Миллионер

Бауыржан Қасымбергебаев – 18 жасында директор атанған кәсіпкер

Күніне үш рет қуырылған пиязды жеп өскен бала

Бауыржан Қасымбергебаев – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы кәсіпкер, меценат, Синегерия университетінің қазақстандық өкілдігінің бас директоры.

 

Ерте есейген Бауыржан

1980 жылы 3 наурызда дүниеге келген. Алты жасқа толғанда әкесінен айырылып, анасы екеуі Омбы қаласына көшіп кетеді. Сондықтан бала Бауыржан үлкендермен бірдей жұмыс істеп анасына қолқанат болды. Ол кездегі ақшаның тапшылығына байланысты, жұмыста айлық ретінде пияз беріп отырған. «Күніне үш мезгіл қуырылған пияз жеген күндеріміз де болды» деп еске алып отырады. Еденді де жуып, жанармай бекетінде де жұмыс істеп, жан -жақты ақша табудың жолдарын іздеген. Бауыржан ерте есейді, анасының ауыр жұмыс істегенін, қиыншылық көргенін қаламады.

Владимир Довганьмен таныстық

Ол Мәскеу қаласына барып, жоғары білім алғысы келді. Анасының қолдауымен үлкен қалаға жол тартты.
Ресейдің астанасына келгенде ең алғаш қол ұшын созып, үлкен өмірге жол ашқан ресейлік меценат, кәсіпкер Владимир Довганьнің қосқан үлесі зор болды. Бауыржан Қасымбергебаевтың шыншылдығы мен табандылығы, жігері меценаттың көңілінен шығып, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика, информатика университетіне қабылданады. Кәсіпкер студенттің көзінен ұшқынды, алға деген ұмтылысын байқаған. ММЭСИ университетінің «Бизнестің жаңа технологиясы» факультетін 2 жылда үздік бітіреді.

Гиннестің рекордтар кітабына енген кәсіпкер

В.Довгань Бауыржаннан университетті бір жылға болсын ерте бітіріп, өзіне көмектесуді сұрайды. Одан кейін Ресейдің «Astravel» ірі туристік компаниясына жұмысқа кіреді. Ол жердегі басты міндеті жазғы демалыс орындарына жолдама сату болды. Мұнай компаниясына қоңырау шалып, барлық жолдамаларды сатқан. Бір қоңыраумен миллион долларға келісімшартқа отырған. Сол жеңістен бастап компания дамудың даңғыл жолына түсті, онымен қоса оның мансабы да өсті. 3 айдан кейін Бауыржан Тілеубергенұлы Омбы қаласындағы туристік компанияның филиалын басқарып, әлемдегі ең жас директор ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Жас кәсіпкердің елге оралуы

Алты жасында елінен жыраққа кетіп, араға жиырма жыл салып 26 жасында Атамекенге оралды. Қазақстанда Білім және ғылым министрінің ең жас кеңесшісі атанды. Жаңа салаға келгенде өмірдің жаңа парағы ашылды десе де болады. Себебі, бұл ол үшін бейтаныс сала еді. Үш айдан кейін Болашақ бағдарламасының вице-президенті, ал бір жылдан кейін бағдарлама президенті қызметін атқарды.

Мәскеу үкіметі жанынан университет сатып алған алғашқы қазақ

Бауыржан Қасымбергебаев үнемі білімін жетілдіріп, әлемдегі озық тәжірибелерді меңгергенді жөн санайды. Сондықтан өзі де Болашақ бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда London School of Economics and Political Science университетін тәмәмдады.
Шетелде алған білімі еңбек тәжірибесінде өз пайдасын берді. Білім саласына тың жаңалықтар енгізді. Бауыржан Мәскеу үкіметі жанынан университет сатып алған алғашқы қазақ болды. Бүгінде Ресей экономикалық университеті Қазақстандағы өкілдігінің басшысы.

Жомарт бизнесмен

Тәрбие көрген, тұрмыстың тауқыметін сезінген адам өзгенің басындағы қиындыққа бей-жай қарай алмайды. Бүгінде ауқатты азаматқа айналған ол үнемі мұқтаж жандарға қол ұшын беруде. Мүмкіндігі шектеулі отыздан астам жасқа жоғарғы оқу орнында оқуға грант берді. Одан бөлек мүгедек балаларға арналған түрлі шаралардың демеушісі. Осындай елеулі еңбегі үшін «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының номинанты болды.

«Бір мезгілде оқитын және жұмыс істейтін адамдар үлкен табысқа жетеді» деген қағиданы ұстанып келе жатқан Бауыржанның жастарға берер тағылымы мен көрсетер үлгісі мол.

Дайындаған: Айдана Рымханова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!