Миллионер

inDriver негізін қалаушысы неге сыбырлап сөйлейді?

inDriver негізін қалаушысы Арсен Томский «Якутиядан Кремний алқабына дейін» кітабының тұсауын кесті.

inDriver негізін қалаушысы Арсен Томский «Якутиядан Кремний алқабына дейін» кітабының тұсауын кесті. 279 беттен тұратын кітапта Якутиядан шыққан технологиялық кәсіпкердің жүріп өткен жолы баяндалады.

О баста орысша жазылған кітаптың қазақша аудармасы AlmaU қабырғасында қазақ оқырмандарына ұсынылды. Кездесу кезінде Арсен Томский кәсіпкер болу үшін адам өзіне қандай сұрақ қою керегі жайлы айтып берді.

Жетістікке жету үшін 2 сұраққа жауап іздейміз

«Ең біріншіден, «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеу қажет. Ал сосын істеп жатқан не істегісі келетін жұмыстың мәні мен маңыздылығы неде екенін түсінуіміз шарт. Бұл екі сұрақтың жауабын тапқан адам өмірлік құндылықтарының тізімін жасағаны дұрыс екен. Адам табиғаты мен қағидатына қарсы шықпай, істеп жатқан жұмысында ақшаны я нәтижені емес, процестен рахаттануды бірінші орынға қойса, міндетті түрде жетістікке жетеді. Мен ешқашан ақшаны бірінші орынға қойған емеспін. Жалпы, фокусым нәтижеде емес, процесте болатын. Соның арқасында нәтижеге байланбайтынмын» деді Арсен Томский. Сонымен қатар кәсіпкер лайфограмма техникасымен таныстырды.

Лайфограмма техникасы

Ақ қағазға шеңбер сызып, мақсатымызға жетуі үшін керек қарым-қабілет пен дағдыларды жазып шығамыз. Тым көп не тым аз болмағаны дұрыс. Сосын әрқайсысын 10 балдық шкаламен бағалаймыз. Қай тұста балымыз аз? Міне, сол қабілетті дамытуға күш жұмсаймыз.

Арсен Томский жас кезін еске алып, бұл техниканы қалай қолданғанын әңгімеледі:

«Мысалы, мен аса коммуникативті емес едім. Тіпті бейтаныс адамдармен тілдескім келмей қашатынмын. Таныстармен де бетпе-бет емес, чат не пошта арқылы сөйлесуді құп көретінмін. Өйткені бала кезден қатты кекештенемін. Бірақ үлкен кәсіп иесі ретінде алға жылжуым, мықты көшбасшы атануым үшін ашық адамға айналуым керегін ұқтым. Сөйтіп бейтаныс адамдарға жақындап сұрақ қоюды, танысуды әдетке енгіздім. Ұялшақтығымды жеңу үшін сауда орталығына барып ән айтқаным есімде. Бұл оқиға Алматыда орын алғанын тілге тиек етейін.

Бір айта кетерлігі, ән айтқанда адам кекештенбейді. Сонымен қатар сыбырлап сөйлегенде де кекештігі байқалмайды. Тура сол сияқты сіздер де әлсіз тұстарыңызды түрлі эксперимент, тапсырма арқылы мықты қыла аласыздар».

Арсен Томский неге сыбырлап сөйлейді?

Бір жарым сағатқа созылған шараның соңында кәсіпкер жастарға сыбырлап былай деді:

«Бір сағаттан кейін әдетте қаттырақ кекештене бастаймын. Сондықтан сыбырлап сөйлеуге көшемін. Менің мысалымнан кекештікке қарамастан адам қалаған мақсатына жете алатынын түсіндіргім келеді».

Кездесуде болған Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!