«Жетістікке жету жолында үш нәрсені басқарып дағдылану қажет. Ол қаржы бұлақтары, жүйе және адам». (Роберт Кийосаки)
Қаржы ағымы ма, бұлақтары ма?
Қаржыны жоспарлау, басқару және талдау мәселерінде cash flow деген түсінік бар. Ағылшын тілінен тікелей аударсақ, cash – қаржы, flow – ағым деген мағына береді. Сайып келгенде cash flow – қаржы ағымдары. «Алайда «су анасы – бұлақ» екендігін білетін ұлы халық болғандықтан, cash flow-ды қаржы бұлақтары дегеніміз қисынды» дейді қаржыгер Сайлау Абайділданов. Енді қаржы бұлақтарына байланысты бірнеше сұрақтың жауабын іздестіріп көрейік.
Қаржы бұлақтары не үшін қажет?
Қаржы бұлақтары – белгілі бір уақыттағы кіріс пен шығыс ара қатынасын есептеу арқылы ақшаны тиімді басқару үрдісі.
Белгілі бір мекеменің қаржылық жағдайында өсу бар ма, жоқ па білу үшін қаржылық бұлақтарын зерттейді. Ол үшін ақша айналымының жоспарын яки есепшоттан төленген, есепшотқа түскен барлық қаражат назарға алынады. Бизнес-жоспар жасау, жаңа бюджетті бекіту кезінде қаржы бұлақтарын есепке алу маңызды.
Қаржы бұлақтарының жағдайын білетін компания немесе жеке тұлғаның «қаржылық денсаулығында» кінәрат жоқ.
Кірістер есебі
Жеке тұлғаның қаржы бұлақтары дегенді қалай түсінеміз?
Қалтаға ақша қайдан түседі? Осы сұрақтың жауабы қаржы бұлақтары болып саналады. Бір айлыққа ғана қарап отырса, бір ғана қаржы бұлағы бар деген сөз. Айлықпен қатар жалға беріп отырған пәтері болса, бұлақтың екеу болғаны. Қосымша бір жерде фрилансер болып қызмет атқарса, бұлақтың көзі үшеу. Қаржы бұлақтарының саны көбейген сайын бай-қуатты болуға мүмкіндік артады.
Қаржы бұлақтарының жағдайын қалай анықтайды?
«Қаржы бұлақтарының көзі ашық па әлде бітеліп қалған ба деген сұраққа бас қатырып отырғандарға кірістер мен тепе-теңдік/баланстың сақталу есебін шығарған дұрыс», — дейді «Bai-Quat» инвестициялық компаниясының бас қаржы кеңесшісі Сайлау Абайділданов. Ұзақ жылдар бойы қаржы саласында жұмыс істеп, қазақ қоғамының ақшаны басқару психологиясын зерттеп жүрген маман бүгінде «Қаржы бұлақтары» түсінігін ел арасына насихаттап жүрген жандардың бірегейі.
Тепе-теңдік/баланстың сақталу есебі
Осы екі сызбаның ара-қатынасы қаржы бұлақтарының жағдайын анықтайды. Кірген кірісінен шығыны көп болса, қолдағы ақшасын ертеңгі күнді ойлап активке емес, пассивке салса, онда ол адамның қаржы бұлағының жағдайы нашар. Айлықтан айлыққа өмір сүріп, тапқанын қастерлеп жинаудың орнына түкке тұрғысыз дүниелерге жұмсау – кедей адамның ойлау жүйесі. Кірісін арттырып, шығынын азайтып, қаражатын табыс алып келетін дүниеге құю – бай адамның ойлау жүйесі.
Қаржы бұлақтарының көзін ашу үшін не істеу керек?
Сайлау Абайділдановтың айтуынша, қаржы бұлақтарының көзін ашу көп күшті талап етпейді. Бастысы, жеке қаржыны басқарудағы екі қағиданы бір сәтке де естен шығармау шарт. Біріншісі – жүйелі түрде ақша жинау, екіншісі – тұрақты табыс көзі.
Сайлау Абайділданов: «Жүйелі түрде ақша жинау – шығынды азайтқандағы артылған ақшаны (кез келген көлемдегі) есепшотқа салып отыру. Айлық түсті ме, бірден 20 000 теңге болсын депозитіңізге аударыңыз.
Ақшаны санау деген сөз оған назар аудару, көңіл бөлу дегенді білдіреді. Үйге көңіл бөлмесеңіз, зәулім сарайыңыз қораға айналып кетуі әп-сәтте-ақ. Сол сияқты қаржыңызды қадағалаған сайын қаржылық жағдайыңыз түзеле бастайды. Әр ай сайын белгілі бір соманы есепшотқа аударуға дағдылансаңыз, белгілі бір уақыттан үлкен соманың қалай жиналғанын байқамай қаласыз. Тіпті келесі айда одан көбірек сома құйғыңыз келуі мүмкін.
Есіңізде болсын, бұл ақша сіздің арманыңызды жүзеге асырудың алғышарты. Өзіңізге ойдан проблема жасап алып, есепшотқа қол салуға асықпаңыз! Ертеңгі күнді, ұрпағыңызды ойлаңыз! Ол үшін қаржылық мақсатыңыз айқын болсын.
Біреулер қызына ұзату той жасау үшін ақша жинайды. Әлдекімдер оқудың ақшасын уайымдайды. Қаржылық мақсаты айқын адам ғана жүйелі түрде ақша жинап, оның жемісін жейді. Алайда бірінші қағида қаржы бұлақтарының көзін ашуға көмектесе алмайды. Ол екіншісімен толығуы керек.
Тұрақты табыс көзі. Белгілі бір сома жиналғаннан кейін екінші қағидаға назар аударыңыз. Инвестиция салыңыз яғни жинаған ақшаңызды көбейтуге ұмтылыңыз.
«Қаражатты қандай бизнеске құйсам пайда әкеледі?» деген сұраққа бас қатады. Мұндайда білім мен интуиция көмекке келеді. Ол болмай жатса, «Bai-Quat» секілді қаржылық кеңес беріп, дұрыс таңдау жасауға көмектесетін инвестициялық компаниялардың көмегіне жүгінген абзал».
90-шы жылдары шемішке сатқан жігіттер бүгінде азулы бизнесмендер. Неге? Олар бірінші қағиданы қатаң ұстанып, шемішке сатудан түскен қаражатты жүйелі түрде жинақтағандар. Сосын екінші қағиданы ұмытпаған жандар. Жиналған ақшаға дүңгіршек сатып алып, сосын дүкен салып, одан соң кафе ашып, ақыры бірнеше тойхананың тірлігін тасытып байығандар. Бүгінде олар зауыт басқарып отырса таң қалмаймыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қаржы бұлақтарының көп, кең сарқыраған болуы қаржылық дербестілікке алып келеді.
Дайындаған: Жазира Байдалы