Біліп жүр

Жақсы идея ойластыруға көмектесетін 9 лайфхак

Жақсы идея қай кезде туындайды?

«Жақсы идея аяқ астынан туындайды» деген пікір барлығымызда қалыптасқан. Жұмыс үстінде немесе өзге уақытта идея туындап, ертең осы идеяны іске асыруға болады дейміз. Алайда, бұл қате пікір. Идея мен жақсы идеяның арасы жер мен көктей. «Жақсы идея» деп мыңдаған идеяның арасынан іріктеп алынғанын айтады. Мұндай ой мен идея қалыптасу үшін адамға тәжірибе және жадта сақталған ақпарат қажет. Назарыңызға мидағы ақпаратты қорытып, жақсы идея ойластыруға көмектесетін 9 лайфхакты ұсынамыз.

Көп идея және одан да көп идея

Біздің миымыз түрлі заттар сақтайтын сөре секілді. Оның қатпарларында өмір бойы көріп, біліп, жинаған ақпараттар сақталады. Ал керек кезде осы ақпараттар қорытылып, сізде идея дүниеге келеді.

Америкалық химик, кристаллограф, екі Нобель сыйлығының иегері Лайнус Полинг: «Жақсы идея табудың тиімді жолы – көп идея тауып, қажетсізін лақтыру», — деген. Әлемге белгілі суретші Пабло Пикассо 50 000-ға жуық картина салған, бірақ олардың барлығы сурет өнерінің «алтын қорына» кірген жоқ. Пикассоға атақ алып келген осы картиналардың арасындағы саусақпен санарлығы ғана.

Эстанислао Бахрах өз кітабында былай жазады: «Эдисон шамды жетілдіріп, батареяны жасап шыққанда көмекшілерінің бірі мыңдаған сәтсіздіктерден соң жұмысты қалай жалғастыра алғанын сұраған. Сонда Эдисон сұрақты түсінбегенін айтып, «бұл сәтсіздіктер емес, мен тек жұмыс істемейтін әдістерді білдім» деп жауап берген».

Ішкі редакторды өшіріңіз

Өзге сөзбен айтқанда «иә, бірақ…» деген ойдан арылу керек. Идея пайда болғанда оны бірден ойыңыздан өшіріп тастамаңыз. Идеяның жетілуіне мүмкіндік беріңіз. Сонда ғана қай жері қате екенін де біле аласыз.

Сынға бізді балалық шағымыздан үйретуге тырысады. Бала кезден бастап екі адамды салыстырып, қабілетін сынға алғанда бала ойында ішкі цензор қалыптаса бастайды. Бұл цензор кез келген идеяны төзімділікке тексереді. Оны сыртқа шығармас бұрын жетістікке жететініне күдіктенеді. Осы секілді ішкі шектеулер біздің алға жылжуымызға бөгет жасайды.

Белсенділік уақытын өзгерту

Таңертең ерте тұратын адамдар тиімділік көрсеткіші таңғы уақытта жоғары болады деп есептейді. Ал 2012 жылы ғалымдар зерттеу жүргізу арқылы бұл пікірдің қате екендігін дәлелдеді. Зерттеуге қатысушылар тәуліктің әр мезгілінде үш сараптамалық және үш шығармашылық тапсырмаларды орындап отырған. Нәтижесінде сараптамалық тапсырманы орындау кезінде мезгілдің ешқандай маңызы жоқ екендігі дәлелденді. Ал шығармашылық тапсырманы қатысушылар өздері тиімсіз деп есептейтін уақытта жақсы орындаған.

«Брейнсторм» жасауды тоқтату

«Брейнсторм» — өткен ғасырдың 40-жылдарында дүниеге келген техника. Бұл техника негізгі 4 фазадан тұрады:

  • Барынша көп идея шығару;
  • Басымдық ерекше және тың идеяға берілу керек;
  • Пайда болған идеяларды қосу;
  • Сыннан аулақ болу.

Техниканы жасап шыққан Алекс Осборн әдіс ұжымның жұмысын 50% арттырады деп есептеген.

1980-жылдары 800 топтың арасында жүргізілген мета-сараптама бұл әдістің тиімсіз екенін көрсетті. Адамдар тек жеке өздері ғана тың әрі жақсы идеяны дүниеге алып келеді екен. Себебі, кейбірі топтың алдында өз ойын айтуға ұялады немесе қысылады. Осы секілді факторлар жақсы идеяның пайда болуына кедергі келтіреді.

Бұған дейін ешкім байқамаған заттарға назар салыңыз

Эдвард де Боно ерекше, сізге дейін ешкім байқамаған заттарды тиімді шығармашылық қадам деп есептейді. Не істесеңіз де одан жақсы етіп шығаруды ойлаңыз. Жетілдіріп, пайда болған мәселелерді уақытылы шешіп отыру қажет.

Харви Кеннеди қарапайым аяқ-киім бауын ойлап табу арқылы $2,5 млн  пайда тапқан. Ол жаңбыр кезінде немесе жағажайда су болған бәтеңкенің аяқтан шешіліп қала беретінін байқаған. Адамдарда жиі кездесетін проблеманың шешімін тапқан ол өз идеясын пайда көзіне айналдыра білді.

Түрлі әдістерді қолдану

Шығармашылық дағдарыстан шығудың әдістері жетерлік. Эстанислао Бахрах «Икемді ақыл» (The agile mind) кітабында «қызықты сұрақтар» әдісін ұсынады. «Туындаған мәселе тірі болса қалай болар еді?» деген сұраққа жауап беріңіз. Тірі дененің суретін салыңыз. Оның болашағы мен өткенін ойлаңыз. Егер оны жесеңіз не болады? Дәмі қандай? Оның бойында қызық нәрселер бар ма? Осы секілді қызықты сұрақтарды қоя аласыз.

Жаттығу жасау

Физикалық жаттығулар адам ойын дамытады. Шапшаң ойлауды қалыптастырып, менталды бөгеттерді жеңуге көмектеседі. Зерттеу нәтижесінде тұрақты жаттығу жасап тұратын адамның ойлау қабілеті жетіле түсетіні дәлелденді. Жаттығуды тұрақты жасайтын адам қиын мәселелерді оңай шешіп, креативті идеяларды дүниеге алып келе алады.

Үзіліс жасау

Шығармашылық үзіліс – бір нәрсені жасау процессінің ажырамас бөлігі. Үзіліс арқылы идеялар, ойлар ағымына түсесіз. Нақты бір затқа зейін қоясыз. Мұндай үзіліс сіздің санаңыздың ерікті шешімі болу керек. Үзіліске арналған уақытты іздеудің қажеті жоқ. Сонымен бірге үзіліс тым ұзақ болмауы шарт.

Жарықты сөндіріңіз

Қараңғылық музаны жарыққа әкеледі. Хохенхайм Университеті жарық пен адам жұмысының байланысын анықтау үшін зерттеу жүргізген. Ғалымдар қатысушыларды екі топқа бөлген. Бір топ жарық жақсы түсетін бөлмеде жұмыс істесе, екіншісі жарық аз бөлмеде жұмыс істеген. Зерттеу нәтижесі бойынша жарық аз түсетін жерде жұмыс істейтіндер жоғарғы көрсеткіш көрсете алған. Зерттеуге қатысушылар қараңғыда өздерін шектеулерден бос, еркін сезінгенін айтқан.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!