ӘдебиетТаным

Робинзон Крузо өмірде болған ба?

"Робинзонада" жанрының негізі болған роман

Алғаш рет 1719 жылдың сәуірінде оқырманға ұсынылған «Робинзон Крузо» романы оның авторы Даниель Дефоның есімін мәңгілікке тарих бетінде қалдырып қана қоймай, әдебиетте, кейіннен кинематографияда «робинзонада» деген жанрдың пайда болуына әсер етті. Бұл жанр бір немесе бірнеше адамның белгілі бір себептермен елсіз аралға түскенін, олардың басынан өткен оқиғаны сипаттайды. Оған Жюль Вернның «Тылсым арал» («L’Île mystérieuse»), «Робинзондар мектебі» (L’École des Robinsons), «Екі жылдық демалыс» («Deux ans de vacances»), Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы» («The Jungle Book»), Уильям Голдингтің «Шыбындар әміршісі» («Lord of the Flies»), Янн Мартелдің «Пидің өмірі» («Life of Pi») сынды туындыларын жатқызуға болады. Қазіргі таңда «робинзонадалардың» саны көп және олар Жерді тастап, ғарыштың деңгейіне шығып кеткен. Мысал ретінде Энди Уирдің «Марстық» («The Martian») деген шығармасын айтсақ болады. Бұл кітаптың желісі бойынша 2015 жылы Ридли Скотт аттас фильм де түсірген еді. 

Жазушы Даниель Дефо.

Көзі тірісінде Даниель Дефо өзінің болашаққа қандай мұра қалдырғанын ұғынбаған болар. Бірақ туындысы көпшіліктің ықыласына бөленгенін көріп үлгерді. Кеме апатынан кейін аман қалып, 28 жыл өмірін елсіз аралда өткізген теңізші жайлы романның жазылуына не негіз болды? Сол жайында әңгімелейік.

Жалпы, Даниель Дефоның өз өмірі де шытырманға толы болған. Оның жазушы ғана емес, сондай-ақ, кәсіпкер, саясаткер және тыңшы қызметтерін атқарғаны белгілі. Тіпті, Дефоның Англия мен Шотландия арасының жақындауы әсер еткен құпия агенттердің бірі болғанын растайтын деректер де бар. Сол себепті, Робинзон Крузоның түптұлғасы жазушының өзі деген болжам роман шыққан бетте ел арасына тараған болатын. Иә, Даниель Дефо кейіпкердің рухани жағдайын сипаттау үшін өзінің ішкі толғаныстарын қосқан болар, алайда, ол түптұлға емес. Бұл жайында жазушының өзі де айтады әрі Робинзон Крузо шынында болған және өзімен бір заманда өмір сүргенін растайды. Кітап кейіпкерінің түптұлғасы — Александр Селькирк есімді шотланд теңізшісі екен.

Александр Селькирктің мүсіні.

Ендеше, шын өмірдегі Робинзонның тағдырына тоқталайық. Александр Селькирк жас кезінен «Сэнк Порт» («Cinque Ports») ескекті кемесінде қызмет атқарған. 1703 жылы ол атақты Уильям Дампирдің басшылығымен Оңтүстік Америка жағалауларын зерттеу экспедициясына шығады. Сапар барысында теңізші кеме капитаны Страдлингпен үнемі ерегесіп, сыйыспай жүреді екен. Кезекті бір сөз таласы кезінде ол капитанға кеменің жағдайы нашарлағанын, оған жөндеу қажет екенін ескертеді. Бірақ Страдлинг бұл сөзге құлақ аспайды. Сол кезде Селькирк «Сендермен бұл кемеде ары қарай жүзгенше, елсіз аралда қалғаным артық», — деп ашуланады. Капитан теңізшінің айтқанын екі етпей, оны жақын маңдағы Мас-а-Тьерра аралына қалдырып кетеді. Басқалары қанша өтінсе де Страдлинг дегенінен қайтпайды. Осылайша қызуқандылығының кесірінен Селькирк елсіз аралда қалып, онда 4 жылдан астам уақыт жалғыз өзі өмір сүреді. Алғашында оның жағдайы өте қиын болады. Бірақ, қолда бар балта, мылтық, оқ дәрі және ұсақ-түйек құрал-сайман теңізшіні аш қалдырмайды. Уақыт өте ол айналасын зерттеп, ыңғайлы жерге лашық салып, аралда жүрген жабайы ешкілерді қолға үйретіп, олардың еті мен сүтін азық етіп, терісін киім тігуге пайдаланады. Тағдырдың тәлкегі болар, арада біраз уақыт өткеннен кейін аралға екі кеме келіп тоқтайды. Ол испаниялықтардың кемелері болып шығады. Селькирк адамдарға құшақ жая жүгірудің орнына, олардан тығылудың амалын іздейді. Әрине, ондай шешімді қабылдау оңайға соқпады. Бірақ, амал нешік. Бұл Англия мен Испания соғысып жатқан заман еді.

Көрнекі сурет.

Испания кемелері кеткеннен кейін қанша уақыт өткені белгісіз, әйтеуір, 1709 жылдың 1 ақпанында Мас-а-Тьерраға тағы бір кеме келеді. Бұл ағылшындардың капитан Вудс Роджерс басқаратын «Герцог» кемесі болатын. Селькирк өз жерлестерін көргеніне қуанып, олармен бірге еліне оралады.

Қызықты деректер:

  • «Сэнк Порт» кемесі Селькирк айтқандай теңізге батып, апаттан тірі қалған экипаж мүшелері испаниялықтардың тұтқынына түседі.
  • Александр Селькирк аралда 4 жыл, Робинзон Крузо болса, 28 жыл өмір сүреді.
  • Робинзон Крузо аралда түрлі шытырманға тап болып, рухани жаңғырып, оқиға соңында кемелденген адам болып шығады. Ал, Александр Селькирк, керісінше, жалғыздықтан жабайы адамға айналып кете жаздайды.
  • Мас-а-Тьерра аралының атауы 1966 жылдан бастап Робинзон Крузо деп өзгертілді.
  • Александр Селькирктің құрметіне аталған тағы бір арал Мас-а-Тьеррадан 150 шақырым қашықтықта орналасқан.
  • Британиялық археологтар Александр Селькирктің тұрағы болған жер мен лашығын 2008 жылы тапты.
  • Қазір Мас-а-Тьеррада бірнеше елді-мекен бар. Жалпы саны 700-ге жуық адам өмір сүреді.
Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close