Біліп жүр

Дауншифтинг һәм өзің үшін өмір сүру пәлсапасы

Дауншифтинг дегеніміз не?

Дауншифтинг деп қалалық өмірдің жылдам қарқынмен өзгеріске ұшырауын атайды. Ал дауншифтер сол өзгерісті қабылдай алмаған адамдар. Дауншифтингтің анықтамасы «өзің үшін өмір сүру» философиясы және қоғамда қалыптасқан құндылықтардан бас тартумен түсіндіріледі. Беделді лауазым мен табыс көзі мол жұмыстан кету арқылы өмір салтыңыз 360°-қа өзгеретіні белгілі. Қысқасы, дауншифтингтің негізгі идеясы – қалауыңмен үйлесімділікте өмір сүру.

Тарихы

1960-жылдары «адам өзін-өзі тану үшін ғана емес, материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін де әрекет жасау керек» деген ой қалыптаса бастады. Мәселен, Гаутама Сиддхартха патша тағынан бас тартып, «өзін іздеп табу» мақсатына жетуді көздеді. Рим императоры Диоклетиан да биліктен қол үзіп, орамжапырақ өсіруді кәсіп еткен. Ал француз суретшісі Гоген банк ісінен алыстап, шығармашылық жолды таңдаған.

Дауншифтингте жұмыстан, күнделікті тіршіліктен жалыққандар үшін 3 мүмкіндік бар :

  1. Өз мамандығыңыздан басқа салаға бет бұру;
  2. Алысқа кетіп, жағдайды өзгертуге мүмкіндік жасайтын қашықтықтағы жұмыс;
  3. Сізге басшылықтан жүктелген міндеттерден бас тартып, уақытыңызды өзіңізге арнау.

Соңғы нұсқа кеңсеге сирек бас сұғатын кәсіпкерлерге арналған. Көп жағдайларда дауншифтер жылы аймаққа қоныс аударады, себебі олар үшін жылы климат, арзан тауар және қолайлылық өте маңызды.

Дауншифтер өмір сүруге қаражатты қайдан табады?

Еркіндік пен тәуелсіздікті таңдаған топ өкілдері арасында ақша табудың кеңінен таралған тәсілдері бар:

  1. Қашықтықтағы жұмыс. Егер сіз программист, дизайнер, жарнама саласының маманы немесе копирайтер болсаңыз, онда сіздің жұмысыңыз қоныстанған орныңызға байланысты болмайды.
  2. Жеке меншік пәтеріңізді жалға берсеңіз, ай сайын белгілі бір мөлшерде шотыңызға ақша түсіп тұрады.
  3. Жақын адамдарыңыздың көмегі арқылы да өмір сүруге мүмкіндік бар. Яғни олар сізге қажет болғанда ақша аударып тұрады.

Кейде дауншифтер суретке түсіру, шәкірт тәрбиелеу, шығармашылықпен айналысу сияқты сүйікті істерін де табыс көзіне айналдырады.

Дауншифтинг кері әсерін тигізе ме?

21 ғасыр – технологияның қарқынды дамып, жаңа заңдар мен әдіс-тәсілдердің өзгеріске ұшырайтын уақыты. Сондықтан ұзақ үзіліс жұмыс тәжірибеңізге оң әсер етпесі анық:

  1. Табыстың кемуі. Жақсы жұмыстан бас тартқан жағдайда бұрынғыдай қалағаныңызға қол жеткізе алмайсыз. Ақшаңызды үнемдеп жұмсауға тура келеді.
  2. Әріптестеріңіздің, серіктестеріңіздің саны азаяды. Егер кәсібіңізді уақытша тоқтатсаңыз онда қайтадан 0-ден бастайсыз.

Еркін өмір сүрудің пайдасы неде?

  1. Жүйке жүйеңіз қалпына келеді. Күнделікті жұмыс кестесінің, басшылықтан қысымның болмауы көңіл-күйіңізді, жағдайыңызды жақсартады.
  2. Күн тәртібіңізді өз қалауыңыз бойынша жоспарлайсыз.
  3. Бос уақытыңыз көп болғандықтан  бойыңызда жасырынған жаңа қасиеттерді, өнерді жарыққа шығара аласыз.

Бизнес сферасындағы ең танымал дауншифтерлер

Бұл тізімге Drake Bean Morin компаниясының негізін салушы кәсіпкер Джон Дрейк енеді. Ол 15 жасынан жеке бизнесін ашып, кейін бәріне қолын бір сілтеп, «Дауншифтинг: аз жұмыс жасап, өмірден мол ләззат алу» кітабын жазды. Ал Ричард Кэннон «British Rail» компаниясындағы топ-менеджер қызметін тастап, көкөніс өсірумен айналысты. Ресейдегі тауар биржасын қалыптастырған Герман Стерлингов 90-жылдардың басында-ақ мультимиллионер атанған. Алайда президенттік сайлаудағы жеңілісінен кейін бар дүниесін сатып, отбасымен Мәскеудің шағын ауданындағы 37 гектар жерге көшіп кеткен. Қазіргі уақытта кәсіпкер ауыл шаруашылығымен айналысады: көкөніс өсіріп, қаз бен қой бағады. Статистикаға сүйенсек, АҚШ-тағы адамдардың 30%-ы, Австралиядағы тұрғындардың 26%-ы, Батыс Еуропаның 14-17%-ы өздерін дауншифтер санайтын көрінеді.

Кейде тас қаланың тар көшелерінде тынысыңыз тарылып, жаныңыз тыныштықты қалап тұрады. Ол – заңдылық.  «Тіршілік» деп жүріп денсаулығыңызға, миыңызға ауырлық салмаңыз. Өзіңіз үшін өмір сүруді әдетке айналдырыңыз. Наразылыққа, ашуға, күрсінуге, түңілуге емес, әр күніңізді қуанышқа, ерекше естеліктерге, күлкіге, жетістіктерге толтырыңыз. Себебі өмір біз ойлағаннан да қысқа.

Дайындаған: Айжан Сыланова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!