Тарих

Тарихи өлең тағдыры

1879-1880 жылдары Торғайда жұт болып, халық ашаршылыққа ұрынды

«Жергілікті мәтелмен айтсақ, біздің Торғай көкжиегін қара бұлт торлап алды, оның жойқын зардаптары осындағы халықтың тұрмыс-тіршілігінде көпке дейін сезілетін болады» деп Ыбырай Алтынсариннің өзі айтқандай [Жұт туралы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: «Ғылым» 1994. -162 б.], 1868 жылғы әкімшілік басқару реформа қазақ өлкесінің отарлық жағдайын заңды түрде бекітіп, халық қыспақта қалды.

Уақытша ереже бойынша жаңа басқару жүйесінің енгізілуі нәтижесінде штат көбейтіліп, барлық отарлық әкімшілік құрамы ұлғайтылды. Облыстық, уездік басшылық орындарын шенді орыс офицерлері мен шенеуніктері ғана иеленетін болды. Жергілікті халыққа уезд бастығының кіші көмекшісі мен қазақтарға тек «өзін-өзі» басқару орындарының билігі ғана тиді.

Ресей әкімшілігі реформа арқылы қазақ жерін қазына меншігі деп жариялап, Қазақстанды отарлау ісін ашық жүргізе бастады. Үкімет казактар мен Ресейдің ішкі губернияларынан қоныс аударған орыс шаруаларын қазақтың қара топырақты шұрайлы жерлеріне орналастырып, жергілікті халықты шөл, шөлейт аймақтарға қарай ығыстырды.

1879-1880 жылдары Торғайда жұт болып, халық ашаршылыққа ұрынды. Ыбырай халықтың ауыр жағдайын көріп қол қусырып қарап отыра алмай, «Оренбургский листок» газетіне ел басына түскен қасіретті айтып бірнеше мақала жазды. Алайда ешкім қол ұшын созбады. ­Амалы таусылған ол жергілікті ақындардың әкімшілік басқару реформаларына қарсылығы көрініс тапқан, сондай-ақ ашаршылықты суреттейтін өлеңдерін жинап, оны «Халықтың поэзиялық шығармасы» деп атап «Қазақ қасіреті» деген өзінің алғы сөзімен 1882 жылы Әскери губернатордың атына жолдайды.

Ұлы ұстаз ұсынған өлеңдердің бірі – «Қазақтардың зары» деп аталады, авторы көрсетілмеген. Бұл өлең жайында Ыбырайдың шәкірті әрі жолын қуған әріптесі Ғабдолғали Балғынбаев естелігінде: «Күдерінің 1879-1880 жылдардағы көк тақыр жұтта (қоян жылғы) Торғайлық қазақтардың малдан түгелге жуық айырылып, таяқ ұстап қалғанын баяндайтын «Қазақтардың зары» атты жыры бар еді» дейді. – Мұнда үйір-үйір жылқысы мен қора-қора қойдан, ірі қара малдан жұрдай болған елдің аянышты халі, жаппай аштыққа ұшыраған халыққа әкім-басшылардың жасаған әділетсіздіктері шебер сипатталады».

Одан әрі автор Сейдахмет ақынның Ыбырай хрестоматиясына енген ұлы ұстаздың әділдігі мен адалдығы сөз болатын «Бір нашардың әділ төреге айтқан сөзі» жайында да әңгіме қозғап, өлеңде Ыбырайдың небір ауыр, даулы істерді әділ шешетінін, әсіресе бай мен кедей арасындағы істі көбінесе жарлы пайдасына өкім ететінін айтады. Жергілікті ақындарға кеңес беріп, әлеуметтік мәні бар мәселелерді жырлауға бағыт-бағдар беріп отыратынын еске алады [Ыбырай Алтынсарин тағылымы. – Алматы, Жазушы, 1991.-366 б.].

Академик Қажым Жұмалиев те 1967 жылы жарық көрген «XVIII-XIX ғасырлар­дағы қазақ әдебиеті» кітабында Сейдахмет, Күдері, Ақмолда, Нұржан ақындардың ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринмен жақсы қарым-қатынаста болып, одан көп үйренгендерін, соның арқасында олардың шығармаларының идеялық-көркемдік деңгейі жоғарылай түскенін айтады.

Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі абайтанушы-ғалым М.С.Сильчен­ко 1957 жылы жарық көрген «Абайдың творчестволық өмірбаяны» кітабында Торғай уезі Бестал (дұрысы – Бестау – С.О.) болысында айтылып жүрген ән (өлең – С.О.) «заман» стилінде жазылғанын, ақынның жеке қабілет-қарымын трафаретті бейнелеу басым екенін айтып: «Ұлағатқа үндейтін жырлардың түп негізі осы жанрда жазатын ақындардың халықтың патриархальдық-рулық қарым-қатынастарын мүлдем қарама-қайшылықта көрсетуіне себеп болды. Бұған мысал «Қазақтың қайғысы» («Горе казахов») әні бола алады, оны жазған торғайлық ақын Күдері Жолдыбаев деп айтып жүр дейді. [Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы. – Алматы -1957. 20 б.].

Автор Күдері ақынның айтпақ ойын, мақсат-мұратын заман тынысымен астас­тыра баяндап, өлеңін қазақ тілінде және орыс тіліне жолма-жол аударып беріп отырған.

Кітаптың 24-бетінде Күдерінің «Қоян жыл» деп аталатын тағы бір өлеңінен үзінді келтіреді:

«Би менен болыс ауылнайға кінә жоқ,
Айтқаныңды елулікті қылмайды.
Бір тас түссе елуліктің қолына,
Қарамайды істің нашар, зорына.
Жалғыз тастың қызуына мас болып,
Көзіне салмас оңы менен солына».
(Елулік деп автор пятидесятникті – елубасын айтып отыр – С.О.).

Осы монографияның 48 бетінде «Мысалы, Күдері Жолдыбаевтың («Қазақтың қайғысы») («Горе казаха») әні (өлеңі – С.О) халықтың бай мен патша чиновниктеріне деген ашу-ызасына тұнып тұр» деп автор өлеңінің неден, қалай туғанына тағы да бір тоқталып өтеді.

«Зар заман» деген XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай өлеңінің ­атауы еке­нін, ақын өлеңі «ілгері, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тоғыстырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «зар заман» ақындары деп ат қойғанын айтып, «Зар заман» ағымына өлеңнің кейбір сарынымен қосылатын ақын Ыбырай Алтынсарин» екенін тұңғыш көрсеткен М.Әуезов болатын [Зар заман ақындары. Әдебиет тарихы. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 192, 215 б.б.].

Кейін М.Әуезов пікірін қостап ­Халел Досмұхамедұлы зар заман әдебиеті жайын­да «Халық поэзиясының тағы бір соқ­талы түрі – зар заман (Скорбная ­поэзия) мен толғаулар, – деп жазды. – Бұл өлеңдерде салт-сананың бұзылуы жырланады. Халық өмірінің көне әдет-ғұрпы мен ескі салттарының құлдырауы, билер мен әкімдердің парақорлығы мен пәтуасыздығы, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, мал санының азаюы мен халықтың жұтауы, жайылым-қоныстың тарылуы, қоныс аударушыларға шұрайлы жерлердің кесіліп берілуі, жердің тозуы, елдің азуы, аштық, жұт, т.т. сөз болады; бұрынғы өткен өмір мен ескілікті салт-дәстүрлер мадақталып, кейінгі өзгерістерге зар айтылады».

Автор зар заман ағымына осылайша анықтама беріп, мұндай жырлар мен толғаулар халық арасында көп екенін және мазмұны жағынан алуан түрлі болып келетінін, патша үкіметі мен Қоқан билеушілеріне, олардың шенеуніктерінің бассыздығына қарсы жырлармен сабақтасып, қыздырушы сөз аталатын үгітшіл әдебиетке ұласып жататынын баян етеді. Мұндай туындылар, әсіресе, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында патша үкіметі қырда ресейлік тәртіп орнатып, Қазақтардың жерін қоныс аударушыларға тартып алып бере бастаған кезде өрши түскеніне тоқталып: «Мәселен, 1869 жылғы «Далалық Ережені» енгізген кездегі қазақтардың жай-күйі халық әдебиетінде былайша сипатталады» деп Күдерінің төрт шумақ өлеңін келтіріп, соңына «Елеусіз ақынның сөзі» депті. [Аламан. Алматы: Ана тілі, 1991. -23-24 б.б.].

Х.Досмұхамедұлының зар заман әдебиеті жайындағы анықтамасы Күдері өлеңінің мән-мазмұнына дәлме-дәл келеді. Тіпті салыстырып қарасаңыз, осы өлеңнің анықтамасындай.

Сондай-ақ Х.Досмұхамедұлы жоқтау жырларының мән-мағынасы, оның қандай жағдайда айтылатыны, шығарушысы, орындаушысы, жоқтаудың өлімнен басқа себептерге де байланысты шығарылатыны туралы айта келіп: «Ал мына бір түрінде бұрынғы еркін өмір жоқталады» деп «Зар заман» («Қазақтың зары» – С.О.)өлеңінің екі шумағын, «Төменгі жолдар 1879 жылғы қоян жұтының қысын суреттейді» деп бір шумағын мысалға алады [20 б.].

Ғалым Бегежан Сүлейменов 1959 жылы қазақ әдебиетінің түйінді мәселелеріне арналған ғылыми-теориялық конференцияда жасаған баяндамасында Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ қасіреті» жазбасы оның «зар заман» ағымына көзқарасын айқын аңғартатынын айтып: «Бұл оның Түркістан қазақтарының, Түркістан өлкесі ақындарының «Зар заман» туралы шығармаларына жасаған қорытындысы еді, – деп атап көрсетті. – Ы.Алтынсариннің бұл берген бағасын өте орынды деп білемін. Мұнда ол «зар заман» әдеби ағымын патша үкіметінің отаршылдық саясаты, жұт, қоян жылдары деп аталатын ашаршылық пен жалаңаштық кезең туғызды дейді. Бұл жерде Ы.Алтынсариннің «Зар заман» ағымының тууына патша үкіметінің отаршылдық саясаты себеп болды дегені дұрыс. Ы.Алтынсарин «Зар заман туралы жазбаған адам жоқ деп, оларды өз текстісінде келтіреді» [Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы: Қазақ ССРҒА баспасы, 1961. -376 б.].

Бұл әдеби ағымның табиғатын танып, оның неден, қалай шыққанын тұңғыш аң­ғар­ған Ыбырай еді. Алайда ол бұл әдеби ағым­ға ат қойып, оны ғылыми негіздеген жоқ.

«Зар заман» термині кейін әдебиеттану ғылымынан берік орын алып, оның қыр-сыры талданып таразылана түсті. Соның бір айғағы – ғалым Бауыржан Омарұлы 2005 жылы «Зар заман әдебиеті» деп аталатын көлемді монографиясын жарыққа шығарды. Онда сөз болып отырған әдеби ағымның бастау-бұлақтары, қалыптасу кезеңдері, даму арналары, өзге халықтар әдебиетіндегі зар заман поэзиясынан белгілері (салыстырмалы зерттеу), зар заман поэзиясындағы идеялық-танымдық және көркемдік-эстетикалық көзқарастар бірлігі (типология), зар заман поэзиясының көркемдігі (поэтика), жалпы ақындар өлеңдерінің бір-бірімен үндесіп, сабақтастық тауып жататыны дәуір тынысымен, ұлттың мақсат-мүдделеріне негізделе зерттеліп-зерделенеді [Астана: Елорда, 2005.].

Б.Омарұлы осы еңбегінде: «Біздіңше «Қазақ қасіреті» немесе «Қазақтың қайғысы» өлеңінің аты емес, бұл шығармаларға түсініктеме ретінде жазылған Ы.Алтынсарин қолжазбасының аты. Мұрағат деректері солай дейді. Х.Досмұхамедұлы Елеусіз ақынға, М.Сильченко Күдері ақынға теліген бұл жырларды ағартушы-педагог халықтық реформаға ашық қарсылығын білдірген «зар заман» өлеңдері деп таныған» дейді [Зар заман әдебиеті. – Астана: Елорда, 2005, -213 б.].

Шындығында да, мұрағат деректерінде де, Ыбырай түсіндірмесінде де авторы көрсетілмеген.

Б.Омарұлы да «Ы.Алтынсарин ұсынған, авторы көрсетілмеген» өлеңнен үзінділер келтіріп, Ыбырай алғы сөзі мен Күдері өлеңінің мән-мазмұнын ашады [212 б.].

1879-80 жылдарғы жұт туралы да, 1930-32 жылдардағы аштық жайында да халыққа жанашырлықпен тебірене жыр толғап, ел басына төнген нәубеттің шынайы болмысын суреттеген Күдері Жолдыбайұлы. Ол сол үшін Кеңес дәуірінде қудаланып, түрмеге де қамалды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін бейнелейтін «Амангелдінің Торғайды алғаны», «Күйік көлдің басында», «Ер туды», «Көзімнің жасы болды көл» [1916 жыл. Алматы «Рауан», 1996. -149-157, 185-193 б.б.] сияқты өлеңдері ғана баспа беттерінен орын алып, ашаршылық жайындағы жырларының жарық көруіне тыйым салынды.

Біз – шөбересі М.Нәбиұлы екеуміз бала кезімізден ақын атамыздың өлеңдерін естіп, жаттап өскендіктен әрі іздеушісі, жинаушысы, зерттеушісі болғандықтан, бұл «Қазақтың зары» деген өлеңнің барын, мазмұнын, кейбір жолдарын білетінбіз. Алайда ақын өлеңдерін жинап, құрастырып Астанадан «Фолиант» баспасынан «Торғай­дың Күдері ақыны» деп ат қойып, жарыққа шығарар кезде бұл өлеңді таба алмай, кітабына кірмей қалып еді.

Талай айтулы ғалымдардың зерттеуле­рі­не өзек болған тарихи туынды Ыбырайдың «Қазақ қасіреті» жазбасымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы Бибігүл Әбенова мен КазМҰУ-дің докторанты Бауыржан Омарұлы алғы сөзімен «Қазақ әдебиеті» газетінде (№44, 29 қазан, 2011) Б.Әбенованың алғы сөзімен «Қазақстан мұрағаттары» журналында жарық көріпті.

Б.Әбенова 2006 жылы Ақтөбеде шыққан «1868 жылғы әкімшілік реформа және Орынбор өлкесі» (1868-1891) атты монографиясында да өлеңнің туу себебін, мән-мағынасын жан-жақты терең ашып, ҚР Мемлекеттік Орталық мұрағатынан алынған «Орынбор қазақтары арасындағы қайғылы өлең» деп аталатын нұсқасын Ыбырай алғы сөзімен (орыс тіліндегі) түгел беріпті [367-372 б.б.]. Сондықтан да Б.Омарұлы мен Б.Әбеноваға айтар алғысымыз шексіз.

К.Жолдыбайұлы – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқан жауын­гер ақын. Оның жалынды жырлары көтерілісшілер рухын көтеріп, жеңіске бастаған.

Ыбырайдың жоғарыда аталған «Қазақ қасіреті» алғы сөзі мен 1879-1880 жылдары жазған «Жұт туралы» және басқа да шығармаларын салыстыра оқыған кісі Күдері өлеңді Ыбырайдың кеңесімен жазғанын аңғаруы қиын емес.

Күдері ақынның «Қазақтың зары» («Жалпақ қоян») атты бұл ұзақ өлеңі:

«Құдая, саған мәлім менің халім,
Қолыңда құдіреттің, барша мәлім.
Бұл қазақ әлін білмей кеткені үшін
Кетірдің жалғыз қыста барлық сәнін.

Құдая, аз бізге әлі бұл көрген қыс,
Ұмыттық біз Құдайды шамадан тыс.
Тұтынған әрбір заттар алтын-күміс,
Ошағы-алмас темір, қазаны-мыс» деп басталады. Бұл шумақтарды оқы­ғанда Ыбырай Алтынсариннің «Өсиет өлеңдеріндегі» Қарынбайдың сараңдығы мен қайырымсыздығы үшін Алла Тағаланың қаһарына ұшырап, қақ айырылған жер астына түсіп кететіні еске түседі. Әрі Ыбырайдың:

«Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Іске аспай бақ-дәулетің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда»,-
деген өлең жолдарымен үндесіп жатыр.

Ыбырай «Қазақ қасіреті» жазбасын қазақ даласына енгізілген сайлау тәртібіне және елдің 1879-1880 жылдары болған аштықтан кейінгі экономикалық ахуалына жергілікті халық көзқарасы білдірілген өлеңдердің түпнұсқасы мен аудармасын оқушылар назарына шағын алғы сөзбен бірге ұсынып отырғанын айтудан бастап, онсыз қазақ өлеңдеріндегі жаңа кезең мен жаңа тәртіп жөніндегі қайғы-мұңға толы ой-тұжырымдар түсініксіз болып қалатынын баян етеді. Одан әрі Ыбырай қазақ арасында мұндай өлеңдердің жиі ұшырасатынын, солардың ішінен жаңа жағдайға көзқарастарын мейлінше қысқа әрі айқын, ашық білдіретін өлеңдерді іріктеп, таңдап алғанын нақтылай көрсетіп, 1869 жылы қазақ даласына Орынбор қазақтарын басқарудың бұрынғы тәртібін түбегейлі өзгерткен Далалық облыстар жөніндегі жаңа Уақытша ереже енгізілгенін еске салады: «Сөйтіп, – дейді автор, – бұрынғы Орынбор өлкесі қазақтарына ортақ бір облыстық басқарманың орнына, енді үш – Орал, Торғай және Сырдария облыстық басқармалары құрылды. Орданың Шығыс, Орта және Батыс бөліктеріндегі қазақ хандарының ұрпақтарынан сайланған үш аға сұлтанның орнына жаңадан түзілген облыстардың әрқайсысында кемінде 4-6-дан уезд басшылықтары ұйым­дастырылды».

Күдері «Қазақтың зары» («Жалпақ қоян») өлеңінде қазақтың мыңғыртып мал өсіріп, көл-көсір өнімін алғанын, «белге қылыш, қолына найза іліп» жаугершілік заманда батырлық көрсеткенін жыр ете келіп «Ерлерім енді сол бір күнді жоқтап, ағады көзден жасы тамшыдайын» дейді.

Хандық кезінде хан халық тұрмысын біліп отыратынын, қиын-қыстау заман туса халықтың жайын айтып олар ақ патшаға барып, патшадан рұқсат, сый-сияпат алып қайтатынын баяндай келіп заманның мүлде өзгеріп кеткеніне тоқталады:

«Мұнан соң штат деген үкім шықты,
Бай мен хан тіл тарттырмай
бәрін жықты.
Кәне, сен бұл бұйрыққа көнбеймін деп,
Айтып көр, дегеніңше болсаң мықты?!

Жаратқан тәңірі лайық билер қалды,
Он үйге бір би қой деп үкім салды.
Елу үйге және де бір би қойып,
Жүз үйге бір ауылнай шыға қалды.
Мың үйге онан барып болыс қойды,
Қасына болыс сайын орыс қойды.
Таласып, қырылысып лауазымға,
Ат беріп елеулікке қойын сойды».

Ыбырай: «Біз мұнда Уақытша Ереженің барлық баптарын тізбелеп бере алмаймыз, сондықтан тек қазақтардың өз өлеңдері мен ауызекі әңгімелерінде айрықша шағым білдіргендерін ғана көрсетумен шектелеміз. Ең алдымен, әрине, жұт әкелген 1879-1880 жылдар қазақтардың есінде қалды, бұл жұт олардың барлық дерлік малынан айырды, оның іздері әлі күнге дейін Торғай уезінің, әсіресе, Орал облысының Елек және Николаев уездерінің аралығында жер-жерде қаңғып жүрген қазақтардың еңсесін езеді; сондықтан, бұл ауыртпалықтар туралы есіне алмайтын бірде-бір замандас қазақ ақынын кездестіре алмаймыз».

Күдері: Аштықтан ақырында тарттық азап,
Болмай ма ақша жисаң сорлы қазақ?
Шөп жұлып, жуа теріп, соны жедік,
Сахараға бейне малша кеттік тарап.
Ұн берді бір аяқтан уезднай,
Қол жетсе оған-дағы Құдай қалап.
Неше күнге жетеді бір аяқ ұн,
Ақырында ақша алар құрттай санап.
Қыдырып, жүн-жабағы алатұғын,
Бізді сарт пен ноғай да қылды мазақ.
Мұсылман боп елге қайыр қылу түгіл,
Аштығыңнан нан сұрасаң, безірейіп,
Ақша бер деп қол жаяр саған қарап.

Халайық, көріп пе едің мұндай бір жыл,
Жаратқан пендеңіз біз рақым қыл.
Жылаймыз кем тарлықтан, я Құдайым,
Айырылған қосағынан бейне бұлбұл.

Көрмедік еш нәрсенің рақатын,
Жаманның өзің кешір кәсәфатын.
Мұхаммед пайғамбарым, я расул,
Үмбетке қайда кетті шапағатың?!

Байларым неше күндей жалға жүрді,
Тамақ деп жылап тұр ғой бала, қатын.
Бір кесек жыршылардың наны да жоқ,
Қазақтың алушы едік нар мен атын».

Ыбырай: «Қазақтың екінші наразылығы – халықтың арасында жүрген ондық және елуліктер арқылы шенді-шекпенділерді сайлау. Олардың өз сөзімен айтқанда, ашықтан-ашық парақорлық пен болыстағы басты орынға және сый-құрметке ие болуға ұмтылған қазақ билеушілерін ақырғы тұяғы қалғанша сайлаушыларға беруге жұмсауға итермелейді, лауазымға ие болғаннан кейін осы шығындарының есесін парамен толтыруға тырысады. Одан бөлек, әр сайлаудың нәтижесі әдетте лауазымдарға үміткерлердің және болысты бірнеше партияға бөліп алған жақтастары арасында бітіспес дұшпандық болады; бишікештер тарапынан қысымдар, істі әділетсіз шешу, жәбір көргендердің бітпейтін арыздары және т.б. Ондықтар мен елуліктер жер дауларын шешкенде де қазақтар олардан дәл сондай сұмдықты көреді, олардың алалаушылық шешімі қазақ шаруашылықтарын өмір мен өлім мәселесіне дейін апарады; мұнда да жауласушы тараптардың ықпалы араласады, жасырын саудаласу жүргізіледі, әрине, кедейлердің бұған шамасы жетпейді».

Күдері: «Жақсылар выборныйға
болды жақын,
Сасқанда таба алмаймыз оның атын.

Бұрынғы би мен жақсы жатып алды,
Өз басын малыменен сатып алды.
Жұрт үшін жанын қиған ескі билер,
Дариға-ай, осы күнде қайда қалды?!

Еркінсіп барушы едік баласындай,
Бәйбіше балалардың анасындай.
Тентекке атасындай ақыл беріп,
Жібермей тұрушы еді таластырмай.

Ондыққа тізе бүгіп, арыз айтып,
Ісіңді жер дау болса саласыз ба-ай?!
Анау даугер ақшасын беріп жатыр,
Дауыңнан сенде бермей қаласың ба-ай?!
«Жұдырық жығылғанға» дегендейін,
Бәрі де жөн болады шарасызға-ай.

Бір орыс, бір қазақ қойды
«помощник» деп,
Олар да іс ете алмайды баса-көктеп.
Жалғыз-ақ барар жерің уезднай,
Алдыңнан қуалайды «пошел», кет деп.
Сен болмасаң анаған барамын деп,
Күн қайда кететұғын сөзін кектеп.
Барар жер, басар тауың болмаған соң,
Қақпадан шыға алмайсың төңіректеп.
Бір ауыз тым болмаса тіл білмейсің,
Өлдің ғой безіп қазақ тентіректеп.

Тіл білген көнуші ме ең қазағыңа,
Қалдың ғой енді тұзақ азабына.
Арыз айтсаң тыңдамай қалжың қылған,
Көнгейсің енді орыстың мазағына.

Ыбырай: «Бұл елде менің екі немере туысқаным болыстыққа таласып, он жылдан бері араздасып жүр еді; бүкіл болысты екі партияға бөліп жіберген бұл талас өте қатты шиеленісіп, ұрысқа жетіп, бұл бақытсыз болысты қатты күйзелткен болатын. Мен келісімен жай бұқара халық мені туысқандарын татуластырар деп үміттеніп мұны менен қатты сұрай бастады. Менің татуласыңдар дегеніме әлгі ақымақтар көнбеді. Сондықтан халыққа: бұл таласып жүрген адамдарды болыс сайламаңдар, басқа бір адамды сайлаңдар деуіме тура келді. Осы кеңесім бойынша, көпшілік бір беделді ақсақалды болыс сайлады. Сонымен жаңағы туысқандарымның біреуі әр­түрлі қас адамдардың тіліне еріп попечительге де, губернаторға да, тіпті ішкі істер министріне де қызмет адамдарын сайлауға орынсыз қол сұқты деп менің үстімнен арыз жаудыра бастады…» (Н.И.Ильминскийге 14 сентябрь 1884 жылы жазған хатынан).

Күдері: Штат келді, параны кірістірді,
Қарындастан күдерді үзістірді.
Атадан ұл, енеден қызды айырып,
Бір-бірін таластырып, сүзістірді.
Неше байлар таласпен кедей болды,
Бар малын шашып беріп оңды-солды.
Параға бергендерін кейін олар
Халықтан өндіруге салды қолды.
Бұрынғы қазақшылық заманында,
Билерде көріп пе едің мұндай жолды?!
Қылмысыңнан табылған іс болған соң,
Көнеді не де болса қазақ сорлы».

Ыбырай «Жұт туралы» деген мақаласын өзен тасымай, жаз құрғақшылық болса, шабындық шөп шықпай, жайылым тарылып, малмен күн көріп отырған елге үлкен қиындық туатынын айтудан бастайды.

«Бұл жердің қазақтары мұндай қатал қысты жиырма жылдай көрген емес,– деп жазады автор. – Олардың малы да ойдағыдай төлдеп көбейе түсетін 300-400-ден жылқысы, 400-500-ден қойы, 20-40-тан түйесі, 50-60 бастан ірі қара малы барлар бай адам деп есептелмейтін, ал 10-15 бастан аспайтын мүйізді ірі қарасы, 4-6 жылқысы және 20-30 қойы бар кедейлер (Жатақтар, яғни көшпейтіндер) қатарына жататын».

Күдері:
«Нар еді неше жүздеп айдағаның,
Мың-мыңнан жылқы еді байлағаның.
Қора-қора қой өріп, әр ауылдан,
Жал-жая, бағлан-қозы шайнағаның.
Сиыр мен ешкіні мал ма екен деп,
Алдыңа келді, міне, ойлағаның.

Мың-мыңнан ел көшкенде
малыңды айдап,
Кең сахара даланы шыға жайлап,
Көл таңдап, су жаратпай жүруші едің,
Жібектей шалғыныңа бие байлап…».

Ыбырай: «Бізге жақын қазақтардың кейбір бақташылары барлық малдан айырылып немесе аман қалғандарын тағдыр тәл­кегіне тастап табыннан жаяу оралды. Бір қазақтың 28 ақпанға 1300 жылқысынан небәрі 60 бас жылқысы ғана қалды. Менің 250 жылқыдан тұратын тұқымын асыл­дан­дыруға көп шығынданған таңдаулы асыл тұқымды үйірлерім түгелдей дерлік қырылды».

Күдері: «… Мұнан соң қаһарланып қоян кірді,
Бейшара қазақ баласын ояндырды.
Сегіз айдай тынбастан боран соғып,
Қазақтың қарап қоймай малын қырды».

Ыбырай: «Бізде қыс 24 қазанда басталды да, желтоқсаннан бастап, сәл үзілістермен, ақпанның соңына дейін қатты қарлы боран түтеп тұрды».

Күдері: «Осындай жан көрмеген заман қылып,
Әуені бұлт басты қараңғылық.
Бақырып аштық көрген арыстандай,
Күні-түні жеті ай тұрды боран ұлып».

Ыбырай: «…Мал шөп жоқтықтан азықты өзінің табиғи қаруы-тұяқтарымен мұз болған терең қар астынан ғана таба алады, ал айналаны аязды да қарлы дауыл құрсаған. Аузын арандай ашқан бұл сұмдық дауылдың даладағы барлық жанды мен жансызды да жаншып, сындырып, жайпап жатқанын елестетіп көріңіз».

Күдері «Мал жерден бір шөп үзіп жей алмайды,
Тау-тау қар қорадан мал шығармайды.
Мал түгіл даладағы, үйдегі адам
Үйінен он адым жер шыға алмайды».

Ыбырай: «Жан-жақтан соққан өкпек жел, ұйтқыған от, үлкендер бүрісіп қана отырысқан, балалар бақырып, шырылдап жылайды, жабағы жамылғының астында жатқан кемпір аянышты күйде…».

Күдері: «Отынсыз ас іше алмай
бала-шаға,
Бере алмай нәрсе тауып ата-ана.
Кәрі шал, кемпір сорлы зар жылады,
Жіберіп мұндай күндер Құдай Тағала».

Ыбырай қазақтардың үшінші қасіреті – олардың арасында күн сайын өршіп тұрған, Торғай облысының екі уезін казактар мекендейтін Орынбор губерниясына қосады екен деген қауесеттен туындаған қауіп екенін ескертіп олардың материалдық мүдделеріне орай үнемі өзара қақтығыста болуына байланысты, қазақтардың бойын­да казактарға қарсы бітпес наразылық қалыптасқанын айтады. Орынбор қазақта­ры­ның жерінің ең шұрайлы жерлеріне қазақтарды жабайы номадтар деп танитын сонау кездің өзінде, Орынбор және Орал казактарының қоныстандырылғаны тарихи шындық, тіпті қазірдің өзінде казактар егін шаруашылығына қолайлы деген қалған жердің азғантай бөлігіне құмартуын қоймай отыр, – дейді.

Күдері: «Тағы да есітеміз бір хабарды,
Құдая, рас етпе бұл хабарды.
«Жұртымызды қылады қазақ-орыс, – Деген бір есітеміз шын хабарды.

Туғаннан айырылмаған арғын-қыпшақ,
Не болар көрген күніміз бөлек шықсақ.
Жарты орыс, жартымыз қазақ болып,
Қалайша күн көреміз құдірет-хақ?!

Не қылса еркінде бар әкімдердің,
Бола гөр жалғыз ием, бір өзің жақ.
Осылай әркім сорға душар болар,
Біреудің дәуірі үшін қисайса бақ».

Екі туынды үндесіп, бірін-бірі толықтырып, дамытып тұр. Бірі қара сөзбен, бірі өлеңмен жазылғаны болмаса, айтар ой, мақсат, халыққа жанашырлық, қамқор көңіл ортақ.

Күдері ұлтының қамын жеп, сөзін сөйлеген сыншыл, заманның шемен боп қатқан шерін қозғаған шыншыл ақын. Оған ақынның «Көздің жасы болды көл» өлеңін оқысаңыз көзіңіз жете түседі:

«Жұлдыз ауып, ай мен күндер тұтылды,
Момын сорлап, залым сау қап құтылды.
Дүниежүзін түнек басып тұнжырап,
Нұр ғаламат жанған шырақ ұтылды.
Елге ауыр қасірет дерті жайылды,
Жұт жұтынып, тартты бекем айылды.
Қарындастан қайыр кетіп қарылған.
Кімге айтам мұндай ауыр жайымды?
Қамалдық қой өрт жайлады, жалынға,
Баттық суға, қармауға жоқ талым да,
Қол ұсынар бізге бар ма көмекші,
Аждаһамен арпалысқан шағымда?»
[1916 жыл. Алматы: «Рауан», 1996. -194 б.].

Мұнда да қазақтың мұң-мұқтажын, көрген қорлығы мен зорлығы айтылып тұрған жоқ па?!

«Қазақ қасіреті» жазбасының соңында «Біз жақында Лютштің «Қырғыз хрестоматиясынан» осы өлеңдерге ұқсас боп келетін Түркістан өңірі қазақтарының «Зар заман» өлеңін кездестірдік» деп ескерту беріпті.

«Я.Лютш жинағын Түркістан өлкесі қазақтарының әдебиет нұсқалары 1883 жылы Ташкент қаласында басылған. Сол кітапта «Зар заман» деп аталатын өлеңдер топтамасы жарық көрген». [Омарұлы Б. Зар заман әдебиеті. – Астана: Елорда, 2005 -15 б.].01k02k03k

Сонау Ташкенде шыққан кітапты Ыбырай бабамыздың тауып оқуы таңғаларлық жайт! Бұл оның ізденімпаздығы мен білімдарлығының бір айғағы.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ы.Алтын­сарин бұл алғы сөз («Қазақ қасіреті») бен Күдері Жолдыбайұлының «Қазақтың зары» («Жалпақ қоян») өлеңін 1882 жылы Торғай облыстық әскери губернаторының атына жібереді. Әскери губернатордың міндетін атқарушы вице-губернатор В.Ильин Ы.Алтынсариннің «Қазақ қасіреті» жазбасы мен өлеңдердің сөзбе-сөз аудармасын алғаннан кейін, 1883 жылы 31 қазанда ішкі істер министріне: «1868 жылғы Уақытша ереже негізінде құрылған жергілікті қоғамдық мекемелердің жұмысындағы кемшіліктерге халықтың көзқарасының нақ осы өлеңдерде көрініс табуы назар аудартады. Мен бұл өлеңдерді аудармасына қоса, сіздің мәртебелі құзырыңызға ұсынуды міндетім деп санаймын» деп мәлімдей отырып, «Уақытша ереже бойынша қырғыздардың қоғамдық басқару құрылымы туралы» ұсыныстарын жолдайды (25-қ., 1-т., 2022-іс, 185, 198, 207 пп.).

Сондай-ақ Ыбырай 1883 жылы 31 қа­занда осы өлеңді алғы сөзімен қосып «Оренбургский листок» газетіне де жібереді [Орталық Ғылыми кітапхана қолжазбалар қоры, 1165 бума]. Қалай екені белгісіз, аударма Орынбордағы П.Распоповтың қолына тиеді.

Бұл – 1880 жылы 7 маусымда Мәскеуде А.С.Пушкинге арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қазақ елінен өкіл болып қатысып, Мәскеудің дворяндар жиналысы залында «Қазақ хрестоматиясы» жарық көргенін, онда Ы.Алтынсарин Пушкинді қазақ тілінде сөйлеткенін, енді ұлы ақын шығармаларын қазақ балалары да оқи бастағанын айтқан Распопов еді.

П.Распопов Ыбырай өлеңін жолма-жол орысшаға аударып, өзі дайындап жатқан 1885 жылы жарық көруге тиіс «Образцы киргизской поэзии в песнях эпического и лирического содержания» деген кітапқа енгізбек болып 1883 жылдың 12 қарашасында ішкі істер министрлігі жанындағы баспасөз басқармасына хат жолдап, рұқсат сұрайды.

Министрліктің баспасөз басқармасы П.Распоповқа қайырған сол жылдың 8 желтоқсандағы жауабында министрдің бұл шығарманы кітапқа кіргізуге қарсы екенін хабарлайды. Басқарманың мұндағы дәлелі өлеңде «патшалық билеуге, оның жергілікті билеу орындарына қарсылық бар екен» дейді. Сөйтіп, Ыбырайдың қолынан өткен шығарма Ішкі істер министріне дейін барып, ақырында еш жерде жарияланбай қалады» [Дербісалин Ә. «Ыбырай Алтынсарин. Өмірі мен қызметі туралы». Алматы, 1965. -80 б.].

Ыбырай зерттеушісі, ғалым Ә.Дербіса­лин кітабынан алынған бұл сөздерді Ресей Мемлекеттік мұрағатындағы «Дело о запрещении к печати равных рукописей, в том числе перевода на русский яз. Казахской песни «Горе киргиза» / для «Сборника образцов киргизской народной поэзии составленного П.Н.Распоповым/ [ЦГИАЛ,ф. 776,оп. 20 д № 595 1883-1884 Л.Л, -18-20.] деген жолдар растай түсті. Бұл құжатта 1883 жылдың 26 сәуірі мен 1884 жылдың 31 ақпанына дейін түскен 33 бет материал сақтаулы екен.

Н.П.Распоповтың министрге жазған хаты мен оған министрліктің баспасөз басқармасының жауабы төмендегідей: (Бұл қолжазба бұрын еш жерде жарияланбаған, тұңғыш рет беріліп отыр – С.О.).
Ыбырай жазбалары оның халқын шексіз сүйіп, елінің қамын өз өмірінен де артық санағандығының куәсі.

Күдері де Ресей империясының отар­шылдық саясатын табиғат апаттарымен астастыра көрсетіп, қазақ қайғы­сының еселене түскенін жаны күйзеле тол­ғайды. Бұл – азаттық жыршысы, күбілтелеуді білмейтін Жолдыбайұлының алымдылығы, елге жанашырлығы, оған бағыт-бағдар сілтеген Ыбырайдай ұлы ұстаздың ұлағаттылығы! Ақын өлеңінің отын өшірмей бүгінге жеткізген халық сүйіспеншілігі! Халық өз жанашырын ешқашан ұмытпайды!

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
ақын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық 
институтының профессоры

Тег
Көбірек көру

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close