Таным

Армандау технологиясы. Арманды қағазға түсіре білу өнері

Армандау технологиясы – мотивация көтерудің бір жолы

Армандау технологиясы өткен жылды қорытындылап, келер жылға арналған жоспарларды қағазға түсіруге көмектеседі.  Армандау технологиясы көмегімен адам бір мезет аялдап, өміріне көз жүгіртуге мүмкіндік алады. Қарбалас тіршілікпен кейде өмірден не қалайтынымызды, кім болғымыз келетіндігін ойластыра бермейміз. Іс-әрекеттерімізге қарап, «Қаншалықты бақыттымыз?», «Өмірімізге қаншалықты ризамыз?», «Жүрегіміз не қалайды?» деген сұрақтарға жауап іздестіре бастаймыз. Ұзақ ойлана отырып, аңсаған тілегімізді қағазға түсіреміз. Ал қағазға жазылған арман-жоспар жылы төсектен ерте тұрып, іс-әрекетке көшуге көмектеседі.

Армандау технологиясы ертеңі бітпейтін еріншекті іскер адамға айналдырады. Арманы бар адам еңсесі түскенде армандарына қарап күш алады. Ендеше Balbal.kz мотивациялық сайтының ақыл-кеңесіне жүгіне отырып армандауды қолға алайық.

Блокнот сатып аламыз

Көздің жауын алатын әдемі блокнот арзан тұрмайды. Оны канцеляриялық дүкеннен оңай таба аласыз. Алайда мұқабасы қатты, парақтары аппақ блокноттың өзі шабытыңызға шабыт қосады. Сондықтан армандарыңызға блокнотқа әлде жай қалың дәптерге жазасыз ба, таңдау өз еркіңізде. Ең бастысы, парақ саны жеткілікті болсын.

Ойды қағазға түсіреміз

Ойды қағазға түсіру армандау – технологиясының басты шарты. Қолмен жазылған арман жүрек түкпірінде жатқан арман-тілектен қарағанда іске асуға бейім. Мульмиллионер Саидмурод Давлатов өзінің «ТМД аумағында қалай миллионер атануға болады?» кітабында былай деп еске алады: «Өзімнің туған ауылыма үй көтеру үшін барғанмын. Шатырда жатқан ескі заттарды шығарып, реттеп жатқанда көзім сарғайған дәптеріме түсті. Қаншама жыл бұрын құдайдан тілеген бар арманым тізбектеліп жазылып тұр екен. Ойланып қарасам, олардың бәрі өмірге айналып үлгерген. Міне, ғажап!». Қазірдің өзінде мультимиллионер 11 блокнотпен дос екен. Әрқайсысының бағыты әрқилы. Біреуіне ойына сап етіп түскен идеяларды жазса, біреуін алғыс айтуға арнаса, енді біреуіне армандарын жазуды әдетке айналдырған. Тіпті қол жеткізген жетістіктерінің өзін арнайы бір блокнотқа жазып отырады. Давлатовтың айтуынша, мұның бәрі үздіксіз алға жылжуға көмектеседі.

Идеалды күнімізді сипаттаймыз

Адамның бәрі бай әрі бақытты болғысы келеді. Алайда оларды қандай құдырет байлық пен бақытқа жеткізетіндігінен бейхабар. Өмірдегі миссиясын не екендігіне бас қатырмаған олар тіпті бүгінгі күннің өзінде бақытты әрі дәулетті екендерін білмей, барын бағаламауы мүмкін. Іштен тілегені орындалған адам өзін бақытты сезінеді. Мұндай бақытты сезіну үшін тау қопару міндетті емес. Қуаныш Шонбайдың «Shonbay online university» үздіксіз даму университетінде «Идеалды күн» жаттығуын жасатады. Тапсырма бойынша әр адам өзінің сәтті күнін суреттейді. «Таңғы жетіде ояндым», «Екі литр су іштім», «20 минут кітап оқыдым» дегендей іс-әрекеттер сипатталуы мүмкін. Күн сайын осындай кішігірім жетістіктерге жеткен адамның көңіл-хошы көтеріңкі жүреді. Бір жылға, бес жылға, он жылға арналған жоспарды жазып шықпас бұрын өзіңізді бір күніңіз қалай өткенін қалайтыныңызды анықтаңыз. Бір күніне шүкірлік етіп, алғыс айтқан адамға өмірін жоспарлау қиынға соқпайды.

Келер шақта емес, осы шақта жазамыз

Арнайы бір блокнот сатып алу қажет екендігін айттық. Алайда бұл тек бастамасы ғана. Ендігі кезекте ойымызға келген бар арман-тілегіміз орындалғандай осы шақта жазып шығамыз. «Магистратураға түскім келеді» деп емес, «магистратурада оқимын» дейміз. «Арықтаймын» сөзін «Салмағым 70 келі» деп алмастырамыз.

Жылдарға бөлеміз

100 арманыңызды жазып шықтыңыз. Енді оларды жылдарға бөлеміз. Cолардың негізінде бір жылдық, үш жылдық, бес жылдық, он жылдық жоспар құрамыз. Арманымыз өмірге айналу үшін не істеуіміз қажет деген сұрақты өз-өзімізге қоя отырып, әр арманның қасына жасалынуы тиіс іс-әрекеттерді тізіп шығамыз. Мысалы, магистратуда оқимын дегеннің қасына «ағылшын тілінен дайындалу», «магистратураға қажет құжаттар» дейміз.

Қияли болмаймыз

«Айлығым көтеріледіні» «ай сайын 300 000, 500 000 теңге аламын» деп ауыстыру қажет екендігін тілге тиек еткен болатынбыз. Біреулер армандаймын деп бірден миллиондаған сомаларға көз тігеді. Ендігі кезекте бос қиялға берілмей, бүгінгі таңда алып жүрген айлығыңыздан үш есе көп сома мөлшерін ғана жазу қажет. Үш кітаптың авторы атанбас бұрын бір кітап жазып шығыңыз.

Күн сайын арманымызбен өмір сүреміз

Рауандап атқан әрбір таң сізге берілген жаңа мүмкіндік екендігін естен шығармаймыз. Күн сайын арманымызды өмірге айналдыру үшін тапжылмай іс-әрекет етеміз. Көңіл-күйіміз түсіп, ешнәрсеге зауқымыз соқпаса, армандарымыз жазылған дәптерді парақтап шығамыз. Сіздің армандарыңыз сізге күш-қуат беретініне сенеміз.

Дайын күнделіктер бар

Бүгінде күнделікті жоспарларға, шабыттандыратын сөздерге, пайдалы ақыл-кеңестерге толы дайын күнделіктер сатылады. Мұндай күнделіктердің бір жақсы жері – қандай ақпаратты қай жерге жазамын деп бас қатырмайсыз. Тіпті кейбірінде «осы аптада оқыған кітаптарым», «көңілімнен шыққан кинолар», «алғыс айтамын», «қанша теңге жұмсадым», «біліміме қаншалықты көңіл бөлдім» деген бөлімдер бар. Бір айта кетерлігі, кәсіпкер Еңлік Әбдіқадырдың, психолог Назгүл Беспаеваның, мультимиллионер Саидмурод Давлатовтың, «Баспаналы бол» марафонын өткізетін журналист Дәулет Мұқаевтың күнделіктерін кітап дүкендерінен табуға болады.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close