АяЛайық

Адам ішіндегі 3 рөл: Біз кімбіз?

Әр адамның ішкі эгосы бар: бала, ата-ана, ересек күйі. Адам ішіндегі 3 рөл балалық шақтан қалыптасады. Оған ықпал ететін ең бірінші, әрине, ата-анамыз. Одан кейін мектеп, университеттегі орта, есейе келе жұмыстағы әріптестер, қайын жұрт дегендей. Өкінішке қарай, 3 рөлді қатар алып жүрудің немесе керек кезінде біреуін қосудың орнына біреуін басымдықпен қолданамыз. Ал, 3 рөлдің қандай айырмашылығы бар екенін нейро-коуч Эльвира Ергалина айтып берді.

Ата-ана рөлі

Ата-ана күйін өзіне көшіріп алған адам өзінің баласына ғана емес, айналадағы барлық адамға ата-ана бола бастайды: күйеуіне, достарына, әріптестеріне, тіпті, ақшасына. «Оның қолынан келмейді», «Ол бірдеңеге ұрынып қалады», «Оның орнына мен-ақ жасай салайын» деп қорқады, сенім артпайды. Әдетте, кішкентай балаларға ауыр жауапкершілік арта алмаймыз ғой. Тура сол сияқты ересектерге де қарым-қатынас жасайды.

 

Керісінше, асқан мейірімділікпен емес, сыни көзбен қарап, қатал ата-ана рөліне енетіндер де бар. Қатал ата-ана баласынан ересек адамның тірлігін талап еткендей, осы рөлде жүретіндер айналасынан тым көп нәрсе талап етеді. Немесе барлығына үнемі сын айтып, оларды әлсіз көре бастайды. «Мынауың дұрыс емес», «Сенің қолыңнан келмейді» деген сияқты ескерту айтып жүреді.

Бала рөлі

Бала рөлі бізге үнемі керек! Адам, әдетте, ол позицияны мүлде өшіріп тастайды немесе басқа бағытқа бұрып кетеді. Бала қандай? Бала армандайды, қиялдайды. Бастап жатқан ісіміздің жақсы аяқталатынына сенеді. Соған ниет етеді. Бала эмоцияға толы. Жалпы, жақсы дүниеге үміт сыйлайтын, қияли баланы кейде адамдар жоғалтып алады.

Оның орнына ұялшақ, жасқаншақ баланың рөлін қосады. «Мені ешкім жақсы көрмейді», «Менің қолымнан келмейді», «Менің әлі білімім жеткіліксіз» деген ұстаныммен өмір сүреді. Немесе шатақ баланың позициясына көшеді. Ол позициядағы адам «Мен өзім білемін» деген оймен өмір сүреді. Дұрыс,бұрысын білсе де, қырсығып, әдейі теріс бағытта жүруі мүмкін. Сол арқылы өзіне назар аудартқысы келеді.

Адам ішіндегі 3 рөл
@elvira_ergalina

Осы рөлдердің біріне басымдылық беріп, жапа шегетіндері аз емес. Тым қиялы адам, шынайы өмірді қиялынан ажырата алмай, қарызға батып немесе қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Одан кейін, бала рөліндегі адамдар жауапкершіліктен қашады. Сол үшін соңында бір бәлеге ұшырайды.

Ересек адам күйі

Ересек адам күйінде жүргендер керек кезде күйлерді ауыстыра алады. Ол ата-ана болуды да, бала болуды да біледі.  Іштегі отты өшіріп алмас үшін бала болады. Ал, жұмыс, жауапкершілік керек кезде өзін тежеп, тәртіпке бағындыра алады. Ересек күйде болу дегеніміз – өз өмірін өз қолына алып, соған жауап беру. Қиындықтың боларын ересектер біледі. Бірақ, оны шешуге болатынын да ұмытпайды. Кикілжің кезінде кішкентай бала сияқты еркелеп, мінез шығармай, ата-ана сияқты басқарып, жанжал шығармай, ересек адам сияқты шешуге тырысады.

 

Ата-анамыз бізді қай рөлге түсіреді, сол рөлмен өтеміз. Сосын бала есейген кезде ата-анасы баласына сенім білдіріп, жауапкершілік артса, бала өзі-ақ рөлін ауыстыруды үйренеді. Егер ата-ана баласын үнемі қорғап, оқуын бітірген соң, жұмысын тауып беріп, пәтер, көлігін сыйласа, бала өз рөлінен шыға алмай қалады. Кей ата-ана, керісінше, баласынан тым көп нәрсе күтіп, талап етеді. Ондай балалар кішкентайынан бәріне міндетті сияқты сезінеді. Есейгенде ол да сол рөлден шыға алмайды. Өзінің жағдайы болмаса да, айналасына, бауырларына, туыстарына қарыз сияқты болып, солардың жағдайын жасап жүреді.

Адам ішіндегі 3 рөл
@elvira_ergalina

Рөлдерді дұрыс пайдалану үшін адам өзін тану керек. «Мен кіммін?», «Қай рөлдемін?», «Ішімде кім бар?» деген сұрақтардан басталады. Жоғарыда айтылған рөлдер түрленіп, өзі-ақ ауысып отырады. Әсіресе, қауіп-қатер төнген кезде, жылдам шешім шығаратын кезде бейсаналы түрде басым болып тұрған рөл іске қосылады. Өзінің рөлін білген адам өзгелердің қай рөлде екеніне анализ жасай алады. Анализ жасай алған адамның өмірінде кикілжің, түсініспеушілік аз болады.

«АяЛайық» жобасы АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында дайындалды.

Алтынай Әбдімәди

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!