Біліп жүр

Какейбо – жапондардың қаржыны басқару өнері

Какейбо тәсілін Мотоко Хани ойлап тапқан

Какейбо немесе Kakebo – жапондардың отбасылық қаражатты басқару тәсілі. Оны 100 жыл бұрын жапон журналисі Мотоко Хани ойлап тапқан. Онда ақшаны жоспарлау, шығынды қойын дәптерге жазып жүру тәсілдері көрсетіледі. Balbal.kz мотивациялық сайты какейбо әдісі бойынша қаржылық сауаттылыққа қол жеткізуге көмектеседі.

Автор туралы

Мотоко Хани 1873 жылы Жапониядағы Аомори префектурасында самурайлар әулетінде дүниеге келген. Жапониядағы алғашқы әйел журналист ретінде танылған. Ол Токиодағы қыздарға арналған жоғары мектепте, содан кейін Мэйджидегі әйелдерге арналған христиан мектебінде оқыды. Кейін Хатинох пен Мориокта мұғалім болып жұмыс істеді. 1897 жылы Hochi Shinbun журналына редактор болып кірді, кейін репортер болды. 1901 жылы тұрмыс құрған соң күйеуімен «Fujin no tomo» («Әйелдердің досы») журналын шығарды. «Өзім туралы» деген автобиографиясын жарыққа шығарды. Ол «Какейбо: Жапондық ақшаны үнемдеу өнері: Тыныштық пен сабырлылыққа жол ашыңыз» кітабымен танымал.

Какейбо деген не?

Какейбо ka-ke-bo үш иероглифтен тұратын сөз. Бұл «үйдегі үнемдеу кітабы» мағынасын білдіреді.  Какейбо жүйесі ақша жинауға, үнемдеуге көмектеседі. Тиынның маңызын түсіндіреді.

Какейбо тәсілі

Бюджетті сақтау үшін үлкен және кішкентай екі қойын дәптер керек. Үлкен блокнотқа барлық кірістерді, шығындар мен жинақтарды жоспарлайсыз. Егер технологияға жақын болсаңыз, Excel-мен тізім жасауға да болады. Бәрін есепке алып,  ұмытпау үшін кішкентай блокнотты барлық жерге өзіңізбен алып жүруіңіз керек. Жұмсаған ақшаны бірден соған жазып қоясыз.

Қаржыны какейбо әдісімен жоспарлау

Үлкен қойын дәптерге былай жоспар құрамыз:

Айлық кіріс жоспары

Осы айда түсетін қаражаттың бәрін жазу маңызды: аванс, жалақы, қарызды қайтарып алу, пассивті табыс және басқалар. Айдың басында кестеге сенімді кірісті енгізіңіз, содан кейін сіз түрлі түсті қаламмен жазбаларды қоса аласыз.

Айлық жинақтау жоспары

Шошқа банкі немесе жинақ шотында қанша ақша жинағыңыз келетінін көрсетесіз. Шығындарды жоспарламас бұрын осыны шешіп алу керек.

Айлық шығындар жоспары

Оған барлық тұрақты шығындарды жазасыз: коммуналдық төлемдер, пәтердің ақшасы, байланыс және Интернет.

Есептеп табыс көлемінен міндетті шығындар мен жинақтарды алып тастағаннан кейін қалған ақшаны төрт санатқа бөлесіз:

Күнделікті тұрмыс: тамақ, тұрмыстық заттар, киімдер.

Мәдениет және білім: курс, тренингтер, мұражай билеті.

Көңіл көтеру: достармен кездесу, кинотеатрға бару, қысқа сапарлар.

Басқалары: алғашқы үш санатқа жатпайтын барлық шығындар.

Бастысы ақшаны дұрыс бөлу керек. Егер сіз шығындарды дұрыс жоспарласаңыз, онда сіз санаттарды бір ай ішінде еш қиындықсыз сақтай аласыз.

Какейбо жүйесі тек жазумен шектелмейді. Әр айдың соңында сіз қайда үнемдеп, қай жерде көп ақша жұмсағаныңызды талдауыңыз керек. Бұл алдағы айларға бюджетті дәлірек анықтауға және шығындарды түзетуге көмектеседі.

Ақша жинағанда ескеретін кеңестер

Күнделікті қалтаңызда қалған ақшаны шошқа банкіне салыңыз. Сіз елемеген тиындар айдың соңында айтарлықтай сома болады.

Қайтарған қарыздарды шошқа банкіне салыңыз. Бұл табыс емес, сіз тек алдыңғы айларда есептелмеген ақшаны қайтардыңыз.

Ақшаларды ұсақтағаннан кейін кішкентай бөлігін шошқа банкіне салыңыз. 50-100 теңге салсаңыз жеткілікті.

Өзіңіз үшін айыппұлдар жүйесін жасаңыз. Өзіңіздің жеткізіңіз келген мақсатыңыз болуы мүмкін. Сол үшін күнделікті жаттығасыз. Мысалы, жаман әдеттер үшін немесе жаттығуды орындамағаныңыз үшін өзіңізді қаржылай жазалаңыз. Шошқаның банкіне 100 теңге салыңыз. Қалай болғанда да пайдасы болады: сіз ақша жинайсыз немесе жақсы әдет қалыптастырасыз.

Жұмсағыңыз келетін ақшаны төрт аптаға бөліңіз. Жеті күндік бюджеттің қалған бөлігін апта соңында шошқа банкіне саласыз.

Шұғыл емес шығынды айға қалдырыңыз. Егер 30 күннен кейін сіз әлі де сол затты сатып алғыңыз келсе, алыңыз. Бірақ 30 күн ішінде бұл қажет емес болуы мүмкін.

Азық-түлік алатын кезде тізім жасаңыз. Сол кезде керек емес затқа қызығып, ақшаны жұмсай беруді қоясыз.

Жапондардың отбасылық бюджетті басқару жүйесі аса күрделі емес, өте тиімді. Оның арқасында жүздеген мың адам әл-ауқатын едәуір жақсартты. Бұл жүйе 100 жылдан астам уақыт бұрын ойлап табылғанына қарамастан, оның әдістері әлі күнге дейін өзекті.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!