Табыс

Алико Данготе – «Ақ қарға» немесе ең кедей континенттегі ең бай адам

Алико Данготе сұхбаттарының жиынтығы

Алико Данготе кедейліктен құтылудың амалын іздеп тапты. Ал қазір Африканың ең бай адамы. Нигериялық кәсіпкер, африкалық миллиардер, Dangote Group өнеркәсіптік конгломератының негізін қалаушы жайлы естуіңіз бар ма? 

1957 жылы 10 сәуірде дүниеге келген Алико Данготе өте қарапайым жандардың қатарынан. Пайғамбар жасындағы мұсылманды әріптестері, таныстары өте жомарт және намазхан деп сипаттайды. Ол әлемдегі табысты кәсіпкерлерді шаң қаптырып, 2014 жылы Forbes тізімінде 23-орынды иеленді. Ол Нигериядағы 10-ға жуық дағдарыстан демігіп шығып, 2 миллиард долларға цемент, қант, тұз және энергия өндіретін алып империяны құрды. Африкалықтар мыңдаған жылдар бойы өндіре алмаған миллиардты «Ақ қарға» атанып кеткен кәсіпкер аз уақыттың ішінде иемденген еді. «Қалай, оның сыры қайда жатыр?» дейтін толассыз сұрақтар көпшіліктің көкейінде тұрғаны сөзсіз. Balbal.kz сайты осы сауалдарға жауап беру мақсатымен Алико Данготенің шетел басылымдарына берген сұхбаттарын жинақтап, назарларыңызға ұсынады.

Данготе мырза, бизнесті бастағаннан кейін 20 жыл бойы еңбек демалысын алмаған екенсіз. Сол рас па?

Иә, ол-шындық. Өз кәсібімді дөңгелету үшін ұзақ еңбектенуге және көп нәрседен бас тартуға тура келді. Ал қазір ойымдағыны жүзеге асырғаннан кейін екі апта сайын тынығып тұруды әдетке айналдырдым. Біз Виктория аралындағы Лагоста өмір сүреміз, бірақ маған Майамиге жиі барып, саяхаттаған ұнайды. Көліктерді және жылдамдықты жақсы көремін. Porches, Ferrari сынды 25 машинам болған. Лагостан Каноға дейін сағатына 180 мильмен жететінмін. Алайда екінші қызым дүниеге келген соң жылдамдықтан да бас тарттым. Бүгінде қытайдың Sinotruck өндірушілерімен бірігіп, күніне 16 жүк таситын және жеңіл көліктерді шығарамыз. 53 жасымда Bombardier ұшағын, ал 2013 жылы яхта сатып алдым. Бірі 45, екіншісі 43 миллион долларды құрайды.

Адам бойында өз арманының орындалуына мүмкіндік беретін қасиеттердің барлығы бар. Сеніңіз, әрекет және батыл қадамдар жасаңыз. Белгілі бір нәтижеге жеткен уақытта қанша мақтансаңыз да сізге жарасатын болады.

Сізді отбасыңыз қалай тәрбиеледі?

Менің атам жаңғақ сатушысы ғана емес, Батыс Африкадағы табысты адамдардың бірі болған. Ал әкем – саясаткер және кәсіпкер, бірақ ол кісі өмірден озғанда мен әлі бала едім. Мектеп қабырғасында жүріп, балаларға тәттілер сататынмын. Өмірдің мәнін ақшаға әкеліп тірегенім де сондықтан шығар. Египеттегі Аль-Азхар университетінде оқып жүріп, бизнестің қыр-сырын меңгеруге барымды салдым.  Ата-анамның тұңғышы жол апатынан қайтыс болғандықтан,  ата-әжем мені өз бауырына басты. Сол махаббат пен мейірім менің бойыма сенімділік ұялатқан сияқты.

Алғашқыда ағаңыздан қарыз алып, Африкада табысты бизнес-кангломератты дүниеге әкеліпсіз. Қандай сәтсіздіктерді бастан өткердіңіз?

Иә, ол кісінің есімі – Сани Дантата. 1977 жылы 3-3,5 доллар көк қағазды қарызға алдым.Үш ай ішінде қайтаруға тиісті едім. Менде бір ғана жоспар болатын: кішкентай қадамдармен үлкен белестерді бағындыру. Әуелі цементпен, кейін банк ісімен айналыстым. Алғаш Бразилиядан қант алдыртып, оны сатып күн көрдім. Бір қызығы, кейде ұн мен тұзды да қосып сататын кездерім болған. Ағамның қарызы да көп ұзамай қайтарылды, ол кезде қалтама түсетін табыс көлемі 10 мың долларды құрайтын. Ал 1981 жылы Dante Group деген атаумен компаниямның негізі қаланды.

Миллиардер ретінде кәсіпкерлерге айтар ақылыңыз

Алғашында біздегі капитал көлемі жоғары еді, сондықтан өзімізге ғана тиесілі электр жүйесін жасадық. Тәуелсіз болуды көздедік. Ол үшін 1,2 миллиард доллар жұмсалды. Қаржы дағдарысы орын алғанда шекеме тиген, маған сабақ болған бір дүние бар. Кәсіпкерлерге құлаққағыс, бизнестің қай түрімен айналыссаңыздар да жеке капиталыңызды қалыптастырыңыз. Алдымызда қандай қиындық, қандай тосынсый күтіп тұрғанынан хабарсызбыз.Сол кезеңдері біздің компанияның даму қарқыны жылдам болғанымен 2 миллиард доллар қарызға белшемізден баттық. Шегініс жасауға бел байладық. Себебі қолда көк тиын жоқ. Егер 2008 жылы көп капиталға иелік еткенде мен ойланбастан үй, ұшақ, жер сияқты дүниелерді арзанға сатып алушы едім.

Сіз әуелі тағам өнімдерінен, кейін электр жүйесінен бастап, ал енді мұнай және газ өндіруге дейін жеттіңіз. Ойлағаныңызды қиындықсыз жүзеге қалай асырдыңыз?

Қиындықсыз емес, қиындықпен келген жетістік. Ащының дәмін татпай тәттіні қайдан білеміз? Біз мұнай-химия зауытын салып бітірген жағдайда ғана жаңа деңгейге көтеріле алатынымызды білдік. 1970 жылдары Нигерия ұлттық корпорациясы жанармайды өндірумен және экспорттаумен айналысып жатты. Ал кейін ОПЕК-ке мүше болды. Мен негізі өзімді жолы болғыш, несібесі мол адам ретінде санаймын. Жалқаулыққа салынып, жүрексіне берсең тапталып қаласың. Үрей мен қорқынышты жою керек, сонда ісің алға басады. 1973 жылы Араб мемлекеттері АҚШ, Канада,Ұлыбританияға мұнай жіберуден бас тартты. Вашингтон ішкі экономикасын реттеу үшін экспорттауға тыйым салды. Осы оқиғаның барлығы біздің пайдамызға шешілген сияқты. Әлі күнге дейін АҚШ нарығында өз үлесіміз бар.

Жаңа кезең осыған дейін айналысқан кәсіптерді біріктіру дегенді білдіреді. 2000 жылы құрылыс материалын, 2002 жылы цемент өндіретін зауыттар салынды. Макарон, шырын, күріш, қызанақ пастасының жасалу жолын меңгеріп, бұл бағытты да дамытуды жөн санадым. Адамдар «Неліктен ауыл шаруашылығымен айналысамыз?» дейтін сауалдарды жиі қояды. Алайда Африкада азық-түлік те, отын да тапшы. Ал біз ауадай қажет дүниелермен қамтамасыз етуге әрекет жасаймыз. Сол арқылы табысқа кенелеміз. Бизнестің басты мақсаты – жоқтан барды жасау. Мен әлі күнге дейін мақсат және жоспармен оянамын. 60 жылдық мерейтойыма орай 4 жылдың ішінде күріш және қант бизнесінде 180 000 жаңа жұмыс орнын ашып, 100 миллиард долларға дейін ұлғайттым.

Африка тұрғындарының ойлау қабілеті қандай деңгейде?

Мен адамдарды таяз ойлаудан арылтқым келеді. Нигерияны Колумбияға ұқсатады. 20 жыл бұрынғы ақпаратқа сүйеніп, Колумбияны есірткімен байланыстырады. Алайда  осы аймаққа инвесторлардың не себепті  қызыға қарайтынын түсінбейді. Нигерия туралы да ескі көзқарас қалып қойған. Қазір 1970 жыл емес. Уақыт өзгерді, сана да қоса өзгеру керек. Мен соны жеткізгім, түсіндіргім келеді. Қазіргі уақытта жұмыссыздықпен күресіп келемін. 180 миллион халқы бар елдің кедейліктен көз ашпай келе жатқаны шамыма тиеді. Ал дағдарыс жағдайында жастардың 42%-ы жұмыссыз қалады.

Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Мен санама 3 дүниені шегелеп тастағанмын

  1. «Бизнес – шайқас. Қарсыластарыңның көзін құртуды әдетке айналдыр»
  2. «Дәулетті адамдардың қатарынан дос ізде»
  3. « Жақсылық жаса. Бірақ жиі емес»

Дайындаған: Айжан Сыланова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!