Табыс

Анар Хамза. Digital-өнер бизнесіңізге жаңа тыныс сыйлайды

Анар Хамза суреттерді сөйлетіп, компанияның бедеріне жан бітірген жас кәсіпкер.

Анар Хамза жас та болса өз кәсібін бастап, іскерлік әлеміне енді ғана бет бұрған кәсіпкер. Болмысы нәзік, талдырмаш қыздың арманы асқақ. Ол айналысатын кәсіп түрі де ерекше. Суретшілік қабілетін жаңа арнаға бұрып, заманның талабымен өкшелес келе жатыр десек те болады. Өйткені ол компаниялар, жеке бизнес өкілдері үшін брендинг, логотиптердің веб-дизайнын жасаумен айналысатын Galam Design Studio-ның негізін қалады. Өзінің жеке кәсібі туралы Анар Хамза Balbal.kz сайтына сұхбат берген болатын.

Анар Хамза:

Анар Хамза - Жас кәсіпкер
Анар Хамзаның жеке мұрағатынан, @galam.design. Байланысу үшін 8 775 846 57 59

Менің бұл саладан алыс болуым мүмкін емес еді…

Суретшілік менің қанымда бар болғандықтан, бұл өнерден менің алыс болуым мүмкін емес еді. Өйткені әкем – суретші. Әлі күнге дейін сурет салады. Майлы бояуларды жанына серік етіп, суретшілігін жақсы көреді. Ал анам болса неміс тілінен сабақ берген. Содан кейін тігінші болды, жеке кәсіппен айналысты. Мен осындай жандардың тәрбиесін көріп өстім. Әр адам үшін бірінші орында ата-ана ғой. Әрдайым сол кісілердің қолдауын көріп келемін.

Анар Хамза - Жас кәсіпкер
Анар Хамзаның салған суреті. Жеке мұрағатынан…

9-сыныптан кейін Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжінде оқыдым. Негізі әкем де сол жерден білім алған болатын. Білім ордасында сурет салудың барлық қыр-сырын үйрендім. Бойыңдағы таланттың шыңдалуына жақсы ұстаз да әсер етеді ғой. Менің ұстаздарым жақсы болды. Суретші мамандығын алып шықтым. Ол білімді қазіргі күнге дейін пайдама асырып келемін. Сол себепті бояу және композиция жағынан қиналған емеспін.

Digital-өнерге қызығушылығым оянды

2011 жылы Bilim Media Group компаниясына жұмысқа тұрдым. Жаңа жоба ашылып, «iMektep» жұмысын бастаған болатын. «iMektep» – 1-4 бастауыш сынып оқушыларына арналған жоба. Сол кезден бастап менде сандық, яғни digital-өнерге деген талпыныс, қызығушылық оянды. Adobe Photoshop, Adobe Illustrator деген бағдарламаларды үйреніп алдым. Бірден оңай болып кетпесе де еш қиындық тудырған жоқ. Жобада жұмыс істеу мен үшін үлкен жетістік болды.  Өйткені нағыз тәжірибелі мамандармен танысып, өзіме жетпей жатқан білімімді толықтырып, біліктілігімді арттырдым. Оператор, әнші, суретшілермен бірлесіп жұмыс істедім.

Анар Хамза - Жас кәсіпкер
Анар Хамзаның қыл қаламынан шыққан сурет. Жеке мұрағатынан

«iMektep» жобасы  аяқталар кезде «Kitap.kz» жобасына кірістік. Kitap.kz – қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармаларын оқу және тыңдау мүмкіндігін ұсынатын онлайн платформа болғандықтан, кітаптарға арналған иллюстрацияларды сала бастадық. Photoshop бағдарламасымен, кейде қолмен күндіз-түні сурет салып, сол жақта қонып істеген жұмыстарымыз болды. Kitap.kz жобасын бастаған кезде мен веб-дизайнның қыр-сырынан хабарсыз едім. Маған соның барлығын Санжар Кенжеханұлы үйретті. Өте білікті, білімді маман. Сол кісімен бірлесіп жұмыс істедік.

Жас дизайнер
Анар Хамзаның жеке мұрағатынан. «Kitap.kz» жобасы

Қосымша көп іздендім, түрлі ақпараттарды оқыдым. Мотивациялық көптеген видеолар қарадық. Ол кісі маған Стив Джобстың видеоларын жиі көрсететін. Осы кісіні қара, еңбектерінен үлгі ал дейтін. Екеуміз кәдімгідей барлығын талқылайтынбыз. Сол үшін де Санжар Кенжеханұлына айтар алғысым шексіз. Ол әрине бастамасы болатын. Одан кейін де жобаның дизайны екі рет өзгерді. Салыстырып қарайтын болсақ, бірінші дизайн баламыз сияқты. Ең алғашқысы болғаннан кейін қателіктер де көп кездесті. Кейін оны курстарға барып, қосымша сабақ алып, өзім түзедім. Ол 2013 жылы басталған жоба, 2017 жылы дизайнын қайта өңдедік.  Kitap.kz жобасы мен үшін ірі, көлемді жоба болды.

Bilim Media Group
Анар Хамзаның жеке мұрағатынан

Одан өзге Openu.kz деген жоба болды. Ұлттық аударма бюросының тапсырысымен бірлесіп жасаған жоба болатын. Ол жерде ашық университет жұмыстары қамтылған. Маған Bilim Media Group компаниясымен жұмыс істеген ұнады. Өйткені білімділер бас қосқан жобада жұмыс істеу шынымен де қызық. BilimLand жобасына да ат салысқанмын. Біз Kitap.kz жобасымен бірге BilimLand жобасын да ілгерлеттік. BilimLand-ті Алмат Құрмашев деген жақсы дизайнермен бірлесіп жасадық. Ол кісіні де өзіме ұстаз тұтамын.

Жас кәсіпкер
Анар Хамзаның жеке мұрағатынан. @galam.design

Менің өзіндік жұмыс істеу тәсілім бар

Мен тапсырыс берушімен жұмыс істеген кезде бірнеше қағидаттарды басшылыққа аламын. Кез келген адамның өзіндік ұстанымдары болады. Мысалы, «мен осындай логотип жасағым келеді», «менің логотипім осыған ұқсас болсын» деп айтып, өздерінің тілектерін білдіріп жататындар бар. Әркім өз компаниясының, фирмасының, жеке кәсібінің бет-бедерін ерекше дизайнда көргісі келеді. Менің логотипім осы дәрежеге сәйкес болсын дейтіндер де бар. Түрлі брендтерді мысалға келтіреді. Жұмыс істеу барысында соған да қараймын. Клиенттермен жұмыс жүргізу кезінде өзімнің қоятын жеке сұрақтарым да бар. Тапсырыс берушімен сөйлесу арқылы алдымен логотиптің табиғатын анықтап аламын. Логотипті адамға теңесек, оның да өзіндік характері болады. Ол да адам сияқты, оның да жан дүниесі, сыры, өзіндік көзқарасы бар.

Анар Хамза
Анар Хамзаның жеке мұрағатынан

Логотип – жобаның сырт келбеті. Жан дүниесін, ішкі сырын, бизнестік ұстанымдарын белгілейтін белгі. Логотипке қарап-ақ, жоба не туралы, не айтқысы келетіндігін түсіне алатындай болуың керек. Бір сөзбен айтқанда, ойландыратын белгі шығу керек. Сол мақсатта өзімнің жеке сұрақтарым болады. Логотипті адамға теңесек деп айтып кеттім ғой, оның бойы қандай, түсі қандай, басты мақсаты қандай болу керек деген сияқты сұрақтарға жауап іздеймін. Содан кейін ғана мен логотиптің дизайнын ойластыруға кірісемін. Әр логотипті құрастырмас бұрын, өзімді тұтынушы ретінде елестетемін. Мысалы спорттық стилдегі логотипті жасасам, спортпен айналысып кетемін. Спорт киімдерін киіп өзім де соған сай болуға талпынамын.

«Жас кәсіпкер» жобасында білім алдым

Үнемі ізденіс үстіндемін, қазақстандық дизайнерлердің жұмысын күнделікті қарап отырамын. Мамыр айында жұмыстан шығып кеттім. Өйткені өзімді фриллансер ретінде көргім келді. Фриллансердің жұмысы бірде бар, бірде жоқ. Оның қиындықтары мен жеңілдіктері қатар жүреді. 7-8 жыл компанияда жұмыс істедім. Бастықтарым, ұстаздарым болды. Оларға алғыс айтамын, көп нәрсе үйрендім. Бірақ өзімнің ісімді бастағым келді. Өзімді сондай дәрежеге жеттім деп есептеймін. Сосын мамыр айында осындай шешім қабылдап, жұмыстан шығып, кішігірім тапсырыстарымды алып, үйде отырып жасай бастадым.

Жаз айында «Атамекеннің» «Жас кәсіпкерлер» жобасының жарнамасына көзім түсті. Шынымды айтсам, өте қатты қызығып кеттім. Толығырақ іздестіріп сұрасам, жас кәсіпкерлерді бизнеске оқытады екен. Өзімді жаңа қырымнан тану мен үшін әрдайым қызық. Сол себепті «Жас кәсіпкерде» оқыдым. Оқу барысында жақсы адамдармен таныстым, жаңа достар таптым. Ол жерде кәсіп бастап көргені бар, көрмегені бар барлығымыз бірге бір белестен өттік.

Кітапты талғаммен оқимын

Айн Рэндтің «Атлант расправил плечи» деген кітабын өткен қыста оқып шықтым. Үш томдық кітап маған қатты әсер етті. Кітаптың желісі бойынша Дагни есімді кейіпкері бар. Сол кейіпкерге қарап, өзімді Дагниге теңестіре бастадым. Сол сияқты мықты болғым келді ме, ол жағын білмедім. Әйтеуір менде ерекше талпыныс пайда болды. Кітаптар маған қатты әсер етеді. Әсіресе сол кітаптағы кейіпкермен өзімді көп салыстырамын. Солар сияқты мықты болғым келеді, романтик болғым келеді. Көбіне биографиялық кітаптар оқығанды ұнатамын. Эрик Шпикерманның «О шрифте», Стив Кругтың «Не заставляйте меня думать» деген жақсы кітаптары бар. Мастер класстарға, түрлі семинарларға қатысып, өзімнің шығармашылығымды шыңдап отырамын. Яғни, үнемі ізденіс үстіндемін.

Нені ескеру керек?

Негізі жақсы дизайн кез келген бизнесті алға қарай ілгерлетеді. Сол себепті кәсібіңізді бастамас бұрын, жеке логотипке мән берген жөн. Кейбіреулері өз компанияларын жарнамалайтын логотиптерді интернеттен көшіріп жатады. Бұл ең алдымен заңсыз, екіншіден кәсіби деңгейіңізді төмендетеді. Сонымен қатар компанияның беделі артқан кезде басында ойланбай қоя салған логотипті қайта өңдеу қиынға соғады. Өйткені адамдардың барлығы сол компанияны бастапқы логотипімен тани бастайды. Әлбетте, егер сіз оны ғаламтордан жүктеген болсаңыз, өзгертуіңізге тура келеді. Сол үшін ісіңізді бастамас бұрын жеке брендіңізге аса мұқият қараңыз деген кеңес айтар едім.

Көп еңбек пен сапалы нәтиженің арқасында кәсібімді жақсы жолға қойғым келеді. Сол үшін өзіме ылғи да: «10 жылдан кейінгі Анар ең алдымен энергиясы тасыған жас болуы керек, өзгелерге көмектесе алатын жағдайы болу керек», – деп есіме салып отырамын. Қарамағыма бірнеше адам алып, халықты жұмыспен қамтығым келеді. Galam Design Studio-ның үлкен фирмаға айналғанын қалаймын.

Сұхбаттасқан: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close