сай сенi бақыт не сор iздеп табады.
…Дүниенi дүр сiлкiнткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкiм, ешкiм бүркей алмас.
Оны да еске салады,
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.


«Жадымда қалған – Желтоқсан…», Ықылас Ожайұлы 

Жуғанмен жылдар жылысы мұздағы қанды,
Қыздарымыздың көзінде мұз қалды.
Бойымды қарытып соғатын желтоқсан желі,
Жүрегімді тағы бір сыздатып алды.
Толқындар талай соғады жағаны ұрып,
Кетпейді өткен оқиға таралып ұмыт.
Бодауын үзбек ботадай бұлқынған сонда,
Түсіме кейде кіреді жаралы жігіт.
Өмірден мынау келемін аласымды алып,
Түскенде сонау есіңе қаласың налып.
Қыршын қыздардың көзімде елесі тұрар,
Отырғандары баланың баласын бағып.
Топ жарып шығар, ал бірі шаруасына нық
Қызғанда аз-кем досымен дауласып анық.
Жүретін еді-ау жігіттер болғанда есен,
Жорғасын мініп, қолына қауғасын алып.
Мұз тоңған қайта көздері ашылды бұлақ,
Өкінішті күннің өкпесі басылды бірақ.
Жаңа алаңдағы ескерткіш жадымды қозғап,
Алдына келіп бас идім жасымды бұлап…
Тас мүсін қашау, әрине ғасырға мұра,
Бұл елдіктің құрметі асылдарына.
Кептерлерге дән сеуіп шапқылап жүрген,
Бақытты болсын балғындар, қасымда мына!


Қайрат Рысқұлбековтың анасының жоқтау 

Елім, елім, елім деп,
Ар-намысын сақтаған.
Бұйырғанда өлімге,
Кірпігін де қақпаған.
Батыр бабаң Бауыржан,
Қолдады ма, қарағым,
Желтоқсанның шыдадың
Толғағына, қарағым.
Арман, арман, арман көп,
Айтылар теңеу қалған жоқ,
Қысқа ғұмыр сүрсең де,
Таң қалдырған қарағым!
Алатауға абиыр,
Алып берген қарағым!
Ерлік жолын халқыңа,
Салып берген қарағым!
Мамық болсын қара жер,
Жатқан жерің жарық боп,
Бақұл бол, бақұл әй, көкем,
Тәубе, тәубе, тәубе етем!


Сабира Мұхамеджанованың анасының жоқтауы 

Қазаққа да еркіндік
Тиетін күн бар ма екен?!
Өтеміз бе, қарағым,
Еркіндікке жарымай.
Өжет едің, өткір ең
Жалтақтығың жоқ білем.
Көз жасым мынау парлаған,
Даусым ащы сарнаған,
«Аман қыл!», − деп ел-жұртты,
Тәңірден медет сұрайын,
Айналайын, Құдайым,
Тыныштық бер еліме,
Ғұмыр бергін жасыма,
Енді қайғы төндірме
Қартайғанда басыма!

Ләззат Асанованың анасының жоқтауы 
Желтоқсанның анаға,
Ызғары көп, қарағым!
Намыстан өлген қазақтың
Қыздары көп, қарағым!
Бота көзің боталап,
Қиянаттан қаталап,
Дәл он алты жасыңда,
Жан адам жоқ қасыңда.
Қыршыныңнан қиылдың,
Қара жерге бұйырдың.
Заманыңа қақайып,
Қарсы тұрған, боташым.
Алтын сақа асықтай,
Алшы түскен, қарағым!
Дәл өзіңдей қыз тапқан,
Мен де арман бар ма екен,
Қайтейін, Құдай, қайтейін?!


Ербол Сыпатаевтың анасының жоқтауы 

Батыр атаң Әтікей,
Батыр бабаң Нұржеке ер.
Қара бұлттай түйіліп,
Сары бүркіттей шүйіліп,
Сары жебедей ысқырып,
Дұшпанға қан құстырып,
Тұлпар мініп шайқалып,
Жаудың бетін қайтарып,
Қара нардай қайыспай,
Соққыдан белі майыспай,
Көңдей илеп дұшпанын,
Тілгілеген қайыстай.
Бабасына ұқсаған,
Айналайын Ерболым!
Баба аруағы демеген,
Ер боп туған енеден.
Алтын баулы ақсұңқар,
Биік тұғыр болмаса,
Аласа астаудан жем жемеген.
Жас болса да бас болып,
Батырға басын теңеген,
Айналайын, құлыным!

«Желтоқсаның келді», Есенғали Раушанов 

Қар астында қамығады кең ғалам,
Көк мұз, тайғақ жол көрем.
Желтоқсаның келді дейсің сен маған,
Менікі емес ол деген.

Менікі емес деймін іштей жеркеніп,
Қалай сізді сендірем?
Мен едім ғой бірінші өпкен өртеніп,
Оның суық ернінен.

Тартып алып кетті кенет Албасты,
Қарамады қайрылып.
Жеңісім ед, жемісім ед алғашқы,
Қала бердім айрылып.

Ал Албасты мақсатына жетті де,
Малғұндарға сыйлады.
Сол бір қыста жалт ойнады көк тіле,
Аспан жасын тыймады.

Малғұннан соң Шайтан басты бауырына,
Сүйді ернінен төніп бір.
Қақ айрылмай айрылғырдың тауы мына,
Соның бәрін көріп тұр.

Тарс жарылмай жарылғырдың жүрегі,
Бүлкілдеуін қарашы.
Керек болса қайтып ал деп күледі,
Жын-шайтанның баласы.

Қар астында қамығады кең ғалам,
Көк мұз, тайғақ жол көрем.
Желтоқсаның келді дейді ел маған,
Менікі емес ол деген.


«Қан мен қар», Талғат Ешенұлы 

Қан мен қардан жаралған осы бір ай.
Қан мен қардан жаралған осы бір ай.
Қанмен қарға жазылған естеліктер,
Жүрегімді шабақтап осуын-ай.

Жасыл шырша, көк жалау — қуанардай
Себеп бар ғой. Көңілімнен күмән аумай,
Осы айда бір әрі-сәрі күйге түсем,
Адам құсап күле алмай, жылай алмай.

Күнтізбенің тор көзді парағынан
Желтоқсанда жас парлап, ағады қан.
Түтеп боран далада, жауады қар,
Осы айдың бір қазаққа зауалы бар.

Маған жат боп барады осы бір ай,
Шәрбат пен уын қатар тосып ұдай.
Желтоқсанның желіндей алағызып,
Мына үркек көңілдің шошуын-ай!..


Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!