Миллионер

Пенсильвания университетіндегі ең жас профессор

Мейрам Мырзаболатов жырақта жүріп жетілген жастардың көшін бастап тұр

Мейрам Мырзаболатов жырақта жүріп жетілген жастардың көшін бастап тұр. Ал ғылым мен білімнің шамын жағып жүрген шетелдегі қазақ жастарының жетістігін жариялау – «Ұланның» негізгі бағыттарының бірі. Бүгін де əдетімізден жаңылмай, «ең жас профессор» атанған 33 жас тағы Мейрам ағаларыңды таныстырмақпыз. Білімімен көпті мойындатқан Мейрам Мырзаболатов жуырда ғана елге келді. Кейіпкерімізбен əңгімелесіп, керек кеңестерін түртіп алдық.

– АҚШ-тың Пенсильвания университетінде компьютерлік ғылымдар саласы бойынша докторантураны бітірдім. Оқушы кезімнен-ақ математикаға жақын болдым. Миға салмақ түсіретін тапсырмаларды орындаған ұнайтын. Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейінде білім алдым. Оқушы кезімде республикалық жəне халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындарды иелендім. Сүлейман Демирел университетінің студенті атандым. Бұл оқу орнының ең ұнайтыны – барлық пəндер ағылшын тілінде жүреді. Үшінші курста оқытушының көмекшісі ретінде алғаш рет сабақ бердім. Менің мамандығым – ІТ саласының бөлшегі. Қарапайым тілмен айтсақ, компьютер ғылымындағы басты мəселе – алгоритм. Біз жедел алгоритм ойлап та бамыз да, оны тез əрі көрнекі етіп шешудің жолын компьютерге түсіндіреміз.

Бұл – математика мен компьютер ғылымына тəн ортақ жүйе. Магистратураны аяқтағаннан кейін жаратылыстану саласында түбегейлі қалдым. Ғылыммен айналысып, профессор болу үшін докторлық дəреже керек екенін түсіндім. Білімімді жетілдіру мақсатында Американың Пенсильвания штатындағы 150 жылдық тарихы бар оқу орнына құжат тапсырдым. Үш айдан кейін тəлімгерімнен хат алдым. Онлайн түрдегі танысу-сұқбаттан соң табаным тимеген басқа құрлыққа аттандым, – дейді Мейрам ағаларың.

Кейіпкеріміз келесі айдың басында тағы да шетелге кетпекші. Ата-анасы мен бауырларына деген сағынышын басқаннан кейін қайтадан жолға шықпақ. Енді өзі оқыған білім ордасына оқытушы болып қызметке кіріспек…

– 2012 жылдан бері шетелде тұрамын. Алғашқыда ІТ маман ретінде жұмыс істедім. Кейін университетке оқытушы етіп алды. Тамыз айының ортасынан бастап профессорлық дəрежедегі қызметіме кірісемін. Профессорлық дəреже алу үшін «Сублинді алгоритм» тақырыбындағы еңбегімді қорғадым. Шетелде жүрген адам тиянақты болуды үйренеді. Білім сапарына ата-анамның ақ батасымен аттандым. Екі жылға дейін елім мен туған үйімді қатты сағындым. Үшінші жыл дегенде отбасымызбен əрең үйрендік. Қазір бəрі қалыпты. Қаражат таппай қиналған кезеңнен де өттік. Университеттен берілетін шəкіртақымен отбасымды асырадым. Жалғыз адамға жететіндей шəкіртақы алдым. Отбасылы адамға аздық ететіні жасырын емес. Біздің тұрып жатқан қалашығымыз қатты қымбат болмады. Алматының экономикасымен салыстырғанда бірдей. Мысалы, екі бөлмелі пəтерге 700 доллар төледік. Бізде үш бөлмелі үй болып есептелінеді. Өмір сүруге қолайлы болғандықтан, қаражаттан қиналмадық.

Мамандығына қатысы жоқ пәнді оқу – студенттер үшін өзекті мәселе

Білім беру саласына бүйрегі бұрып тұратыны кейіпкеріміздің əр сөзінен байқалады. Студенттермен шүйіркелесіп, сабақ талдаған көбірек ұнайды екен.

– Қазақ жастарының ізденісі қуантады. ІТ бағыты қарқынды дамып келе жатыр. Алдыңғы қатарлы техникалық оқу орындары заманауи үрдісте білім беруде əрі студенттер батыстық жүйе бойынша толық ақпаратты игеріп жатыр. Бірақ ғылыми-зерттеу бағыттары елімізде кенже дамып жатыр. Біздегі бакалавр дəрежесі өте жақсы дамыған. Білімнің іргетасы мектептен кейін бакалаврда мықтап қаланады. Еліміздегі білім жүйесіне сəл өзгеріс енгізілсе, білім көрсеткішіміз де айтарлықтай биік дəрежеге көтеріледі. Мамандығына қатысты емес пəнді оқу – студенттер арасындағы өзекті мəселе. Шетелде оқитын пəндеріңді өзің таңдайсың. Математикада оқып жүріп, философияға қызығатын студенттер таңдаса болады. Басқаларға міндетті емес.

Еліміздегі ғылымның дамуы елдің экономикасына да байланысты. Шетелде ғылыми зертханадағы құралдардың бағасы миллион доллардан асады. Білімнің болашағы үшін сатып алады. Біздің елімізде ондай қымбат құралдарды алуға қаржы жетпейді. Бір-екілі оқу орындары алуы мүмкін. Ол жақта сондай бағада бірнеше құрал-сайманмен зерттеу жүргізеді, – дейді болашақтан үмітті жігіт.

– Алты жылдан бері Америкада тұрып келе жатқаныммен, əлі күнге дейін қазақы менталитеттен арыла алмай келемін. Шетелдіктерде қалыптасқан жақсы үрдіс туралы кеңінен баяндағым келеді. Біз қалған дүниені пайдалануға құмар емеспіз. Пайдаланған дүниені сатамын десе, күмəнмен қарайтынымыз рас. Шетелдіктер бір кісіден қалған дүниені өзінің керегіне жараса, сатып алуға немесе сұрап алуға əуестенген. Олар интернетке онлайн түрде сатуға шығарып қойып, заттың жарамдылығы мен жарамсыздығын бүкпей жазады. Соған елдер хабарласып, өте арзан бағаға сатып алады. Мысалы, барған жылы онлайн жарнамадан тауып, екі долларға баламызға арба сатып алдық. Дүкен сөрелеріндегі арбалардан кем емес, ұзақ пайдаландық. Осы үрдісті елге əкелгім келеді.

Студенттер бір-бірінен ешқашан сабақ көшірген емес. Емтихан мен үй жұмысын біреуге жасатып алу деген атымен жоқ. Олар балабақшадан солай үйренген. Ата-ана баласының құлағына «өлсең де шыныңды айт» дегенді құяды. Өтірік айтпайтын, сабақ көшірмейтін америкалықтар өте көп. Əр елдің қарқынды дамуы қоғамына байланысты екені анық. Бізде де мұндай үрдісті қолға алсақ игі еді.

Мейрам ағаларың өзі білім алған оқу орнына оқытушылық қызметке кетіп бара жатыр. Біраз уақыттан кейін елге оралып, Қазақстанның білімі мен ғылымына да үлес қосуға ниетті.

Гүлдана Нұрлыханова, «Ұлан» газеті

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!