Миллионер

Тиын жинағанды жақсы көретін баланың биографиясы

Мен 9-шы сыныпты оқып жүргенде 10-шы сыныпты бітірген біздің ауылдың қызы Алматыдағы КСРО банкінің есеп-несие техникумына оқуға түседі. КСРО банкінің оқу орны болғандықтан, ол жақта ақша жүйесін оқытатындықтарын ұқтым. Сол қыздың осы оқуға түсуі менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қаржыгер боламын деген ой сол сәтте туындады. Кейін арман қуып Алматыға мен де келдім. Техникумды тәмамдадым. Қаржыгер атандым. Бүгінде осы саланы сүйіп таңдап, еңбек етіп жүргеніме 30 жылдан асты.

Ақша десе…

Ес білгелі қаржы саласындамын деп айта аламын. Себебі бала кезімнен тиын, ақша жинағанды жақсы көретінмін. Отбасымыздағы ақшаны көздің қарашығындай сақтайтын адам мен болдым. Шешем анда-санда қарызға ақша алатын.

«Байлар жаман» деген советтік идеология болатын. Тиын жинағанды жақсы көретін бала бұл идеологияны қабылдай алмайтын. Ақша мен үшін әркез құрал болып қала берді.

Ақша деген байлық емес. Көп адам байлық деген ақша деп қателеседі. Ақша десе, көз алдарына қарны қампиған бай немесе Еркіндік монументі елестеуі мүмкін. Ақша байлыққа, дәулетке жол ашатын құрал. Маман болғандықтан, ақша десе менің көз алдыма ештеңе елестемейді. Байлық десе, көз алдыма бір нәрсе елестеуі мүмкін.

Біз көздеген мақсат ақша болмауы шарт. Аз болса да, көп болса да, ақшаны ай сайын аламыз. Мәселе қаржылай дербестілікте. Ақшаны қуған адам ақшасына ақша қосады, онысы бір мезетте жоқ болады. Кірісі кірген сайын шығысы көбейе береді. Ал, шынтуайтында біздің көздегеніміз қаржылай дербестілік болуы керек еді. Бұл өте қарапайым нәрсе. Бірақ тереңнен қазбаламаса, қабылдауға қиыны рас.

Ақша десе қорқамыз…

Көп ақшадан, ақшаны жоғалтып алудан қорқатындар бар. Олардың фобиясын жеңу оңай. Біріншісіне тоқталайық. Көп ақшадан қорқу – бұл да идеологияның жемісі. Көк жәшік осы арам ойды миллиондаған адамның ақыл-ойына сіңдіріп отыр. «Байлар деген қанаушы тап» деген ой ананың ақ сүтімен қаншама ұрпақтың бойына дарыды. 70 жыл бойы институттар, ғылыми жұмыстар осы идеологияның халық арасында кең таралып кетуіне атсалысты. Ақша деген қорқынышты жаман нәрсе деген ой 70 жыл бойы айтылды. Соның нәтижесінде қаншама әке-шеше баласын «ақшаның соңын қума», «байлар деген пасық адамдар», «байлық деген бақыт емес» деп тәрбиеледі. Бәрі ақшалы болғысы келеді, бірақ ақшаны жақсы көрмейді. Бұл фобияны тек қана біліммен, алған білімді тәжірибемен ұштастырумен жеңуге болады. Мұның бәрі біздің қоғамды артқа тартатын күштердің бірі.

Инвесторларға, қор нарығында, бизнесте жүрген адамдарға бір нәрсе айтқым келеді. Ақшадан айырылып қаламын деп қорықпау қажет. Мен ауылдан Алматыға келген уақытта қолымда көк тиын болған жоқ. Алайда Алланың қалауымен, бұйрығымен жоқ ақша пайда болды. Енді сол пайда болған ақшаны жоғалтып аламын деп қорқу меніңше ақымақтық. Алла Тағала қаласа, ол ақша сізде екі, тіпті үш еселенеді. Алла Тағала қаламаса, ойыңыз, ниетіңіз дұрыс болмаса, ол ақша сізде бәрібір тұрақтап қалмайды. Сондықтан басты мәселе – іштегі қорқынышты жеңу деп білемін. Ол қорқынышты жеңудің алғышарты – Аллаға сену керек. Неше түрлі кітаптарда бүйту керек, сөйту керек деп жазылады. Шындығын айтқанда, ешкім білмейді. Сондықтан да инвестицияда, бизнесте ішкі тазалық, Аллаға деген сенім болуы тиіс деп ойлаймын.

Ақша десе аяймыз…

2002 жылдан бастап мен тренингтерге бара бастадым. Ең бірінші тренингім Владимир Совеноктің Мәскеу қаласында өткен «жеке қаржысы» болатын. Кейде адам 15-ші тренингке барғанда ғана өзін мазалап жүрген мәселенің жауабын алады. Ал, мен бірінші тренингтің өзінде-ақ нысанаға дәл тиіппін. 2002 жылдан бастап жеке қаржы мәселесіне ден қойдым. Жалпы, тұрақты түрде тренингтерден қалмауды әдетке айналдырдым. Тренингке қатысып, білімді толықтырып, көкжиегімді кеңейту үшін тіпті Сингапур еліне сапар шеккенмін. Тони Роббинс деген адамның дамуы бойынша дәрістер өткізетін дүниежүзіне танымал коуч бар. Сол Сингапурдегі Роббинстің тренингінен алған әсерім ұшан-теңіз. Керек емес дүниелерім сол Сингапурде қалып қойды деген ойдамын.

Өзіме пайдалы ақпарат, рухани азық алатын тренинг болатынын естісем, кез келген соманы беруге даярмын. Мысалы, мен барған ең қымбат тренингтің құны – $7000. Маркетинг саласына арналған болатын. Адам оқыған сайын толыға түседі. Өсу үшін өз-өзіне инвестиция жасауы шарт. Сабақтарымда жиі қайталап айтатын дүнием – «ең бірінші өзіңізге төлеңіз, сосын барып қалған шығыстарыңызды төлеңіз». Ал, біз өзімізге келгенде аяймыз. Ақшаны аяймыз. Дамуымызға ақша жұмсауды ақымақтыққа балаймыз.

Қаржымның бір бөлшегін міндетті түрде білім алуыма жұмсаймын. Себебі мен бүгінгі күні халқыма дүниежүзіндегі ең жақсы білімді жеткізуге міндеттімін.

Ақша десе алаңдаймыз…

Қаржыгерлердің көбісі үшін, жалпы Қазақстан экономикасы үшін 2008 жылғы әлемдік дағдарыс оңайға соқпады. Мен үшін де аталмыш жыл үлкен сынаққа айналды. Қаржылық гурулардың айтуынша осындай қиын уақыт үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе инвесторлар мұны ұтымды пайдалануға тырысып бағады. Бақытыма қарай әлемдік дағдарыс басталмай жатып өз басым білім жинауға ден қойып үлгерген болатынмын. Соның арқасында кез келген қиындықтың артында мүмкіндік туындайтынын білдім. Теорияны іс жүзінде дәлелдейтін уақыт келді. Нәтижесінде қарекет түбі берекет болды.

Коуч ретінде адамдардың алдына шығып, жеке қаржы сауаттылығы сабағын өткізе бастаған кезім – 2014 жыл. Оған дейін жеке қаржылық кеңес беретінмін. Дегенмен аудиторияны жинап, жиған-терген біліміммен бөлісемін деген ой тура бес жыл бұрын дүниеге келіпті.

«Менің әкем мұғалім, мен бірақ мұғалім болмаймын» деп кезінде күлуші едім. Алма алма ағашынан алысқа құламайды екен. Қазіргі таңда қаржыгер болсам да, жеке қаржылық сауаттылық бойынша дәріс беріп, әкемнің жолын жалғастырудамын. Оған мен қуанамын. Өз деңгейін жоғары бағалайтын мұғалім оқушыларына не береді? Бәріміз білімді, тәжірибелі ұстаздан дәріс алғымыз келеді. Менде тәжірибе бар, білімім де бар. Ендігі мақсатым – жиған-тергеніммен бөлісу. Кез келген адам білетін, болжай алатын дүниені емес, дүниежүзілік сападағы білімді халқыма беруге ұмтыламын. Бұл жалпы спикерлердің, коучтардың көздеген мұраты, қалаулары.

Бүгінгі таңда алға жылжу үшін тренингтерге, семинарларға бару керек, коучтарды ұйып тыңдау керек. Құдайға шүкір, оларға кенде емеспіз. Барлық мәселенің қайнар көзі ойлау жүйемізде ғана отыр. «Біздің мемлекет жаман», «экономикамыз құлдыраған» деп айтатындар қалайша алға жылжиды?! Жалпы, осындай ойлар тежеуішіміз.

Ақша десе бірде көлміз, бірде шөлміз…

Жақында ғана бір фейсбук парақшасынан керемет сурет байқап қалдым. Онда  көпшілікке қарап «өміріңіздің өзгергенін қалайсыз ба?» деп сұрақ қойып жатқан лекторды көре аламыз. Лектордың бұл сұрағына бәрі қол көтеріп, «қалаймыз» деп қиқу салуда. «Өздеріңіз өзгеруді қалайсыздар ма?» деген лектордың екінші сұрағына ешкім үндемейді. Міне, көз алдыңызға келген осынау картина біздің бет-бейнеміз. Өзгерістерді қалаймыз бәріміз. Ерекше атап өтейін, қазірдің өзінде біз нашар мемлекетте тұрып жатқан жоқпыз. Біздің елде мүмкіндіктер көп. Қарыштап емес, адымдап дамып жатырмыз. Бірақ неге коучтар көп? Қалай ойлайсыз? Коучтардың көбейетін себебі сұраныстың болуында. Халқымыздың көкірегі ояу, алға деген ұмтылысы бар. Қазір білім алсақ, ертеңгі күні бір жерді тесіп шығамыз деген ой қалыптасқан. Бірақ кеңестік идеологияның көлеңкесінен арыла алмай отырғандар да баршылық. Ол көлеңке халқымызға зиянын тигізіп отыр. Алға ұмтылып дамуын психологиялық тұрғыда тежеуде.

2014 жылы ең басты бір нәрсені түсіндім. Негізі екі қағида бар: біріншісі – үзбей ақша жинау, екіншісі – инвестиция жасау. Мен сияқты ақшадан ақша жасайтын қаржыгерлер көп. Бірақ ақшаны жинауға келгенде олардың дағдысы қалыптаспаған. Жағдайлары біресе көл, біресе шөл. Жоғарыда айтылған екі қағида шешуші рөл ойнайтынын сол 2014 жылы бірақ түсіндім. Оның өзі алдыма келіп ақыл-кеңесімді сұраған қарапайым халықтың аузынан шыққан сөздерден жинап-теріп алдым. Мұқағали ақын айтқандай «Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
…Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарамын».

Халыққа неғұрлым көбірек берсек, одан да көбірек алатынымызға көзім жетті. 5 жыл бойы менің аузым көпіріп айтып жүрген дүниелерді кітаптардан алған жоқпын. Халқымыздың өмірлік тәжірибесінен түйгендерім болатын.

Осы түйгендерімді «Қаржы бұлақтары» деген атаумен 2019 жылы кітап етіп баспақшымын.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!