Біліп жүр

Контенттің әлеуметтік желіге арналған 6 түрі

Контенттің кең таралған түрлері

Контенттің әлеуметтік желіге арналған 6 түрі бар. Д.Румянцева өзінің кітабында 6 контентке жеке-жеке тоқталады.

Танымдық контент

Мұндай контент арқылы сіз өз жазылушыларыңызға қызықты дүниелерді үйрете аласыз. Бастысы сіздің беретін ақпаратыңыз жай сөз болмауы тиіс. Кеңестеріңіз практика жүзінде іске асуы керек. Танымдық контентті келесідей бөлімдерге жіктей аламыз: тауарға арналған бейнұсқау, нарық жаңалығы, FAQ, аударма, ғылыми зерттеу.

Тауар немесе сервисті дұрыс қолдануға үйрететін бейненұсқаулар

Көптеген тақырыптарға келгенде мұның маңыздылығы білінеді. Смартфондағы қосымшаны қалай ыңғайлауға болады? Бұрағыштың жаңа үлгісімен қалай жұмыс істеу керек? Ингалятор немесе мултипісіргішті қалай дұрыс пайдалануға болады? Сіздің тұтынушыларыңыз бұл сұрақтардың жауабын білмеуі мүмкін. Тіпті, бұлар оңай болғанның өзінде сіздің көмегіңізге жүгінеді. Сізде ғаламтор-сервисі болса, қолдану ережесін бейнежазбаға түсіріңіз. Контентіңізді осылайша пайдалы бейнежазбалармен толықтырасыз.

Нарық жаңалықтарына шолу

Жыл сайын нарықта түрлі жаңалықтар орын алады. Жаңа сервистер, гаджеттер, тауардың жаңа үлгілері, жаңа көліктер және т.б. Мұндай ақпараттарды толығымен түсініп, ұғыну үшін көп уақытты қажет. Ал сіздің тұтынушыңызда мұндай уақыт жоқ. Осындай жағдайда сіз жазылушыларыңыз үшін «ақпарат тасымалдаушы» боласыз. Контенттің бұл түрінде бейнежазба форматы сұранысқа ие. Бұл формат арқылы түсіну оңай. Сонымен қатар түрлі иллюстрацияға толы мақала дайындауыңызға да болады.

FAQ: типтік сұрақтарға жауап беру

Статистикалық мәлімет жинаған соң маңызды сұрақтарға жауап беретін мақала жазыңыз. Тіпті бейне немесе аудио материал дайындауыңызға болады. Соңғы уақытта инфографикаларды пайдалану кең қолданысқа ие болды. Мұндай материал оқырманды қызықтыра түседі.

Батыс мамандарының мақалаларын аудару

Егер сіздің компанияңызда шет тілдерді білетін мамандар болса, дайын шетелдік материалдарды аударуыңызға болады. Егер өзіңіздің қолыңыздан келмесе, арнайы фрилансерлік компанияның көмегіне жүгіне аласыз.

Ғылыми зерттеулер

Көптеген сала бойынша соңғы ғылыми зерттеу, ашылу мен өнертабыс жайлы ақпарат табуға болады. Қарым-қатынас психологиясы, балалар тақырыбы, электроника, жануарлар әлемі. Ғылымда күнделікті өзгерістер орын алады. Тек мұндай ақпаратты таба алсаңыз болды. Сіздің мақсатты аудиторияңызды қандай тақырып қызықтыратынын анықтауыңыз керек.

Сататын контент

Мұндай контенттің түрін кез келген әлеуметтік парақша иесі қолданады. Мұнда барлық ұсыныстар коммерциялық болып табылады. Бірақ әлеуметтік желіге тұтынушылар көңіл көтеру үшін, қарым-қатынас орнатуға, фильм көруге кіреді. Ал «қабырғасы» тек сатылымнан тұратын парақшадан өздерін аулақ ұстауға тырысады. Бұл мүлдем сатуға болмайды дегенді білдірмейді. Мұндай контенттегі сатылым үлесі 20-30%-дан аспауы тиіс. Сатылатын контент мына бағыттар бойынша жұмыс істей алады.

Сіздің жеке тауарыңыз немесе қызметіңіз

Дүкендегі жаңа тауарлар немесе нарықта бұрыннан бар тауар, бірнеше қызмет түрлері жайлы ақпараттар. Егер сіздің мейрамханыңыз болса, контентіңіз мәзірдегі тағам түрлерімен толықтырылады. Алдымен сата алатын мәтін дайындаңыз. Мұнда сіздің артықшылықтарыңыз көрініп тұруы тиіс. Пост арқылы баға, тапсырыс беру үлгісін, телефон нөмірі немесе администраторға тікелей сілтемені көрсете аласыз. Тауардың сипаттамасы болса, мұны да қосуды ұмытпаңыз. Сурет сапалы болуы қажет.

Тауар немесе қызмет түріне бейнешолу жасау

Кейбір салада тауардың сипаттамасы жақсы сатылады. Мысалы, сіз құрал-сайман сатумен шұғылдансаңыз, қызықты үлгілерге бейнешолу жасай аласыз. Онда сіз артықшылықтары мен кемшіліктері, құрылғыны қолдану нұсқаулығын және өзге үлгілермен салыстыра аласыз.

Коммуникативті контент

Коммуникативті контент арқылы өз тұтынушыларыңызды қарым-қатынас орнатуға баулисыз. Бұл парақшадағы коммуникацияны жақсартатын (пікір қалдыру арқылы) пост болуы да мүмкін. Сонымен бірге пост арқылы тақырып ұсынылады және талқылауға арналған ортаға сілтеме беріледі. Мұндай контенттің мақсаты – парақшада «тірі» жазылушыларды жинау.

Бастысы түрлі талқылауларда өзіңіздің белсенділігіңізді көрсетіңіз. Пікірлерге жауап беріңіз. Бұл арадағы байланысты жақсартады.

Негізгі сұрақтарды талқылау

Клиенттердің проблемасын анықтаған соң түрлі форматта материал дайындаңыз. Сонымен бірге осы проблеманы жазылушылардың талқысына ұсына аласыз. Әркім өз тәжірибесін, білімін ортаға салады. Мәселе қаншалықты маңызды болса, талқы да соншалықты ұзаққа созылады.

Ақпараттық контент

Мұнда сіздің компанияңызға және жұмыс істейтін нарыққа байланысты ақпараттармен бөлісе аласыз.

Компания жаңалықтары

Бұл қарапайым баспасөз хабарламасы немесе жаңалық болуы мүмкін. Жаңалықтар әр нишада әртүрлі болады. Қызметтің жаңа түрі, жеткізу түрі, дүкендегі төлем жасаудың жаңа түрі, мәзірдің кеңейтілуі және т.б.

Достарыңыздың немесе серіктестердің жаңалықтары

Сіздің салаңызда серіктестер немесе жақын достар болса, олардың жаңалықтарымен де бөлісе аласыз.

Нарық жаңалығы

Салаңызға байланысты негізгі сайттар мен порталдарды тауып алыңыз. Мұндағы ақпараттық мақалалармен өз парақшаңызда бөлісе аласыз.

Жаңа жұмыс орындары

Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жазылушыларыңыз үшін қызық болуы мүмкін. Өзіңіздің компанияңыз немесе өзге де компаниялардағы жұмыс орындары жайлы ақпаратпен бөлісіңіз.

Репутациялық контент

Контенттің бұл түрі жазылушылардың арасында жеке атақ-абыройды көтеру үшін жасалынады. Посттардың нәтижесінде компания абыройы артады. Бұл сатылым деңгейіне тікелей әсер етеді.

Компания жайлы пікірлер

Клиентттердің пікірін парақшада жариялап отыру керек. Осылайша тұтынушылар арасында сенім орнатасыз. Мұндай пікірлердің тұрақты жариялануы көрілім деңгейін арттырады.

Сіз жайлы материалдар

Егер сіз немесе компанияңыз жайлы БАҚ өкілдері жазса, мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. Бұл жаңалықпен парақшаңызда бөлісіңіз.

Өзге контенттер сілтемесі

Кейде өзге контенттер де пайдалы болуы мүмкін. Арасында пайдалы сілтемелермен өз парақшаңызда бөлісіңіз. Мұндай сілтемелерден жеке топтама дайындауға да болады.

Өнімнің дайындалуы жайлы пост

Өніміңіздің қалай дайындалатыны жайлы жеке пост немесе бейнежазба дайындаңыз. Бұл өнім туралы «аңыздарды» жоюға көмектеседі. Тұтынушылар мұны өз көзімен көрсе, брендке деген ойы да өзгереді.

Көңіл көтеретін контент

Юмор

Әлеуметтік желі беттеріндегі кең таралған контент түрі болып табылады. Мұндай контентті қолданушылар саны азаймайды. Бастысы әзіл шектен шықпауы керек. Мақсатты аудиторияға бағытталғандықтан тақырыпқа сай болғаны жөн. Түрлі қызықты афоризмдерді, суреттерді, комикстерді жариялауыңызға болады.

Қызықты және креативті суреттер

Түрлі тақырыптар бойынша әдемі, ерекше, креативті суреттер табуға болады. Мұндай контент саяхаттау, интерьер, сыйлық, арт тақырыптарына сай.

Жұмбақ пен бас қатырғыш

Зерттеу нәтижесі бойынша тұтынушылардың басым көпшілігі жұмбақтар мен бас қатырғыштарды қуана шешеді екен. Жұмбақтар сіздің тақырыбыңызға сай болса, тіптен жақсы. Егер таппасаңыз, кез келген тақырыптағы жұмбақты қолдана аласыз. Сонымен бірге тұтынушылар назарына түрлі тақырыптағы тесттерді ұсынуға болады.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!