Кітап

Мишель Обама және «Қалыптасу» бестселлер кітабы

Мишель Обама неге Трампты кешірмейді?

Мишель Обама өмір бойы расизм мен көреалмаушылықтың құрбаны болды. Алайда тағдыр АҚШ-тың бірінші леди болу бақытын және миллиондаған адамның жүрегінен орын алу құрметін дәл Мишельге бұйырды.

Мишель Обама 2018 жылы өзінің «Қалыптасу» («Becoming») кітабын жариялады. Бір аптаның ішінде кітап миллион көшірмеде сатылып, жылдың бестселлеріне айналды. Бұл жетістік журналист Боб Вудвордтың Дональд Трамптың президенттік қателіктерін тере жазған туындысынан асып түсті. Кітаптың халыққа ұнағаны соншалықты, Мишель оқырмандарымен жүздесу үшін әлемдік тур өткізді. Тіпті, Лондондағы кездесуге Кембридж герцогинясы Кейт Миддлтон жасырын қатысыпты. 426 беттік мемуар әлемнің 24 тілінде басылып шығарылды, одан бөлек аудиокітап түрінде де бар.

Кітапта не жазылған?

Кітап негізгі үш бөлімге бөлінген – «Менің қалыптасуым», «Біздің қалыптасуымыз», «Үлкен болып қалыптасу».

Кітапта Обама әулетінің өмірлік барлық кезеңін ашып жазған. Ол Чикагодағы кішкентай пәтерден баспалдағын санау мүмкін емес зәулім үйлерге дейінгі жолды, әлемнің ықпалды әйелдерінің бірі ретінде өзгелердің қалай көкке көтергенін және қара нәсілді деп кемсіткен уақыттарды еске алады. Өміріндегі ең жақын екі адамдарын – әкесі мен жақын досын жоғалтқандағы қайғысын баяндайды. Бірінші бөлімде Мишель Чикаго қаласына терең, социологиялық зерттеу жүргізеді, әлеуметтік институттарын, тұрғындарын сипаттайды. Бұл оның Пристон университетінде социология магистрі дәрежесін алғанын еске түсіреді.

Екінші бөлім – АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама екеуінің махаббат тарихы. Мишель Обама жанына жақын жұмыс іздеп жүргенінде қалай екеуінің ғашық болып, отбасын құрғанын жазады. Отбасылық өмірдегі проблемалардың көбейгендігінен психотерапевттің көмегіне жүгінгендерін де жасырмайды. Ол туралы: «Мен отбасылық проблемалары бар көптеген жұптарды білемін. Бүгінде бір-бірін қатты жақсы көретін, керемет отбасы болып отырған Барак пен Мишель Обама да осыдан өткен, біз қажет кезде мамандардың көмегіне жүгінеміз» дейді.  Мишель Обама осыдан 20 жыл бұрын түсік тастағанын, сол кездегі ішкі қайғысын өз оқырмандарына ашық баяндайды. «Түсік тастау тақырыбын қоғамда көп айтпайтындықтан, мен бұл қайғыммен жалғыз күрестім. Сәтсіздікке ұшырағандай болдым, менің бір жерім дұрыс емес деп ойладым» дейді.

Үшінші бөлімде Мишель Барак Обама екеуінің халық алдындағы бейнесін жазады. Өздерінен кейін қалдырған мұрасын, бірінші леди ретінде қолға алған жұмыстарын баяндайды. 2012 жылы Президент сайлауы алдында біреу ізіне түскендей сезімде болғанын, қара нәсілді болғаны үшін көптеген сынға ұшырағанын есіне алады.

Трампты не үшін кешірмейді?

Мишель Обама өз мемуарында 2016 жылы Дональд Трамптың сайлауда жеңіп шыққанына таңғалғанын, ол кезеңді ойламауға тырысатынын айтты.

Трамп 2016 жылы Washington Post газетіне берген сұхбатында Барак Обаманың АҚШ-та туғанына сенбейтінін айтады. Мишель ел арасындағы жалған ақпаратты Трамп одан әрі таратқаны үшін кешірмейтінін жариялайды. Трамп ол сұхбатында Барак Обаманы Кенияда дүниеге келген, сондықтан екінші рет сайлауға түсе алмайды, ел Президенті бола алмайтынын айтқан. Мишель бұл оқиға жайында кітабында «Бұның барлығы жалған әңгіме, ал оның түптамырында ксенофобия (ұлты бөлек жандардан қорқу, оларды жек көру)  және көреалмаушылық жатыр. Егерде расист, психикалық ауытқуы бар біреу қару алып Вашингтонға барса немесе қыздарымыздың ізіне түссе, не болар еді? Дональд Трамп өзінің ойланбай айтылған сөздерімен отбасымның қауіпсіздігін қатерге тікті. Сол үшін кешірмеймін» деп жазады.

2017 жылы Барак және Мишель Обама «Penguin Random House» басылымымен кітаптарын жарыққа шығару бойынша  $60 миллион келісімшартқа отырды. Кітаптан түскен пайданы өздерінің қайырымдылық қорларына жұмсайтынына уәде берді.

Дайындаған: Әсем Сәндібаева

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!