Біліп жүр

Бизнес жоба: Қазақстандық оқушылар ұсынған үздік идеялар

Қазақстандық оқушылар ұсынған бизнес идеялар

Бизнес жоба жасау және оны қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар ұйымдастырылуда. «Atameken Academy» білім беру платформасы қазақстандық жастардың қолға алған бизнес идеяларының дамуына көмегін тигізіп келеді. Жобаны іске асыру үшін бастапқы капиталдан бөлек мамандар кеңесі де беріледі. Balbal.kz қазақстандық оқушылар жасаған бизнес жобаларды назарыңызға ұсынады.

         Алихан Талипбаев. Жылыжайда гидропоника әдісімен көкөніс өсіру

Жазда карантин кезінде Алихан өз үйінің самалдығында шағын жылыжай жасаған. Гидропоника әдісімен егілген дәндер салыстырмалы түрде жылдам өскен. Гидропонды әдіс топырақты қажет етпейді. Сәйкесінше көкөністі жыл бойына өсіруге болады.

Көп ойланбастан Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Алихан бірден гидропонды құрылғыны жасауға кіріседі. Мұндай жылыжа         йлар логистика мәселесін шешіп, жылдың кез келген уақытында өнімдерді  қолжетімді бағада алуға көмектеседі. Қазіргі уақытта жобаның тек басқару блогы ғана бар. Сонымен қатар оқушының гидропонды құрылғылар жасайтын шағын цехі де бар.

         Бекзат Төремұрат. Балапан өсіруге арналған инкубатор

Жақсықылыш ауылының тұрғыны, 14 жастағы Бекзат құс фабрикасын құруды армандайды. Ол бұл мақсатына бірінші қадамын жасады – өз қолымен инкубатор құрастырып шықты.

Бекзаттың мақсаты – ауыл тұрғындарына көмектесу. Жақсықылыш аулының азаматтары инкубаторға 100 теңге көлеміндегі жұмыртқа салып, балапанды сату арқылы шығынды 10 есе етіп қайтара алады. Бұл қазақстандық алғашқы инкубатор болып табылады. Жоба өзінің бағасымен ерекшеленеді. Себебі тұтынушылардың негізгі бөлігін ауыл тұрғындары құрайды.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Алина, Дана, Айзере және Аружан. Janynda.kz аудио-карталары

Аудио-карталар бұған дейін де танымал болған. Дегенмен жоба авторлары бұл идеяны одан әрі дамытып, хабарламаға кез келген дыбысты жазу мүмкіндігін қосқан.

«Көбіне адамдар бір-біріне тәттілер мен кәмпиттерді сыйға тартады. Ал біз жақындарымызға деген махаббатымыз бен жылы лебізімізді жеткізудің ерекше жолын іздестірдік. Естеліктерді сақтап қалуды мақсат еттік. Яғни, сыйлық беруші адамның дауысымен «Spotify» арқылы жазылған әуендерді алмастырғымыз келді», — дейді жоба авторлары.

Қажетті материалдарды өз қаражаттарына сатып алған. Тіпті кей заттарын сатуға да тура келген. Алдымен QR арқылы аудиожазбаны сақтауға болатын платформа іздестірген. Барлығын тексерістен өткізген соң, «PhotoShop»-тың көмегімен дизайнын жасап, органикалық әйнекке бастырған.

Шығын аз уақыттың ішінде қайтарылған. 3 айдың ішінде 200-ге жуық тапсырыс түсіп, айналым 1,5 миллион теңгені құраған.

Құралай Мендыхан. Өңделген пластик пакеттен жасалған аксессуарлар

Құралай – туған қаласы Алматының экологиялық жағдайына алаңдайтын жандардың бірі. Осылайша пластик пакеттерге екінші өмір сыйлап, пластикпен күресуді қолға алған. Мұндай материалдан ол әшекейлер, әмиян мен өзге де заттарды жасайды.

«Ozgeris» бизнес-инкубаторынан грантты жеңген соң Құралай барлық қажетті құрылғыларды сатып алған. Пакетті өңдеп, одан қажетті материалды алу үшін кәсіби үтік қажет. Мұның көмегімен пакет пластикке айналады.

         Кеңесбек Мұхамеджан. Royal робот-көмекшісі

«Royal» — сапалы материалдан жасалған шағын робот. Көмекші «Илон Маск кім?» секілді сұрақтарға жауап бере алады. Сонымен қатар кейбір математикалық есептерді шешіп, бөлме температурасын анықтайды.

«Royal» көмекші-роботқа үй жануары секілді қарауға болады. Ол сіздің сұрақтарыңызға жауап беріп, бос уақытында айналаны зерттейді. Роботқа қосымша сезбектер орнатылған. Бұл оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

         Нұрсат пен Ернұр. Қаржылық суаттылық курсы

Екі дос мектептерде қаржылық сауаттылықты оқытпайтынын байқаған. Оқушылардың айтуынша, көптеген түлектер ақшаның қалай жұмыс істейтінін, немен айналысу керектігін де білмейді. Мұндай мәселелерді шешу үшін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Нұрсат пен Ернұр қатарластарына білім беру ісін қолға алған.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Қазақстан жастарына арнап қаржылық сауаттылық курсын бастаған. Сабақтар онлайн форматта өтеді және бағасы қол жетімді.

Нұрсаттың ата-анасы қаржы саласының мамандары. Олар курс бағдарламасын жасауға жиі көмектеседі. Оқушылардың өздері де білімдерін толықтыру мақсатында кәсіби мамандардан сабақ алады.

Айдос Бітім. Мобилографтарға арналған сервис

Айдос бос уақытын досымен бірге өткізуді ұнатады. Олар біріге отырып, мобилографтарды іздеуге көмектесетін сервисті іске қоспақшы.

Идея Шымбұлаққа барған соң пайда болған. Сапар барысында ешбір фото және видео түсіре алмаған. Мұның себебі – қызықты сәттерді суретке түсіретін адамның болмауы. Бұдан кейін олар жас әрі талантты мобилограф, монтажер мен фотографтарды табуға болатын сервис жайлы ойлаған. Олардың сөзінше, бұл студенттер мен оқушылар үшін пайда табудың оңай жолы екен. Сервис жұмысы «Uber» мен «Yandex Taxi» жобаларына ұқсас.

Амир Елеусизов. Мата сататын онлайн-дүкен

Амир 13 жасынан бастап өз шығындарын өзі өтеген. Тіпті құрылыста да жұмыс істеген. Осылайша тапқан ақшасын жинап, жеке киім брендін жасауды ойға алады. Алғашқы киімін тіккен соң, жоба жұмысы алға жүрмеген. Сонымен бірге мата сатып алатын дүкен де жабылып қалған. Осыдан кейін өзінің біреуге жұмыс істей алмайтынын түсінген ол мата сататын онлайн-дүкен ашуды қолға алады. Дәл осы нишаны таңдауын мұндай дүкендердің болмауымен түсіндіреді.

Жоба іске қосылған соң алғашқы аптасында-ақ шығынды қайтара алған. Қазір ол Түркиялық ірі зауыттармен келісім жасасқан.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!