Біліп жүр

Жылдам оқу техникалары

Жылдам оқу үшін жаттығу жасаңыз

Жылдам оқу енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін пайдалы. Ол ойлау процестерін жылдамдатып, есте сақтау қабілетін дамытады. Тезірек алға жылжуға мүмкіндік береді. Кітапты жылдам оқитын болсаңыз, қалған уақытыңызды басқа нәрсеге арнай аласыз. Қазіргі таңда адамдардың оқу жылдамдығы орташа есеппен минутына 180-200 сөзді құрайды. Алайда адамның қабілеті минутына 400-500 сөзді оқып, қабылдай алады екен. Ендеше Balbal.kz мотивациялық сайты жылдам оқу техникасын дамытудың әдістерімен бөліседі.

Серпіліс-тоқта

Бұл әдісті екі адам болып орындау керек. Қасыңыздағы жұбыңызға немесе балаңызға қолданып көрсеңіз болады. Ол сіз «серпіліс» дегенде оқуды бастайды. «Тоқта» деген кезде оқуын тоқтатып, назарын кітаптан алады. Қайтадан «серпіліс» деген уақытта ол тоқтаған жерін тез тауып, жалғастыру керек.

Параллельді оқу

Екі бірдей мәтін алу керек. Кейін бір мәтінді өзіңіз, екіншісін балаңызға не жаттығып отырған адамға беріңіз. Сіз дауыстап оқып бастағаннан кейін ол да сізбен ілесіп отыруы керек. Нәтижесін беру үшін бірде тез, бірде жай оқып, жылдамдықты ауыстырып отырыңыз. Бір-біріңіздің жылдамдықтарыңызға қарай бейімделіп отырыңыздар.

Артикуляциялық жаттығу

Жаңылтпаш, өлең, т.б. мәтіндерді әртүрлі темппен оқыңыз. Айту барысында әріптердің дұрыс дыбысталып, сөздің анық болуын қадағалаңыз.

Құпия сөзді іздеу

Таныс емес мәтінді алып, соның ішінен бір сөзді жасырыңыз. Жаныңыздағы жаттығушы сол сөзді барынша тез табу керек. Сөзді іздеу барысын күнде секундомер арқылы санап, өзгерісті бақылауға болады. Мәтіннің күрделілігі жас мөлшеріне сай таңдалғаны абзал.

Бетбелгіні қолдану

Кітап оқу барысында бетбелгіні қолданыңыз. Оқылған сөздерді бетбелгімен жауып, оқыған сайын бетбелгіні де жылжытып отырыңыз. Осы арқылы бір сөзге қайтып оралмайсыз. Бұл психикалық түрде тез оқуға бейімдейді.

Көру диктанты

5-6 сөйлемнен тұратын мәтінді алыңыз. Мәтінді қағазбен не басқа затпен жауып, тек бірінші сөйлемді 3 секундтай қарап алыңыз. Кейін оны да жауып, сөйлемді дәл солай жазып шығыңыз. Неғұрлым шатасулар мен қателіктер аз болса, соғұрлым жақсы. Кезекпен мәтін біткенше шейін осы әдісті жасаңыз. Бұл концентрацияны жоғарылатуға және зейінді болуға көмектеседі.

Теріс қаратып оқу

Кітапты жоғарыдан төменге айналдырып, теріс қаратып оқып көріңіз. Алғашында бұлай оқу қиынға соғады, бірақ кейіннен миыңыз бұл қалыпқа да үйренеді. Бұл жағдайға тез бейімделуге, шапшаң болуға көмектеседі.

Бөлшектелген сөз

Қағаз беттеріне күрделі сөздерді жазып шығыңыз. Әрқайсысын жартысынан бөліп немесе түбірі мен қосымшасын айырып, қиып араластырыңыз. Кейін берілген уақыт аралығында сөздерді дұрыс табу керек. Бұл жаттығу бірінші әрпінен-ақ сөзді түсініп, тез оқып кетуге көмектеседі.

Кітап оқудағы басты мақсат – ақпарат алу, түсіну. Алайда жылдамдықты арттырамын деп оқып жатқан сөздеріңіз назардан қалмасын. Жаттығуды орындағаннан кейін міндетті түрде мәтіннен не түйгеніңізді айтыңыз. Әйтпесе бұл техниканың пайдасы болмайды.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!