Біліп жүр

SEO деген не немесе сайт ашқанда жіберілетін 5 қателік

SEO деген криптовалюта, форекс, тендер немесе желілік маркетинг емес.

SEO деген – бұл сіздің бар немесе пайда болатын бизнесіңізді дамытуға дем беретін күш. SEO-ңыз шарықтап тұрса, телефоныңызға дамыл болмайды. Сіздің қызметіңізді тұтынғысы келетін клиенттерден қолыңыз босамайды. Керемет пе? Ендеше SEO-мен дос болу үшін не істеу керек, анықтайық.

SEO деген не? Түсінікті тілмен айтайық

SEO дегеніміз іздеуді оңтайландыру. Википедия сізге былай деп түсіндіреді: «Қолданушылардың салған сұрауларына, іздеулеріне байланысты пайда болатын терезелерге шығу мақсатында сайттың позициясын нығайту үшін жасалынатын ішкі және сыртқы оңтайландыру шаралары. Нәтижесінде ақпараттық ресурстар жүйелі трафигінің көлемін ұлғайтады, ал коммерциялық ресурстар потенциалды клиенттердің назарына түсіп, одан соң оларға өз қызметін сатады яки кірісін ұлғайтады».

Түсінікті қарапайым тілмен айтсақ, «Сіз  белгілі бір ережелерді сақтай отырып жаңа сайтты ашасыз не ескі сайтыңызды өңдейсіз, нәтижесінде Google мен Яндекстің бірінші бетіне шығасыз».

Google-ға бір тақырыпты жазыңыз. Мысалы, «Пластикалық терезелер Алматы арзан». Осы сөздерді терген бетте сіз толып тұрған хабарландыруларды көресіз. Бірінші бетте тұрған сол 10 сайт – SEO-ның тілін тапқан пысықтар. Сұрау салып тұрған адамға бірінші болып «біз бармыз, біз мындаймыз, бізден алыңыз, бізде арзан, біз күштіміз» деп жар салу – SEO-ның сізге беретін мүмкіндігі. Сонымен қатар бұл көп ақша талап етпейді.

Алайда көбісі бұл мүмкіндікті пайдаланбайды. Сайттары бар болғанымен көп қателік жібереді. Қазақстандықтардың 95%-ы (сайты барлар) меніңше мынандай қателіктерге бой алдырады

Мобильді қосымша жоқ

3-4 жыл бұрын ешкім сайттың мобильді қосымшасын жасау туралы бас қатырған жоқ. Бүгінгі таңда жағдай басқаша. Мысалы, біздің сайтқа клиенттердің 76,5 %-ы ұялы телефон арқылы кіреді. Сондықтан сайтты мобильді телефон арқылы кіргенде оңтайлы ету сіздің мақсатыңыз. Сайтыңыз арнайы телефон арқылы кіретіндер үшін оңтайланған ба, жоқ па, дәл қазір тексере аласыз.

Ол үшін мына сайтқа кіресіз – httpһ: //search.google.com/test/mobile-friendly?hl=ru

Сайттың баяу ашылуы

Сайтты өз күшімен жасағанда әдетте осылай болады. Көбісі ғаламтордан сурет жүктейді де оны сайтына сала салады. Шын мәнісінде, ғаламтордағы фотосуреттің көлемі үлкен, салмағы ауыр болуы мүмкін. Әлдекім сайтты ашып қалғанда оның ғаламторы жылдам болмағандықтан сайт баяу ашылуы мүмкін. Ол адам ашылуын күтпей, шыдамай әдетте шығып кетеді.

Егер де сайтты біреуге тапсырыспен жасатсаңыз, күмәнді сейілту үшін сайтыңыздың жылдамдығын тексеріп алыңыз.

Ол үшін мына сайтқа кіресіз – https://developers.google.com/speed/pagespeed/insights/

                                           Парақшаларда ақпараттың болмауы

Мысалы сіздің ғаламтор дүкеніңіз бар делік. Онда сіз неше түрлі ұсақ-түйекті сатуға қоясыз. Әр заттың өз парақшасы бар. Сағат деген парақшаны ашса, сағаттың фотосы және бағасы тұр, алайда қабырғаға ілетін сағат дегенді басса, ішінде фотосы болмай шығады. Немесе барлық сағаттардың атауы бірдей болады. Оларды тек «сағат-1», «сағат-2» деп ажыратып қояды. Бұл қате.

Бірінші кезекте сайтыңыз ақпаратқа толып тұруы шарт. Тауардың атауы, қай категорияға жатқызылатындығы жазылып тұруы міндетті. Әр тауардың өз суреті тұруы тиіс. Сонымен қатар тауарға сипаттама беруді де ұмытпағайсыз.

Бәрін бір парақшаға салу

Сізде landing page (құрылымы сайт сияқты бір немесе бірнеше беттен тұратын парақша, оның міндетті белгілі бір қызметті не тауарды сату -ред.) бар. Мысалы, сіз суши мен пиццаны үйге жеткізіп берумен айналысасыз делік. Сіздің landing парақшаңыздың басты бетінде «суши мен пиццаны үйге жеткізіп береміз» деп жазылып тұр. Бұл қате. Ең дұрысы – сушиді жеткізуге бір парақша, пиццаны жеткізуге бір бөлек парақша ашу.

Мысалы, біз пластикалық терезелер сатамыз. Неміс терезелеріне бір парақша, түрік терезелеріне бөлек парақша ашып қойғанбыз. Сондықтан осы қателікті сіз жіберсеңіз, дәл қазір дұрыстауға асығыңыз.

                                                  Мәтінді көшіру

Біреуге жазуға тапсырыс бермейміз, не өзіміз отырып ойланып жазғымыз келмейді. Нәтижесінде сайтымызда біреу жазған мәтіндер толып тұрады. Көбісі бәсекелестерінің жазған мәтіндерін көшіре салып, өз парақшаларына, сайттарына сала салады. Сайтқа, парақшаға кірген адам оны түсінбейді, байқамайды. Бірақ іздеу жүйелерін алдау мүмкін емес. Қандай ақпарат қай сайтта, парақшада бірінші болып шыққанын жатқа біледі. Ешкімнен көшірілмеген мәтінді жариялаған сайтқа Google болысып отырады.

Сондықтан хабарландыру не тауар сипаттамасы мәтінін сайтқа қоймас бұрын көшірілген бе, жоқ па, тексеріп алыңыз.

Ол үшін мына сайтқа өтіңіз – text.ru

Егер де мәтініңіз 100% сіздікі болса, онда қайта жазып шығыңыз. Мәтін жазып беретіндер де кейде қулыққа басады. Бәрін тексеріп алған абзал. Ал, жалпы жазу қолыңыздан келмесе, жаза алатын кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген абзал.

Материалға арқау болған ақпарат skybirds.kz құрушысы, SEO бойынша эксперт Даниил Сидоренко өткізген мастер-класс негізінде дайындалды.

Дайындаған: Жазира Байдалы

 

 

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!