Біліп жүр

«Тақтар ойыны» Қазақстанда түсірілген болса…

Көпшілікке танымал «Тақтар ойыны» (Game of Thrones) сериалының 8-маусымы қарсаңында Balbal порталы «Туынды Қазақстанда түсірілген болса, кейіпкерлерді қай актерлар сомдайтын еді?» деген сұрақ төңірегінде ізденіп көрді. Нәтижесі төмендегідей.


Кхал Дрого — Мұрат Бисембин

Көрермендерге «Рэкетир» фильміндегі Руслан образымен танымал болған Мұрат Бисембин «Тақтар ойыны» қазақ жерінде түсірілгенде көшпелі дотракиліктердің кхалы Дрогоның рөлін сомдар еді. Актер бойы, дене бітімі, түрі жағынан аталған кейіпкерге ұқсайды.

Джейме Ланнистер — Азамат Сатыбалды

Джейме Ланнистер «Тақтар ойынындағы» екіұдай пікір тудыратын кейіпкер. Әсіресе, соңғы маусымдарда ол бастапқы қалпынан қатты өзгерген. Бұл рөлді қазақ актерларының ішінен Азамат Сатыбалды абыроймен алып шығар еді. Себебі, бұл актер жағымсыз кейіпкерлерді де, жақсы кейіпкерлерді де сомдауға шебер.

Тайвин Ланнистер — Тұңғышбай Әл-Тарази

Жеті патшалықтың ең мықты лордының қулығын, қатыгездігі мен әулетіне деген адалдығын көрерменге жеткізу үшін көп жылдық тәжірибе керек. Сондықтан, «Тақтар ойынындағы» Тайвин Ланнистердің рөлі ел билеушілерін сомдап үйренген Тұңғышбай Әл-Таразиге бұйырар еді.

Серсея Ланнистер — Баян Алагөзова

Арыстанды пір тұтқан Ланнистерлер әулетінің кезекті мүшесі Серсея Ланнистер үнемі патшалықта болып жатқан оқиғалардың ортасында жүреді. Бұл кейіпкерді ойнау Баян Алагөзоваға жарасар еді. Серсея мен Баянның мінездері қаншалықты ұқсас екені белгісіз. Бірақ, екеуі қай кезде де ел аузынан түспейді.

Джоффри Баратеон — Шыңғыс Қапин

Жас болса да аса қатыгездігімен танылған Джоффри Баратеон өте сүйкімсіз кейіпкер. Қалың көрермен оны «Тақтар ойынының» алғашқы бөлімінен кейін-ақ жек көріп кеткен. Бұл, әлбетте, өзіне атқарылған міндетті дұрыс орындай алған актер Джек Глисонның арқасы. Аталған кейіпкерді дәл сондай етіп Шыңғыс Қапин сомдай алатынына сенімдіміз.

Варис — Мұрат Нұрасылов

Кіші кеңестің мүшесі болғанда «Тыңшылардың ісмері» қызметін атқарған, кейіннен мәжбүрлі түрде патшалықтан қашқан Варисті белгілі актер Мұрат Нұрасылов сомдаса, дұрыс нәтиже шығар еді.

Эурон Грейджой — Нұржан Сәдібеков

Нұржан Сәдібековке батыл сөйлейтін, өзіне сенімді, сотқар кейіпкерлерді ойнаған жарасады. Ол «Тақтар ойынында» дәл сондай сипаттамасы бар Эурон Грейджойды сомдай алар еді.

Арья Старк — Айсұлу Әзімбаева

Арья Старк пен Айсұлу Әзімбаеваның пошымы ғана емес, мінездерінде де сәйкестік бар секілді. Екеуі де өз тағдырларын өздері басқара алатынына сенімді, қойған мақсаттарына адал және алдарынан шыққан кедергілерден қашпай, керісінше, жеңуді үйренген.

Дейнерис Таргариен — Аружан Джазильбекова

Дейнерис боранда туған, Таргариендер үйінен, кəрі Валирия қанынан, айдаһарлар анасы, андалдар, ройнарлар мен алғашқы адамдар патшайымы, ұлы Дотракий теңізінің кхалисиінің рөлін Аружан Джазильбековаға тапсырса, режиссерлер қателеспес еді.

Джон Сноу — Әділ Ахметов

Аса салмақты, билікке ұмтылмайтын, бірақ ел басына күн туғанда жаудан жасқанбай соғысуға дайын Джон Сноудың образы Әділ Ахметовке жарасады. Егер «Тақтар ойыны» Қазақстанда түсірілген болса, туындыдағы басты кейіпкердің рөлі осы актерға бұйырар еді.

Қорытынды. Қазақ киносы жыл өткен сайын дамып жатыр. Әсіресе, соңғы бірнеше жылда «Біздің киногерлер дұрыс фильм түсіре алмайды» деген сынға тойтарыс бере алатындай туындылар түсірілді. Әлбетте, «Тақтар ойынының» ауылына жету үшін әлі талай еңбек ету керек. Бірақ, біздің елде де сондай үлкен масштабты жобаларда жұмыс істей алатын өнерпаздар көп екенін айтқымыз келеді. 

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!