Компас

Саяхат кезінде қажет болмайтын заттар

Жолға жиналу кезінде жиі туындайтын мәселенің бірі — заттардың сөмкелерге сыймауы. Бұл — адамның «қажет болып қалар» деген оймен саяхатқа мүлде керек емес дүниелерді алуының нәтижесі. Өзін-өзі әуреге салушылардың қатарына қосылғыңыз келмесе, Balbal сайты дайындаған саяхат кезінде қажет болмайтын заттардың тізімін жазып алыңыз. 

Электроника. Егер кәсіби маман болмасаңыз, сурет түсіру үшін ауыр фотоаппаратты арқаламай, смартфонмен шектеліңіз. Себебі қазіргі телефондар фотоны ортанқол фотоаппараттан кем түсірмейді. Ал, видеоға кішкентай экшн-камералар жақсы. Көп орын алмайды, қолға ұстағанға ыңғайлы және қуаты ұзаққа жетеді. Ән тыңдауды ұнатсаңыз, құлаққапты да дұрыс таңдауды ұмытпаңыз. Сапалы дыбыс деген жақсы әрине, бірақ саяхатқа сымсыз әрі кішкентай құлаққаптар да жарайды.

Кітаптар. Сапарға том-том кітап алып шығудың қажеті шамалы. Өйткені демалыс кезінде кітап оқитын мүмкіндігіңіз болмайды. Діттеген жерге жеткенше уақыт өлтіруге қажет деп те өзіңізді алдамаңыз. Көліктің қай түрін таңдасаңыз да әр сәтіңізді айналаны зерттеуге жұмсаңыз, миыңызды тынықтырыңыз, қарапайым дүниеден әсерленіп, өзіңізге жаңалық ашуға тырысыңыз. Ал, кітапты сапардан кейін де оқуға болады.

Киім-кешек. Бәрі баратын жеріңізге байланысты, әрине. Бірақ күніне екі киім ауыстырамын деген ойдан аулақ болыңыз. Сапар кезінде сіз мейлінше ыңғайлы киім киюге тырысатыныңыз анық. Сондықтан дорбаңызға қолға түскеннің бәрін салмаңыз. Саяхатқа көп орынды қажет етпейтін, ауыстырып киетін бірнеше киім түрі жетуі керек. Аяқ киімнің үш түрін алсаңыз болады. Бірі суға түсер кезде киетін, екіншісі қаланы аралағанда киетін, үшіншісі жаңбырлы ауа-райында киетін аяқ киім. Ресми кездесуге бару жоспарда болса, оған қажеттіні де салып алыңыз. Жоспарсыз дүниелерді жүк қылмаңыз.

Қажет боп қалар… «Керек тастың ауырлығы жоқ» дейді халқымыз. Алайда, бұл мақал елсіз жерге экспедицияға шығатындарға арналған. Ал, тарихи, мәдени орындарды, шетелдегі қалаларды аралауға бара жатқан туристер үшін ол жарамайды. Сондықтан «қажет боп қалар» деген оймен алынған заттарды сөмкеңізден шығарыңыз да, тағы бір ойланыңыз. Шетелде де базар, дүкен барын есте сақтаңыз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!