Біліп жүр

Газетке мақала жазатын журналистерден 6 лайфхак

Газетке жұмысқа тұрғыңыз келе ме?

Газетке мақала жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Баспа материалдары қатаң тексерістен өтетінін білеміз. Оның өз қағидалары, ерекшеліктері бар. Balbal.kz мотивациялық сайты баспаға материал дайындау қадамдары туралы материал дайындады.

Жоспарлау

Материалға керек ақпарат, фактілерді жинағаннан кейін нені және қалай жазатыныңызды ойластыру керек. Мақаланың негізі – идея. Сіздің қаншалықты әдемі теңеулер, қанатты сөз жазғаныңызды маңызды емес, маңыздысы – ой. Не айтасыз?

Сюжет сіз ойлағандай оңай бола бермейді, кейде ол қызықсыз, күрделі болу мүмкін. Сіз жинаған фактілерден нені іліп алуға болады?

Мақаланың форматы: қалай жазасыз? Бұл таза ақпарат па, әлде әлеуметтік мәселе ме? Көңіл көтеру мақсатында жазылатын мәтін бе?

Ақпараттық хабарлама үшін ұзақ жоспар құрудың қажеті жоқ, қарапайым сұрақтарға жауап берсеңіз жеткілікті: Кім? Не? Қашан? Қайда?

Ал ірі мақала жазу үшін міндетті түрде жоспарлап аласыз. Негізгі ойларды тізіп, неден кейін не болатыны көрсетілу керек.

Мықты мәтіннің 6 белгісі

Нақтылық

Мақаланың ойы да, сөзі де нақты болу керек. Олай болмаса қайта жазыңыз. Ол үшін мынаған назар аударамыз:

Жазайын деген сөзіңіз түсінікті ме, мағынасын ашып тұр ма?

Басқаға бірдеңе түсіндіру үшін бірінші өзіңіз түсінуіңіз керек. Түсінбесеңіз жазбаңыз.

Оқырман өзі түсініп алады деген ойдан қашық болыңыз!

Логикалық тізбекпен бәрін түсіндіру керек. А-дан бірден В-ға көшсеңіз, ол B-да не болғанын дұрыс түсінбей қалады.

Жаргонды түсіндіріңіз

Көбіне жаргондардан аулақ болу керек деп жатады. Бірақ оларды қосу бір жағынан дұрыс. Тек орнымен. Оқырман материалды оқи отырып, сол салаға кішкене болсын еніп, мағлұмат алады. Сол жаргонды қолданғаннан кейін оның мағынасымен бөлісіңіз.

Ақылды болып көрінуге тырыспаңыз

Мақаланы өз біліміңізді, ақылыңызды көрсету үшін жазбайсыз. Сіздің мақсатыңыз – ойыңызды оқырманға жеткізу.

Тіл тазалығы

Газет мақалаларының негізгі міндеті — оқырманға бұрын болмаған нәрсені беру: ақпарат, түсініктемелер, бақылаулар, талдау және т.б. Дәстүрлі медиа сөзімен, тіл тазалығымен ерекше. Мұнда назар аудару керек дүниелер:

Әр мақаланы жаңа жоба ретінде қарастырыңыз

Бір сарынды формуладан алшақ болыңыз: «былай деді», «Ол айтты». Сюжет бір-біріне ұқсас келеді, бірақ оның әрқайсысын түрлендіріп беріңіз.

Клишелерден аулақ болыңыз

Клише – бұл таныс болып кеткен, сіңіп кеткен тіркестер. Жақсы ереже бар: егер сіз сөздердің клише екендігіне күмәндансаңыз, онда ол міндетті түрде клише және оны дереу жою керек».

Сөздерді автоматты түрде пайдаланбаңыз

Кей журналистер белгілі бір зат есімдерді инстинктивті түрде белгілі бір сын есімдермен байланыстырады. Барлық істерді «маңызды», барлық оқиғаны -«таңғаларлық», барлық кісі өлтіру — «қатыгез», барлық мәселелер — «кең таралған», т.б. Мұндай сын есімдер паразит сөзге айналды, олардың шамадан тыс қолданылуы бұл сипаттамалардың маңызын жояды.

Каламбур әдісін орнымен қолданыңыз

«Қалқам, жаным, қарағым, бетіңе келмес қарағым» деген С.Торайғыровтың өлең жолдарын естіген боларсыз. Бұл – сәтті каламбур. Дыбысталуы ұқсас сөздерді қолданып, стилистикалық оралым, құбылту, түрлендіру жасау. Оларды қолдануға толық тыйым салып керек емес, кейде ол сәтті шығуы мүмкін.

Жаңа салыстырулар ойлап табыңыз

Бұрыннан белгілі тұрақты тіркес, теңеулерді қолдана салған оңай. Бірақ мықты жазушылар әдеттегі сөз тіркестерін өзгертіп, оларға жаңа дем беруге тырысады. Шынымен айтқыңыз келетін нәрсені мұқият ойлаңыз және ойыңызды дәл жеткізетін сөйлемді табуға тырысыңыз. Осы арқылы оқырманның назарын аударасыз.

Неологизмдерден сақ болыңыз

Жаңадан пайда болған тренд сөздерден аулақ болыңыз.  Оны сізсіз-ақ қолданатындар жетіп артылады. Ал ол оқырманды жалықтырады. Daily Telegraph оқулығында айтылғандай: «Егер сіз барлық авторлар қолданатын сөзді қайталағыңыз келсе, сөзді не аудиторияңызды не жұмысыңызды ауыстырыңыз».

Шындық

Тек сенімді нәрсені жазыңыз

Мақалада «мүмкін», «солай шығар» деген болмау керек. Тексерілген, шын ақпаратты ғана жариялаңыз.

Болжам жасамаңыз

Сіз коментатор емес репортерсіз. Міндетіңіз оқиғаларды ойластыру емес, не болып жатқанын білу және оған есеп беру. Журналистика — болжау ойыны емес.

Нақтылық

Мақала қосымша сұрақ тудырмай, жауап беру керек. Журналист нақты жауап беруге тырысатын сұрақтар:

Не? Не болды?

Кім? Мұны кім жасады? Оның жасы, сыртқы келбеті, лауазымы, беделі, т.б.

Қайда? Бұл қай жерде болды?

Қашан? Іс-шараның уақыты мен күні?

Қалай? Бұл қалай болды? Не болғанын түсіндіріңіз.

Неге? Неліктен бұлай болды?

Мәтін жалпы болмау керек

Мәтіннің жалпылама екенін анықтау үшін көз жүгіртіңіз: бас әріппен жазылған сөздер қанша екенін қараңыз. Мекеме, адам аттары, анықтаулар көп болу керек.

Дұрыс масштабты қолданыңыз

Мақала авторлары құндылықтар шкаласын көрсету үшін көбінесе «іс жүзінде», «салыстырмалы түрде» және «өте» сияқты сөздерге жүгінеді. Бірақ «өте» қанша? Дәл болыңыз, жалпы бағалау шкаласын қолданыңыз.

«Ұзын әдемі әйел» Ол нені білдіреді? Ал бойы алты пұт болатын аққұба әйел деп жазса, бәріміз түсінеміз. «Ол ақылды» — маңызды емес сөйлем. Бірақ оның саясаттану дәрежесі бар деп жазса, анық бола бастайды.

Эвфемизмдерден аулақ болыңыз

Эвфемизмдер — адамдар шындықты астарлап, жасыратын тіл. Журналистер ирониядан басқа уақытта эвфемизмге жүгінбеуі керек. Өлім, апат, не болса да дөрекілік танытпай жазып шығыңыз. Сөздікпен жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Сәйкестік

Сәйкестік — бұл стильдің, тонның және мақала тақырыбының қарқыны. Кей оқыс оқиға, төтенше жағдайды осы әдіспен өңдеген жөн.

Қарқын сақтаңыз

Оқиғалардың қарқынды дамуы туралы есептер сондай қарқынмен жазылуы керек. Мұндай мақаланың тілі жігерлі, құрамы айқын, етістіктері түзу, сөз тіркестері, сын есімдер мүмкіндігінше аз болуы керек.

Тым қатты сипаттамаңыз

Оқиғалардың өзі әсер қалдырсын. Баға мен сипаттамаларды бере отырып, драма жасамауға тырысыңыз. Материалды «сенсациялық», «таңғаларлық» немесе «ерекше» деп жазбаңыз. Оқырман өзі шешсін.

Ойды астыртын жеткізіңіз

Егер мақала эмоционалды болса, асыра айтудан гөрі астыртын жазыңыз. Бұл олар керек дегенді білдірмейді, бірақ әсерді күшейтуге бағытталған сөздерден аулақ болған дұрыс. Эмоционалды материал ұстамды тонмен жазылған жағдайда жақсы әсер қалдырады.

 Әзіл

Тек орнымен болсын. Көптеген журналистер әзілмен жазу қиын екендігімен келіседі. Бірақ ақиқат қарапайым: газет беттерінде әзілдеу — Құдай берген талант.

Ең бастысы, мақаланы жазып болған соң тексеруді ұмытпаңыз. Дауыстап қайта-қайта оқып шығыңыз. Қысқартуға тырысыңыз. Мүмкін мына сөзді қысқартса, сөйлем мағынасы өзгермейтін шығар?!

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!