Біліп жүр

Майкл Фелпс:  Әлем чемпионы жайлы қызықты деректер

Әлемнің және Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпионы жайлы деректер

Майкл Фелпс – америкалық кәсіби жүзуші, 23 дүркін олимпиада және 26 дүркін әлем чемпионы. Жүзу бойынша ең көп әлемдік рекордтарды орнатушы. «Ұшқыш балық» лақап аты берілген Майкл Фелпс жайлы қызықты деректерді ұсынамыз.

Алғашқы қадам

Майкл Фелпс бассейнге алғаш рет бес жасында келген. Ал жеті жасында бойындағы артық энергиядан арылу үшін жүзумен шындап айналыса бастайды. Оған гиперактивтілік синдромы қойылған болатын. Бала кезде Майкл бір нәрсеге ұзақ ден қойып, тыныш отыра алмайтын. Бұл синдромды анасы Дебби жақсы тәрбие мен жүзу арқылы жеңуге тырысады. Майкл басын суға батырып жүзгісі келмеген кезде Дебби оны артпен жүзуге үйретеді. Кітап оқығысы келмесе, спорттық журналдарды оқумен қызықтырады. Деббидің мұндай тәрбиесі өз жемісін береді.

Майкл уақыт өте жүзуді ұнатып, осы спорттың арқасында өз синдромын жеңеді. Ал Афинада алғашқы олимпиада алтынын алған соң, көрермендер қатарында отырған анасына өз жүлдесін табыстап, шынайы алғысын білдіреді.

Ең жас рекордшы

10 жасында Майкл жүзуден өз жас санатындағы ұлттық рекордты жаңартып, Боб Боуманның қол астында жаттыға бастайды.

Боб Боуман Майклмен алғашқы кездесуі туралы:

Оны алғаш достарымен бассейннің жанында көргенімде, жеңілуді жек көретін бала екенін байқадым. Ал жарыста 10 жасында көрдім. Майкл сол кездің өзінде қалыптасқан спортшы болатын.

2000 жылы 15 жасында Майкл Фелпс АҚШ-тың 1932 жылдан бергі ең жас споршысы болып олимпиадаға барады. Ал 2001 жылы 30 наурыз күні Жапонияда өткен әлем чемпионатында 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден әлемдік рекорд орнатады. Майкл Фелпс бұл жетістігі арқылы әлемнің ең жас рекордшысына айналады.

Ерекше дене бітімі

Майклдың аяғы өзімен бойлас адамдарға қарағанда қысқа және денесі керісінше ұзынырақ. 47-ші өлшемдегі америкалықтың табаны да қарапайым адамға қарағанда бірнеше есе үлкен. Майклдың қолының ұзындығы 203 сантиметр. Ол 193 сантиметр құрайтын өз бойынан 10 сантиметрге ұзынырақ.

Майкл Фелпс — жолы болғыш спортшы

Спорттан бөлек Майкл құмар ойындарға қызығады. Ол 2012 жылғы олимпиада ойындарынан кейін Лас-Вегастағы казинолардың біріне кіріп, 100 мың АҚШ долларын ұтып алған. Бұл оқиғадан кейін Майкл «Жолы болғыш» деген лақап атқа ие болады.

Мотивация

Майкл Фелпске  Ян Торптың «ешкім бір олимпиадада сегіз алтын ұтып ала алмайды» деген сөздері қатты әсер етеді. Сондықтан америкалық жүзуші Янның сөздерін өзіне қайтаруды мақсат етіп қояды. Нәтижесінде, Майкл Фелпс Пекин олимпиадасында жүзудің барлық түрінен жеңіске жетіп, сегіз алтынға қол жеткізеді.

2003 жылы әлем чемпионатында Ян Крокерден жеңілген Майкл өз бөлмесінде оның суретін іліп қояды. Бұл суретке күнде таңертең қарау арқылы ол мотивация алған.

Фелпс диетасы

Майкл 2008 жылдан бері арнайы «Фелпс диетасын» ұстанады. Ол күніне үш ер адамға жететін 10000 калориялық тамақ ішеді.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!