Біліп жүр

Мэри Микер: Сарапшы «Ғаламтор патшайымына» қалай айналды

Мэри Микердің жетістікке жетуі

Мэри Микер – америкалық бизнесвумен, инвестор, бағалы қағаздар бойынша маман. Сарапшы көбіне интернет желісімен байланысты жобалармен жұмыс істейді. Мэридің болашаққа жасаған болжамдары, сараптамаларының дәл болуы оны Уолл-Стриттегі танымал сарапшыға айналдырды. Balbal.kz сайты Мэри Микер жайлы материалды назарыңызға ұсынады.

         Өмірбаяны

Мэри Индиана штатындағы Портлендте дүниеге келген. Оқушы кезінен бастап әкесінің кеңесі бойынша қаржылық сауаттылық курстарына қатысады. Мұнда ол инвестиция жайлы білім алып, алғашқы рет акция сатып алады. Мэри иеленген Миннеаполис тоңазытқыш зауытының акциясы екі айдан кейін екі есеге қымбаттаған.

«DePauw University» университетінде 1981 жылы психология мамандығы бойынша білім алады. Ал 1986 жылы Корнель Университетінің қаржы ісі магистры атанады.

1982 жылдан бастап Мэри Микер «Merrill Lynch» банкінде брокер болып қызмет атқарады. Магистр атанған соң Мэри жаңа технологиялар саласында сарапшы атанып, «Salomon Brothers» компаниясына ауысады.

1990 жылдардан бастап ол әлемдік желінің дамуына қызығушылық таныта бастайды. Сарапшы ретінде Мэри ғаламтордың жалпы даму прогрессі мен адамдардың өмір сүру салтына үлкен өзгеріс алып келетінін түсінеді. Осылайша Микер Уолл-Стриттегі ғаламтордың мүмкіндігін бағалаған алғашқы ойыншыға айналды.

Мэридің биржа әлемінде танылуы

1994 жылы «The New York Times» газеті алғашқы графикалық интерфейсі бар «Netscape Mosaic» жайлы жазды. Мэри стартаптың болашағы бар екенін біліп, браузерді жасаушыларды кездесуге шақырады. Келіссөз нәтижесінде  «Morgan Stanley» арқылы компания биржа алаңына шығады. 1995 жылдың басында әр акциясы 28 долларға сатылады. Жылдың аяғында бұл баға 171 долларға дейін көтеріледі. Бұл Микердің кәсіби ортада танылуына үлкен көмегін тигізді.

1995 жылы Микер және оның әріптесі Крис Депудің «The Internet Report» атты сараптамалық есебі инвесторлар үшін нағыз анықтама болды. Бұдан кейін Мэри Микер желілік жарнама, электронды байланыс, іздеу жүйесінің дамуы, мобильдік ғаламтор жайлы ірі есептерді жазып шықты.

2006 жылы Микердің болжамдары дәл орындала бастады. Бұдан бөлек сараптамаларын ол Сан-Францискода өткен «Web 2.0» конференциясында мәлімдеді. Микер болашағы жарқын деп білген жобалардың қатарында «Netscape», «AOL», «eBay», «Google» және «Microsoft» болды.

2010 жылы Микер өз уақытында танымал болған «Kleiner Perkins» компаниясына ауысады. Мэри бұл жерде серіктес әрі көлемі $1 миллиардты құрайтын «Digital Growth» инвестиция қорында басшы қызметін атқарды. Қордың қаржысы 26 стартапқа бөлінді. Олардың қатарында «Spotify» «Facebook», «Twitter» секілді ірі компаниялар болды.

2018 жылы Мэри Микер «Kleiner Perkins»-тен кетіп, өз әріптестерімен бірлесе «Bond Capital» қорын құрды. Мэридің болжамдарының арқасында қор қаржысы 2 миллиард долларға дейін ұлғайды. Осылайша қарапайым брокер әлемге белгілі «Ғаламтор патшайымына» айналды.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!