Миллионер

Ақша жинауды үйрену: кең таралған 5 қателік

Жұмыссыз қалған жағдайда жинаған ақшаңыз 6 ай қиналмай өмір сүруге жету керек.

Егер сіз дәл қазір ақша жинап жүрсеңіз, құттықтауға рұқсат етіңіз. Себебі сіз ертеңгі күніңіздің, берекелі болашағыңыздың қамын жеп жүрсіз. Жұмыссыз қалған жағдайда жинаған ақшаңыз 6 ай қиналмай өмір сүруге жетсе, демек сіз «қауіпсіздік жастығына» айналатындай сома жинай алғансыз. Мұның өзі үлкен жетістік. Ал, егер ол сома кішкентай болса, уайым шекпеңіз. Бүгінгі ақыл-кеңестерге құлақ аса отырып, үлкен сомаға қол жеткізу әбден мүмкін.

Қаржыны жоспарлаудың маманы Дэвид Блэйлок ақша жинау барысында ең жиі жіберілетін қателерді – сәтсіз стратегияларды тізбектеп беріп, өз ой-пікірін білдірген. Balbal.kz соларды оқырман назарына ұсынады.

№ 1 стратегия. Артылған ақшаны ғана жинау 
Қолыңызға айлық түскен бетте ай сайынғы шығындарға ақша жұмсап, аз ақшаны көңіл көтеруге, қыдыруға қалдырып қоямын, сосын барып артылған ақшаны банктегі есепшотқа аударамын деген ойыңыз болса, ол – қате. Себебі, қалтаңызда артық ақша тұрғанда сіз арзан тауардың орнына қымбатқа жүгіруіңіз мүмкін. Бүкіл ақшаны аямай жұмсап, сосын ғана есепшотты толтыру стратегиясы алысқа апармайды.

  • Оданша… 
    Еңбекақыны алған сәтте жинақтаушы шотыңызға ақша аударыңыз. Мұны ереже деп қабылдаңыз. Десе де көрпеңізге қарай көсіліңіз, ақшаны аударып алып, күніңізді көре алмай қалмаңыз. Белгілі бір уақыттан кейін жинақталған ақшаңыздың қаншалықты өскенін бақылап отыруды әдетке айналдырыңыз.

№ 2 стратегия. Ақшаны есепшотқа аудару 
Тұрақты түрде ақша жинап жүрсіз. Керемет! Есепшотыңыз банк карточкасына байланғаны да көңіл қуантады. Алайда мұның да кемшін тұстары бар. Ақшаңыз біткен бойда «есепшоттан ала тұрайын» деген арам ой мазалай бастайды. Себебі ақшаны аудару қаншалық оңай болса, шешіп алу да сондай жеңіл. Жақын жерде банкомат болса болды.

  • Оданша… 
    Кемінде 6 айға депозит ашыңыз. Сонда ғана қандай жағдай болмасын ақшаға тиісе алмайсыз. Тек бүкіл соманы депозитке аударып жүрмеңіз. Азғантай бөлігін сақтанғанды сақтайды деген оймен карточкаңызда ұстаңыз.

№ 3 стратегия. Барлық жиған-тергенім бір есепшотта
Барлық ақшаңызды бір есепшотқа жинасаңыз, ақша тез көбейетіні рас. Бірақ ол үшін сізде бір қаржылай мақсат болуы тиіс. Мысалы, баспаналы болу дегендей. Ал, егер саяхат жасау мен үйді жөндеу дегендей екі түрлі қаржылай мақсат болса, ақшасын бір есепшотқа жинау қателік болады. Себебі саяхат жасаймын деп жөндеу жұмыстарына арналған қомақты қаржыны жұмсап тастауыңыз немесе үйді әдемілеймін деп жүргенде отбасымен демаламын деген ақшадан түк қалдырмауыңыз ықтимал.

  • Оданша… 
    Әр қаржылай мақсатқа бөлек-бөлек есепшот ашыңыз. Сонда ғана ішіне жиналған ақшаны да басқару оңайға түседі.

№ 4 стратегия. Мүмкіндік туғанда ғана үлкен сома жинаймын 
Кейбір адамдар ақшаны ай сайын тұрақты түрде жинап отырмайды. Олар мүмкіндік туғанда үлкен соманы есепшотқа бірден аударуды жөн санайды. Мұндай тәсілмен ақша жинау дұрыс емес.

  • Оданша… 
    Ай сайын қиналып қалмайтындай соманы (үнемі бір соманы) тұрақты түрде жинап отырыңыз. Ақша жинау барысында қиналмасаңыз, онда сома мөлшерін ұлғайтуға болады.

№ 5 стратегия. Барымды жинаймын 
Ақшаған жинаған, әрине, дұрыс қадам. Дегенмен ақырет төндірмеңіз. Қуаныш сыйлайтын, бақытты қылатын дүниелерден ақша аямаңыз. Себебі өмірді мәнді, сәнді ететін сол сәттер екендігін ұмытпайық.

  • Оданша… 
    6 ай бейқам өмір сүруге жететін ақша жинағанша Блэйлок қосымша шығындардан бас тартуға кеңес береді. Ал ол жиналған күні стратегияны өзгертуге болады екен. Мысалы, жоғары пайыздық мөлшерлемемен ұзақ мерзімді инвестиция жасаған абзалырақ шығар.
    Таңдау өз еркіңізде, оқырман!

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!