Миллионер

Тіл үйрену орталығы: 17 жасында кәсіп бастаған Мерей Молдабек

Тіл үйрену орталығы дамуы үшін не істеу керек?

Тіл үйрену орталығы қазіргі таңда өз кәсібін дамытамын деген жастар үшін таптырмас бизнес-идея. Алайда ондай орталық ашу үшін адамның өзі сол тілді жетік меңгеруі тиіс. 20 жастағы Мерей Молдабектің тіл үйрену орталығын дөңгелетіп әкеткеніне биыл үшінші жыл. «MM_s school» ағылшын тілі орталығын ашқан Мерей бүгінгі күні өз қатарластарынан бірсәрі алда. Балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген жас кәсіпкер-мұғалім Balbal.kz мотивациялық сайты оқырмандары үшін шет тілін оқыту орталығын жүргізудің қыр-сырын айтады.

Сүйікті іспен айналысу – жоғарғы нәтиженің кепілі

Мерей Молдабек:

Ағылшын тіліне деген қызығушылығым шетел әндерін тыңдаудан басталды. Шетел әншілеріне қызығып, солардың әнін, сұқбаттарын тыңдап, еш қиындықсыз түсінгім келді. Мектеп кезінен ағылшын тілін жақсы оқитынмын, одан әрі деңгейімді дамыту үшін түрлі курстарға, онлайн сабақтарға ақша төлеп қатысатынмын. Осылайша менің ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергенім байқала бастады. Кішкентай сынып оқушыларына, өз сыныптастарыма түсіндіру ұнайтын. Кейін бір танысым ағылшын курсын ашып, мені жұмысқа шақырған. Сол жерде жұмыс істеп жүріп, менің де ойыма осындай білім беру орталығын ашу идеясы келді.

Алғашқы қадамды қалай бастау керек?

Білім беру орталықтарын ашу үшін қалтада кемінде 120 000 теңге болу керек. Ал өзіңіздің өткізетін орныңыз, дайын мекеме болса, тіптен жақсы. Ішін ретке келтіріп алсаңыз болды. Ал ондай жағдайыңыз болмаса, белгілі бір мекемені жалға алып, оны әсемдейсіз. Сабақ өтуге ыңғайлы жағдай тудыру керек, ол сіздің өз талғамыңызға байланысты. Сіз балалармен жұмыс істейтін болғандықтан, ішін көрнекі етуге тырысыңыз. Сол саладан алған жетістік, сертификаттарды іліп қойыңыз. Өз шамаңызға қарай мекемені таңдаңыз. Әдемілігіне, орналасқан жеріне қызығып, өте қымбат жерлерді жалға алудың қажеті жоқ. Бірақ қаланың шетінде орналасқан өте тар жерлерді де таңдамаңыз. Бұл клиенттерді қашырып жібереді. Өзіңіз тіл біліп, сабақ бере алсаңыз, бастапқы кезде өзіңіз ғана сабақ бергеніңіз жөн. Өзім оқуды сырттай оқитын болғандықтан, көп уақытымды сабақ беруге арнай алдым. MM_s school-да оқу айына бір адамға 17 500 теңге. Кейіннен студенттер көбейгенде, жаныңызға сенімді, тәжірибелі адамдар жинайсыз. Қазіргі таңда менімен бірге үш мұғалім жұмыс істейді, оның екеуі – шетелдіктер. Шетелдік мұғалімдер Қазақстанның оқу орындарына шақыртылған екен, бос уақыттарында орталықта сабақ береді. Осындай адамдармен жұмыс істеу сіздің орталығыңыздың атына оң әсерін береді. Алғашқыда жеңілдіктер, ынталандыру сыйлықтарын ұсынып қызықтырыңыз. Бала өзін мектептегідей емес, еркін сезінуі керек.

Жарнамаңыз мықты болсын!

Кәсіптің дамуы тікелей адамдардың келуіне байланысты. Жарнаманы жаныңыздағы адамдар, дос-жаран, туыстарыңызға таратудан бастаңыз. Себебі адамдар алыстағы бейтаныс жаннан гөрі өз танысына сеніммен қарайды. Қазіргі әлеуметтік желі арқылы танымал болуға болады. Сол себепті парақшаңыздың жұмысын әрдайым назардан тыс қалдырмаңыз. Мерей — Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі. Мерейдің жарнамасын жақсы жүріп кетуіне аталмыш мектеп көмектескен. Ол мектеп директорымен келісіп, мектепте мастер-класс жүргізіп, жұмысын оқушыларға таныстырған. Осылайша алғашқы студенттері – түлеп шыққан мектебінің оқушылары болды.

Заман талабы

Бұл кәсіптің ерекшелігі – заман талабына сай қажеттілік тудырып отырғандығы. Сапалы білім, жоғары мансап, жалақысы жоғары жұмысқа ие болу үшін бірнеше тілді білу керек, соның ішінде ең маңыздысы – ағылшын тілін меңгеру. Сондықтан осындай орталықтарға кішкентай балалардан бастап студенттер, орта жастағы, тіпті жасы үлкен мамандар да жүгініп, тіл меңгеру деңгейін көтеруге тырысып жатыр. Соған сәйкес курстарды ашып жатқан адамдар көп. Бәсекелестікке төтеп беріп, көптің ішінен айқындалып шыға білу керек. Қанша жерден жарнама мықты болса да, сапасыз біліммен кеңге қанат жая алмайсыз. Бастысы келген клиентті тек ақша құюшы ретінде емес, сізден білім нәрімен сусындағысы келетін жан екенін ұмытпаңыз. Шын ниетіңізбен білім беруге құштар болыңыз.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова                    

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!