Миллионер

Әділет Имашев: Ауыл балаларының үздік мектептерде оқуына жол ашқым келді

Әділет Имашев – Studyline республикалық білім беру орталығының негізін қалаушы.

Әділет Имашев – Studyline республикалық білім беру орталығының негізін қалаушы. Мектепте ұстаздық еткен педагог кәсіпке қалай келді? Алға жылжуға не көмектесті? Осы сұрақтардың жауабын сұхбаттан біле аласыз.

Карантин кәсіпке келуіме жол ашты

Университетті аяқтаған соң ұстаздық жолым басталды. Алматы қаласындағы Назарбаев Зиякерлік мектептерінің бірінде 5 жылға жуық жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында бұл мектепте оқитын оқушыларға ортақ ерекшеліктерді байқадым. Салыстырмалы түрде басқаларға қарағанда НЗМ оқушыларының білім деңгейі әлдеқайда жоғары. Тек қана білім емес, сонымен қатар ойлау деңгейі, ақпаратты қабылдауы да өзгеше.

НЗМ-ге түсу үшін балалар арнайы емтихан тапсырады. Бәсекелестік өте жоғары. Бірақ көптің арасынан суырылып шығып, емтихандарды үздік тапсырып, мектепке түсетін оқушылардың басым бөлігі қаланың балалары еді. Себебі емтиханды сәтті тапсыру үшін дайындық керек. Ал НЗМ-ге дайындық курстары тек ірі қалаларда ғана бар, әрі бағасы да қымбат.

Кез келген ата-ана өз баласын бар жақсылыққа лайық көреді. Дегенмен ауыл-аймақтардағы небір дарынды балалардың НЗМ-ге түсіп, бағын сынап көруге мүмкіндігі болмайды. Курстардың тек ірі қалаларда болатыны, қарапайым ата-ананың қалтасына ауырлық салатыны, уақыт жағынан да ыңғайдың келмеуі әсер етеді. Бала ауылдағы мектеп сабағын жіберіп алмау керек. Қалаға қатынап оқуға мүмкіндігі болмаса, тұратын жерін ұйымдастыру керек. Ауыл балаларының жолын байлап тұрған осындай жағдайлардың шешімін қалай табуға болады? Олардың емтиханға дайындығын қалай ұйымдастырған дұрыс? Осы сұрақтарға ойланып жүрген тұста бүкіл әлемде пандемия болып, карантин басталды.

Карантин ойда жүрген барлық сұрақтың шешіміне апаратын жолды көрсетіп берді. Ниет болса, бәрі өз орнымен орындала береді екен. Мәселе туындады, идея келді. Жағдайды ескере отырып, әрекет қылдық. Осылайша Studyline онлайн білім беру орталығы дүниеге келді. Мен де кәсіпкерліктің ортасынан бір-ақ шықтым.

«Ауыл балаларын үздік мектепке түсіре алсақ, барлығын түсіре аламыз»

НЗМ емтиханында келетін сұрақтар мен мектеп бағдарламасының ұқсастығы аз. Сондықтан емтиханға дайындалатын балаларға жаңа мықты методика керек болды. Алдымен білімі мен тәжірибесі мол, Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасын өте жақсы білетін, балаларды емтиханға дайындап көрген мықты мұғалімдерді командамызға жинадық. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін форматын қызықты етіп ұйымдастырып, әр пән бойынша видео-сабақтар түсірдік. Жарнамамызды жібере бастадық. Осылайша жұмысымызды бастап кеттік.

Алғашқы жылдың өзінде-ақ нәтижеміз жақсы болды. Өзіміз армандағандай еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл-аймақтың балалары Назарбаев зияткерлік мектебінің грантын жеңе бастады. Бұл біз үшін ең үлкен көрсеткіш еді. «Ауыл балаларын үздік мектептерге түсіре алсақ, демек барлық баланы да түсіре аламыз» деген сенімділігіміз арта түсті. Жыл сайын оқуға түсетін оқушыларымыздың саны 3-4 есеге өсіп отырды. НЗМ-де бір балаға бөлінетін бюджет 2 млн теңге көлемінде болса, жыл сайын біздің 100-ден аса оқушымыз осы мектептерге оқуға түседі.Сонда оқу орталығымыз бір жылда шамамен 200 000 000 теңгенің грантын жеңуге көмектесіп отыр.

КТЛ, РФМШ секілді үздік мектептерге түсіп жатқан оқушымыз көп

Үздік мектептерге балаларды тек 7-сыныптан бастап қабылдайды. Оқушылар 6-сынып оқып жүргенінде арнайы емтихандардан өтіп, іріктеледі. Біз ата-аналарымызға тек НЗМ-ге ғана емес, басқа да үздік мектептерге құжаттарын тапсыруға кеңес береміз.

Қазақстанда қазіргі таңда 22 Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Орын саны шектеулі, бәсекелестік өте жоғары. НЗМ емтиханы мен басқа мектептердің емтиханында аса қатты айырмашылық жоқ. Пәндерінің барлығы бірдей, ұқсас. Сондықтан біздің оқу орталығында дайындалған балалар КТЛ, РФМШ және дарынды балаларға арналған мектептерге қиналмай түсе алады. Мүмкіндік бар кезде бақ сынап көре бергені дұрыс. Дұрыс берілген бағыт-бағдардың арқасында көптеген ата-анамыз балаларының үздік мектепке түскендерін айтып, жақсы жаңалықтарымен қуантып тұрады.

Көп ата-ананың онлайннан көңілі қалып қойған

Аяқ астынан карантин енгізілген тұста ата-аналар да, білім беру жүйесі де бұл режимге жеткілікті түрде дайын болмады. Оқушылар алдымен уатсап желісінде оқыды. Кейіннен  ZOOM секілді бағдарламалар қосылды. Дегенмен олардың ешқайсысы да мектеп білімін беруге қолайлы болмады. Сол кезде туындаған олқылықтардың салдарымен білім беру жүйесі әлі де күресіп келе жатыр. Ата-аналар үшін де «онлайн оқу» деген ұғым «сапасыз» деген ұғыммен ассосация болып қалды.

Әлемдік нарықта онлайн білім беріліп жатқанына 10 жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында қаншама өзгеріс, жаңалық қосылды. Бізге де алғашында күмәнмен қарайтын, онлайн оқуға сенбейтін ата-аналар көп. Дегенмен онлайн білім берудің нәтижесін тәжірибеміз анық дәлелдеп отыр.

Егер білім беруі, методикасы дұрыс ұйымдастырылса, онлайнның өзінен жоғары нәтиже алуға болады. Онлайн дайындық баланың да, ата-ананың да қаншама уақытын, энергиясын үнемдейді.  Бала болған соң оның қауіпсіздігі де маңызды. Оқушыларды онлайн форматта емтихандарға дайындау арқылы біз уақыт, қауіпсіздік, сапа мәселелерін де шештік. Әрі тұрғылықты жердің де енді маңызы жоқ. Оффлайн курстарға қарағанда біздің курстардың бағасы 4-5 есе арзанырақ.

Әділет Имашев
Әділет Имашевтың жеке мұрағатынан

Дайындыққа 30 минут уақыт жеткілікті

11-12 жастағы балалардың назарын аударып, фокусын ұстап отыру оңай емес. Сондықтан да видеосабақтарымыз 10-15 минуттан ғана тұрады. Видеоны көріп болған оқушы тақырыпқа байланысты тест тапсырады. Жеткілікті балл жинай алмаса, келесі сабақ ашылмайды. Осылайша балалардың тақырыпты дұрыс меңгергенін бақылауда ұстап отыра аламыз.

5-10 минут осы тестті орындауға кетеді. Сұрағы болса, мұғаліміне қояды. Болмаса дайындықты аяқтап,  әрі қарай күн тәртібіндегі басқа істеріне ауыса береді. Сонда баланың дайындығына күнделікті максимум 30 минуттай уақыт кетеді.

Бұл дайындық бала үшін күнделікті әдетке айналып кету керек. Тұрақтылық үлкен нәтиже береді. Бала күнделікті тісін жуады, таңғы асын ішеді. Міне, емтихандарға дайындық та осындай күн сайын жасалатын әдетке айналып кету керек. Әрі баланың психологиясына да салмақ түспейді.

Үлгерімі төмен балалар да НЗМ-ге түсе алады

Ата-аналарда көбіне қатып қалған бұрыс түсінік болуы мүмкін. Олар балаларының үздік мектептерге түсуін мектептегі бағасына, тұратын жеріне байланыстырып қоймағаны дұрыс.

  • «Менің қызым сабағын үздік оқиды. Демек НЗМ-ге түсіп кете алады»
  • «Баламда екі пәннен 3 бар. Оның мұндай мектептерге түсу мүмкіндігі жоқ»
  • «Ауылда тұрамыз. Бұл жақтың білімімен талпынбай-ақ қоюға болады».

Міне, көптеген ата-ана осылай ойлап, баласын оқуға түсірмей қоюы мүмкін. Ал мектеп бағдарламасы мен НЗМ емтиханының сұрақтары бірдей емес. Жалпы, Назарбаев зияткерлік мектептерінің миссиясы –

болашақта бәсекеге қабілетті лидерлерді дайындап, оқытып шығару. Сондықтан да олар ең бастысы баланың логикасына, сыни ойлау қабілетіне мән береді.

Егер бала дұрыс оқыту жүйесімен дайындалса, емтиханда жақсы нәтиже көрсете алады. Ата-аналарға «өз балаңыздың мүмкіндіктерін өзіңіз шектемеңіз» деп айтамыз.

Психологиялық қолдау өте маңызды

 Бала үшін ата-ананың қолдауы өте маңызды. Ең алдымен оған дұрыс бағыт-бағдар бере алу керек. Кішкентай екен деп қарамай оған барлығын түсіндіру керек. НЗМ-де оқу болашақта қандай мүмкіндіктердің есігін ашады? Дәл осы мектепте оқығанның қандай артықшылықтары бар? Осының барлығына баланы қызықтырып, түсіндіріп бере алса, баланың мотивациясы оянып, тұрақты дайындала бастайды. «Не үшін?» екенін ата-анасы көрсетіп, анықтап бере алғаны дұрыс. Күнделікті кешке дайындығына бір уақыт көмектесіп, назар аударғанының өзі – бала үшін үлкен көмек.

Бәрін білу бір бөлек те, сын сағатта білімін дәлелдеп шығудың өзі үлкен әңгіме. Емтихан тапсырып жатқан кезде түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Мысалы, балалар көп оқушыны көріп, қорқып қалып жатады. Ал, білетін дүниесінің бәрін ұмытып қалса қалай әрекет етеді? Қобалжуды қалай басуға болады? Білмейтін сұрақ кездескенде не істеу керек? Біз өз тарапымыздан арнайы «психологиялық қолдау сабағы» арқылы оқушыларды осындай жағдайларға алдын-ала дайындаймыз. Бұл өз кезегінде біздің тарапымыздан жасалатын толыққанды дайындықтың үлкен бір міндетті бөлімі деп айта аламыз.

НЗМ түлектерінің қолдау чатын аштық

Ата-аналарға алғашқы консультациямыз тегін. Одан бөлек әр ата-анамен жыл бойы жеке хабарласып, сұрақтарына жауап беріп, байланыста отырамыз. Ата-аналарға арналған 15 шақты тегін чек-лист, гайдтар бар. Бұл – барлық кезеңде ата-аналар үшін нақты қадамдарды көрсетіп беретін жол картасы.
Оқушылардың мотивациясын көтеріп отыру мақсатында НЗМ-де оқып жатқан оқушылар мен НЗМ түлектерінің басын бір ортаға қосып, онлайн қолдау клубы құрылды. Нағыз нетуоркинг ортасы. Мұнда дайындалып жүрген оқушылар аға буыннан жан-жақты білім, кеңес, сұрақтарына жауап ала алады.

Педагогикадан бизнеске

Мектепте мұғалім болып жүріп бірден кәсіптің ортасынан шығу оңай болды деп айта алмаймын. Бірақ оған дейін қосымша ағылшын тілінен курс өткізіп, білім беріп жүретінмін. Республикалық деңгейде жазғы лагерьлерді ұйымдастырдық. Сол тәжірибемен келген білім бизнеске келгенде қатты көмектесті.
Одан бөлек кәсіп ашсам да саланы басқа жаққа ауыстырмадым. Өзім жақсы білетін, тәжірибем бар білім беру саласында қалдым.
Бизнесте қиын кезеңдер міндетті түрде болады. Ең бастысы, мұны қабылдау керек. Туындаған мәселелерді шешу арқылы алға жылжисың, дамисың.
Менің мақсатым –10 000 қазақтың қара домалақ баласының үздік мектепке түсуіне себепкер болу. Себебі сапалы білім алған, мықты ортада тәрбиеленген баланың болашағы жарқын болады.

Сұхбаттасқан Сымбат Еркінбек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!