Таным

Флэтлей немесе инстаграмдағы әдемі фото әлемі

Флэтлей фото инстаграмыңызды көркейте түседі

Флэтлей деп инстаграмдағы бояуы қанық, көзге ерекше түсетін әдемі фотоларды түсірудің заманауи бағытын айтамыз. Флэтлей сөзіндегі «flat» «жалпақ» және lay «жату» деген мағына береді. Демек объектіні төбеден яғни орындықтың үстіне шығып не болмаса қолыңызды көтеріп 90 градус тұрғысынан жалпақ етіп фотоға түсірсеңіз, флэтлей болып шыға келеді.

Флэтлей неге сәнге айналды?

Бүгінгі таңда инстаграм арқылы тауарын мен қызметін сәтті ұсынып, табыс тауып жүргенде баршылық. Олар мұның бәріне қызықты мәтін мен әдемі фото арқылы қол жеткізді. Әсіресе, фото ең бірінші көзге түседі. Кейде көзді тартатын фотоға қарап отырып, өндірушінің, сатушының құрған «қақпанына» түсіп қаласың. Көркем, ерекше фотоларға деген құмарлық флэтлейді дүниеге алып келді.

Флэтлей арқылы қалай табыс табуға болады?

Белгілі бір идеяны не ойды жеткізетін әдемі фотоны парақшаға салу арқылы жеке аккаунтты дамытуға болады. Бірақ бұл іс-әрекет табыс алып келуі де, алып келмеуі де мүмкін. Сонымен қатар белгілі бір брендтің жарнамасын жасауға болады. Ол үшін тәжірибе жинау мақсатында неше түрлі флэтлей фотоларды түсіріп, инстаграмға салып отыру керек. Ең бастысы, #flatlay #flatlays #flatlaysweet хештэгтерін қоюды ұмытпаған абзал. Ал егер тәжірибе ретінде бір брендке флэтлей жасасаңыз, сол брендтің инстаграм парақшасын белгілей кетіңіз. Сонда ғана сіз сол бренд өкілдерінің назарына ілігесіз. Тіпті өз танымалдылығыңызды арттырғыңыз келсе, аты-жөніңіз не лақап атыңыз жазылған жеке күнделікті, ұялы телефоныңызды қабын қойып қойыңыз. Ол арқылы сіз өзіңізді жеке бренд ретінде одан сайын дамыта түсесіз.

Флэтлей жасау үшін қандай камера керек?

Кәсіби фотоаппарат сатып алуға асықпаңыз. Негізі, инстаграмға шығатын фотоларды кәдімгі смартфонға түсірген дұрысырақ. Себебі кәсіби фотоаппаратқа түсірілген фотоларды инстаграмға салғанда инстаграм оны «біреуден көшірілген фото» деп қабылдайды екен. Нәтижесінде, сіздің жазбаңыздың кең таралуына инстаграм мүдделі болмайды.

Флэтлейдің өз ережесі бар

Жарық! Фото түсірілетін жердің жарығы жан-жаққа таралатындай мол. жұмсақ болуы керек;

Флэтлейге арналған фондардың неше түрлісі болады. Ең дұрысы – қара, сұр, ақ фондар. Сонымен қатар кез келген реңктегі ағашты және винтажды текстураны пайдалануға әбден болады;

Флэтлейге керемет фон болатын төртбұрышты ағаштар қолжетімді бағада сатып алсаңыз болады;

Барлық заттарды бір-біріне жақындатып қоймаңыз. Арасында бос кеңістік болсын;

Композиция заңдылығына сәйкес заттарды орналастырыңыз. Заттар бір-бірінен бірдей қашықтықта жатқаны дұрыс;

Әр флэтлей бір оқиғаны баяндауы тиіс. Сондықтан да айтқыңыз келген дүниеге байланысты заттарды таңдаңыз. Олардың арасында байланыстың болуы міндетті;

Фотоны кесерде төртбұрыштық шаблонды таңдаңыз. Себебі төртбұрышқа барлық дүние сияды әрі әдемірек көрінеді.

Флэтлейдің тағы қандай фондары бар?

Фон үшін арнайы төртбұрышты ағашты сатып алғыңыз келмесе, онда үйдегі бар нәрсені де фон ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.

Мысалы:

Жақсы үтіктелген дақсыз, мұнтаздай тап-таза жайма;

Тап-таза терезенің алды;

Драп пәлте;

Шілтері көйлек не сәнді принті бар киім;

Бүрмеленген белдемше;

Джинсы (қарасы немесе аздап қырқылғаны)

Түрлі түсті картон не скрапбукингке арналған қағаз;

Картонда немесе жай қағазда шығарылған, интернеттен алынған әдемі бір фото;

Әдемі принті бар тұсқағаз;

Ағаш үстөлдері;

Мәрмәрдан жасалған тақтай;

Күз мезгіліндегі орман іші;

Композиция жасай алмасаңыз…

Онда біреудің флэтлейін қайталаңыз. Мұндай тәжірибені бірнеше рет өз қолыңызбен жасап көріңіз. Композицияны байытатын ұсақ-түйектер: гүлдің жапырақтары, кофе дәндері, ірі тұз, жидектер, конфеттилер, көкнәр, күнжіт.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!