Мәдениет

«Брат или брак 2» фильмін көруге 5 себеп

Туындының екіншісі біріншісінен де сәтті түсірілген

«Брат или брат» фильмінің бірінші бөлімі жақсы шыққанымен, ғажап деген баға ала алмас. Алайда туындының екіншісі біріншісінен де сәтті түсірілген. Оның 5 себебі бар.

1. Режиссура. Фильм режиссеры Әлішер Утев комедия бағытында жұмыс жасап біраз шыңдалғаны байқалып тұр. Ол осыған дейін сценарийін жазған «Бизнес по казахский», «Каникулы в Таиланде», «Сиситай» сынды туындылары да сапалы. Десе де «Брат или брат 2» аталған фильмдерден әлдеқайда мықты шыққан. Сахналардың реттілігі, операторлардың әдемі жұмысы мен жақсы монтажға көз сүйсінеді. Мұның бәрі режиссердың команданы сәтті басқара алғандығынан болса керек.

2. Сценарий. Туындының сценаристері жақсы ізденгені байқалып тұр. Бұл сиквел болғандықтан, оқиға алғашқы фильмнің жалғасы ретінде көрсетілген. Бірақ бірінші бөлімді көрмей-ақ, бірден екіншісін тамашаласаңыз да ешнәрсе жоғалтпайсыз. Сценарий желісі көрерменге түсінікті реттілікпен өрбиді. Іш пыстырмайды, күлкілі, диалогтары сәтті құрылған. Ең бастысы — өте жақсы динамика бар.

3. Актерлік құрам. Фильмге іріктелген актерлер зор қошеметке лайық жандар. Барлығы 100% өз рөлдерін керемет сомдаған. Әсіресе, басты рөлдегі Дәурен Серғазин мен Олжас Абай ерекше көзге түседі. Ең қызығы, екінші бөлімде де Құралай Анарбекова тұтас оқиғаның ядросы болғанымен, бұл жолы басты планға Дәурен Серғазин шыққан. Фильмде көпшілікке «В поисках мамы» туындысындағы басты рөлімен таныс Азамат Уланов пен «Спарта» КВН командасының капитаны Данияр Жұмаділовтың ойнайтыны да қуантты.

4. Жаңа деректер. Кинода айтылатын кувад синдромы шынымен де бар екен. Алғашында бос қиял ма дерсің. Ол әйелінің 3 айлық жүктілігінде ер адамда пайда болуы ықтимал психотектік ауру. Яғни ер адам жүкті әйелдің мазасыз жағдайын, құбылмалы көңіл күйін өз бойынан сезінеді. Кинода айтылғандай, ауру емдеуге келеді. Мұндайда жігер мен рухтың көмегі керек болады.

5. Өзекті тақырып. Өндірушілердің таңдаған тақырыптары өзекті. Кеше үйленіп, бүгін ажырасатын жастар қоғамында отбасылық құндылықтар, неке нәзіктігі, сезім сиқырлығы, туысқандар талабы, күйеубаланың кішіпейілділігі, махаббат, балалы болу бақыты туралы сөз қозғау өте маңызды.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close