АяЛайық

Сепарация: Мама, мені жайыма жіберші!

Сепарация деген не? Неге бала сепарациядан өтуі керек?

Қыз баланың өмірдегі бар жақсылыққа өзін лайық көруі, сыйлықты қабылдай білуі, еркелеп ғұмыр кешуі анасымен қарым-қатынасына байланысты. Міне, осындай қорытындыға атақты психотерапевт Берт Хеллингер келген еді. Бірақ кей аналар есейіп жатқан қызына шешім қабылдауға, ересек өмірге қадам басуға мұрша бермейді. Нәтижесінде анасы мен қызының арасында келеңсіз жағдайлар туындап жатады.

Қыз бала бой жетіп, ересек өмірге қадам басқан кезде осындай жайттарға тап болуы мүмкін. Жалпы ересек өмір деген не? Неге қыздар ертерек есейіп, ересек болып көрінгісі келеді? Balbal.kz сайты «АяЛайық» жобасының аясында осы тақырып бойынша психолог Айгерім Абдрахмановамен тілдескен едік.

Ересек өмір. Жасөспірімдер неге ертерек есейгісі келеді?

– Ересек өмір дегеніміз – адам өз бетімен жеке тұлға ретінде өмір сүре алуы, өзі үшін шешім қабылдап, жауапкершілік жүгін сезінуі. Жасөспірімдер көбінесе ерте есейгісі келеді. Себебі олар физикалық, моральдық тұрғыдан өзін үлкен адам ретінде сезінгісі келеді.

Бірақ бала өзі толық жауапкершілікті ала алмағанына және ата-анасына тәуелді болғанына байланысты ертерек есейіп, отбасынан бөлек тұрғанды құп көреді. Бұл сепарация деп аталады.

Сонымен қатар бала өзін ересек адам ретінде қабылдағанын, өзіне құрмет болғанын, басқа жасы үлкен адамдармен бір деңгейде тілдескенін қалайды. Сондықтан бала ертерек есейгісі келеді, – дейді Айгерім Ерболатқызы.

Қыз баланың ересек болып көрінуге ұмтылуы – бұл табиғи процесс. Ал ана үшін ауыр шешім. Осы бір ойлардан кейін «Қай сәтте мамасы қызының ересек өмірге дайын екенін түсініп, сепарация жасауы керек? Сәтсіз және сәтті сепарация нәтижелері қандай болады?» деген сұрақтардың тууы мүмкін. Бұл туралы психолог Айгерім Ерболатқызы:

– Бала дүниеге келген кезде өзін жеке тұлға ретінде санамайды. Кейін ішкі қалауы, таңдауы барын сезеді. Сол уақытта баланың сөздік қорында «мен», «өзім» деген сөздер көбейе бастайды. Негізі 12 жастан кейін ата-ана балаға «авторитет» емес. Жасөспірім жастағы баланың өмірінде неше түрлі адамдар кездесе бастайды. Осы сәтте бала өзін-өзі іздей бастайды. Жалпы сепарация бірнеше кезеңге бөлінеді.

Бастапқы кезеңдерде бала ата-анасына өзінің жеке таңдауы бар екенін танытқысы келеді. Ата-ана да осы кезде баласының қалауына қарсы шықпағаны дұрыс. Әйтпесе баланың бойында агрессия болып, ата-анасынан мүлдем бөлектеніп кетуі мүмкін. Сонымен қатар, «сәтті сепарация» және «сәтсіз сепарация» деген ұғымдар бар.

Сепарация кезеңдері, сәтті және сәтсіз сепарация

Сәтті сепарация – ата-анасымен, қоршаған ортасымен жақсы қарым-қатынаста болып, өзін еркін сезінуі.

Сәтсіз сепарация – моральдық немесе қаржылай тұрғыда ата-анасына тәуелді болуы және өзінің қалауын іске асыра алмауы.

Көптеген адамдар отбасынан жырақ кетсе, өзін сепарациядан өттім деп ойлап, оның үш түрі (физикалық, моральдық, қаржылай) бар екенін ұмытып кетеді. Ал шын мәнісінде ол тек физикалық тұрғыдан ғана сепарациядан өткен. Сонымен қатар сепарация кез келген адамда әр жаста өтеді. Мәселен кейбір жандар 30 жаста өтеді, ал басқалары 25 жасында өтіп қоюы мүмкін, – дейді.

Сепарация
Сепарациядан өтпедіңіз @Balbal.kz

Жоғарыда айтып өткеніміздей, көп адам ата-анасымен бір мәмілеге келе алмай жатады. Біз сондай бір жанмен тілдескен едік. Ол бізге өзінің анасы түсінбейтінін айтып береді.

– Анам мені түсінбейді. Қайда барсам да, не істесем де үнемі қарсы шығады. Жалпы анам өмір сүру стилімді түсінбейді. Сол себепті көп жағдайда екеуміздің пікіріміз екіге жарылады. Иә, мен оның баласы болғандықтан уайымдап жүреді. Алайда оған үнемі 18-ге келгенімді, өзімнің таңдауымның бар екенін ескертемін. Менің ойымша кез келген ата-ана 18 жастан асқан баласының өміріне араласпағаны дұрыс, – дейді кейіпкеріміз.

Әке-шешеден сепарация жасауға көмектесетін 3 техника бар

Бірінші – өкпе-реніштен арылыңыз. Әке-шешеңізге қандай жағдайда қай жаста қатты ренжідіңіз? Еске алып, қағаз бетіне түсіріңіз. Сосын қағазды өртеп тастауыңызға болады. Бастысы, анаңыз бен әкеңізді кешіріңіз.

Екінші – алғыс айтыңыз. Қанша ренжісеңіз де әке-шешеңіз сізді дүниеге әкелді,  бағып-қақты. Ендеше бар болғаны, қолдан келгенше жақсы көргендері үшін алғыс білдіріңіз. Тіпті жасаған бар жақсылығын тізімдеп шығыңыз. Сонда фокусыңыз негативте емес, позитивте болады.

Үшінші – жеке шекараңызды тұрғызыңыз. Бұл ең маңызды техникалардың бірі. Бірақ іске асыру оңай емес.Қандай мәселені өзіңіз ғана шешетініңізді айтып үйреніңіз. «Менің ойымша», «Мен мынаны қалаймын» деп әдеттеніңіз.

сепарация статистика
Сепарация бойынша статистика @Balbal.kz

Бізде көбіне қыз бала ұзатылып қана үйден кете алады. Оған дейін бөлектенуге ұмтылуы ата-ана тарапынан құпталмайды. Мұндайда басқа қалаға оқуға түсуге болады. Сонда университеттегі 4 жылда ересек өмірдің дәмі сезіледі. Сепарация процесі жанданады. Ал егер мұндай қадамға бару қиынға соқса, жеке шекараны қорғауға, таңдау жасауға тыйым ести берсеңіз, психологтан консультация алу артық етпейді.

«Мама, қойшы», «Мама, жайыма жіберші» деген жүректі ауыртар сөздер алдағы уақытта «Мама, тыңдашы», «Мама, менің ойымша…» деген сөздермен алмасады деген үміттеміз. Бұл ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты жақсартарына сеніміміз мол.

Бұл жоба АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында дайындалды.

Balbal.kz ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!