Біліп жүр

Назерке Құлжабай: Миды тану арқылы жетістікке жетуге болады

Назерке Құлжабай — жылына 3000 шәкірт тәрбиелейтін «Sana» дамыту орталығының негізін қалаушы, кәсіпкер. Алғашында қазақ тілді аудиторияны тауып, YouTube-қа пайдалы видео жүктеуден басталған ізгі іс қалай бизнеске айналды? Бұл туралы бүгінгі сұхбатта айтамыз.

Назерке Құлжабай:

Назерке Құлжабай
Назерке Құлжабайдың жеке мұрағатынан

           Бизнес идея қалай келді?

8 сыныпта өзімнен төменгі сыныптағыларды сабаққа дайындап, репетиторлықпен айналысатынмын. Сабақты ойын арқылы жүргізгенде ақпарат есте жақсы сақталатынын байқадым. Сонда кәдімгі мектептен бөлек мидың мүмкіндіктерін арттыратын өз мектебімді ашуды армандайтынмын. «Sana» орталығын ашу идеясы алғаш сол кезде келді десем де болады. Бертін келе мидың қаншалықты мүмкіндіктері зор екенін түсінген соң ол идеяны жүзеге асыруға бейсаналы түрде қадамдар жасала бастады. Әлеуметтік желіге пайдалы видеолар салдық, инстаграм жүргізіп жүрдік. Ол кезде ақша таптық деп айта алмаймын. Бұл үлкен істің бастауы ғана болатын.

Алғашқы маркетингтік қадамдар

Бұл істі жолдасым екеуіміз бірге бастадық. Мен контент жасау, ақпарат беруге жауап беріп, орталықтың ең басты әрі алғашқы спикері болдым. Ал жолдасым сайт жасау сияқты техникалық жұмыстарға жауап берді. Біз алғашында Instagram желісі арқылы жұмыс істедік, жарнама жасадық, алғашқы клиенттерімізді таптық. 2014 жылы инстаграм тек естелік фото, видеолармен бөлісетін құрал еді. Мен онда өзімнің парақшамды да белсенді түрде жүргізіп жүрдім. Біздің бұл желідегі қадамымыз келесідей болды:
— Instagram — дағы igtv бөліміне пайдалы видеолар жүктедік, контент жасадық;
— Тегін курстар жүргіздік;
— Ақырындап ақылы курстар жасай бастадық. Қазір кәсіп ашу үшін барлық жағдай жасалған, меніңше.

YouTube желісінде қазақша контент аз

Біздің ұтқан тұсымыз сол, әлеуметтік желілерді дұрыс қолданып, қазақ тілінде сапалы видеолар жасай білуімізде. Мысалы YouTube желісінде әлі де сапалы қазақша контент жоқтың қасы. Біздің ең негізгі құпиямыз да сол, оқырманға пайдалы, сапалы контент жасауымызда. Біздің ютуб арнамызды тауып, өздеріңіз көз жеткізсеңіздер болады. Біз ешқашан оқырман жинау үшін гив сияқты дүниелерге қатысқан емеспіз. Жарнаманы да тек таргет арқылы, дос-жарандардың көмегімен жүргіздік. Сондықтан бүгінде бізде нағыз адал яғни лояльді аудитория. Бізге клиент өз мәселесін шешу үшін, қабілет-қарымдарын дамыту үшін келеді.

          «Sana» орталығы soft skills дағдыларын үйретеді

Біздің орталық soft skills яғни ХХІ ғасырда қажет қабілет, дағдыларды үйретуге бағытталған. «Жылдам оқу», «сөйлеу шеберлігі» т.б. бағыттары бойынша жұмыс істейміз. Ең бастысы, миды тану арқылы жетістікке жетуге көмектесеміз. Миды тану дегеніміз мидың жұмысын тану. Мәселен, сіздің таңертең ерте тұрып жүгіруіңіз не тұрмай қалуыңыз сіздің миыңыздың жұмысына байланысты. Біз неге ерте тұрып жүгіремін деп шешсек те ояна алмай қаламыз? Себебі ми жалқау, энергия жұмсағысы келмейді.

Сондықтан саналы түрде ерте тұрып жүгіремін деп шешкенмен таңертең ми «жоқ, ұйықтай бер» десе,  біз жата береміз. Ал егер ертең таңертең 5-те ұшаққа отыру керек болса, 4-те тұрып аламыз. Неге? Өйткені ми бұл жерде мақсатты айқындап тұр. Мен не себептен ерте тұруым керек деген сұраққа нақты жауап бар.

Ал мен неге күнде ерте тұрып жүгіруім керек деген сұраққа біз көбіне жалпы жауап береміз. Жүгіру денсаулыққа пайдалы деген сияқты жалпы жауаптар миды ерте тұруға көндіре алмайды. Өйткені мұнда мақсат анықталмаған, нақтыланбаған. Мысалы, адам инфаркт алып, өз денсаулығы үшін салауатты өмір салтымен айналысуы керек екенін ұғып ерте тұрып жүгіруді шешсе, ми оған ерте тұруға көмектеседі. Бұл, әрине, ерте тұрып жүгіру үшін инфаркт алу керек деген сөз емес. Мұнымен айтқым келгені, егер адам сол жүгірудің  жеке басы үшін маңыздылығын түсінсе, оған ми көмектеседі.

Егер біз миымызды, оның жұмысын тани білсек өз мақсатымызға шүбәсіз жете алатын едік. Оған көмектесетін арнайы «Мақсатыңа жет», «Ми тыныштығы» сияқты курстар бар. Біздің орталықта жыл сайын 3000-нан астам адам білімін жетілдіреді.

Маманның аты маман

Әр іспен өзінің шебері айналысқан жөн. Мен алғашында орталықтың бүкіл контентін жасауды мойныма алдым. Бірақ өзімнің бағытталған салам жылдам оқыту болатын. Бұл өте қиын болды. Бірақ бертін келе әр істі өзінің маманы жасаған дұрыс деген шешімге келдік. Қазір әр бағыттың өзінің спикерлері бар. Сондай-ақ олар өздерінің бағыттарының дамуына тікелей жауапты. Сондықтан бүгінде бізде нағыз мамандар жұмыс істейді. Мәселен, «Сөйлеу шеберлігі» курсының маманы Бақыт ханым өз біліміне үлкен инвестиция салған, Ресей, Қырғызстан елдерінің ораторларынан сабақ алған кісі. Ал мен өз бағытымда 7-8 курстан өтіп, 2 жыл бойы оқып біліктілігімді арттырдым.

Қазір біздің орталықтың аясы кеңейіп, үлкен платформаға айналып келе жатыр. Қазақ тілді контентті, ақпаратты дамыту үшін орталығымызға әр түрлі бағытта білікті спикерлер мен эксперттерді шақырдық. Бүгінде Sana.academy сайтынан әр түрлі тақырыптағы курстарды таба аласыздар.

Платформаға өз курстарын жүктейтін спикерлерді арнайы таңдаймыз. Курстың сапасы, спикердің біліктілігі көңілден шықса, серіктес болуға келісеміз. Маманның жұмыстарына қараймыз. Егер барлығы дұрыс болып жатса, дайын курсты салады. Платформа қызметі әр төлемнен 10 пайызды құрайды. Ал ірі компаниялармен жеке келісеміз.

Сұхбаттасқан: Дидар Сұлтанбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!