Мәдениет

Томаға-тұйық баладан атақты режиссерге дейін

8 миллиметрлік камера оның өмірін қалай өзгертті?

Адамның тағдырына оның өмір жолында бастан кешкен үлкенді-кішілі оқиғалары тікелей әсер етеді. Ол оқиғалардың қайсысы мәнді, қайсысы мәнсіз болғаны ғұмырдың соңында ғана анықталады. Бұл жазбада біз сіздерге заманымыздың үздік режиссерлерінің қатарына кіретін Стивен Спилберг туралы қызықты деректер ұсынбақпыз. Оқып отырып, оның өмірінен өзіңізге ұнаған тұстарын түртіп алыңыз.


Сыныптың жалғыз еврейі болғаны оны томаға-тұйық етті. Сол себепті ол көк жәшікке күні бойы телміре қарап уақыт өлтіретін.


Баланың іштей тынғанына әкесі алаңдады ма, әлі күнге дейін белгісіз, белгілісі – ол ұлының туған күніне 8 миллиметрлік кинокамера сыйлаған. Ақылмен сыйланған әке тартуы бала өмірін бір-ақ сәтте жарқын етті. Себебі ол енді бүкіл назарын кинокамераға аударды. Таңда да, түнде де кино түсіремін деп әлек болды.


Ол 12 жасында соғыс туралы 40 минуттық «Белгісіздікке ұмтылыс» (1960) лентасын байқауға жіберіп, бақ сынап көреді. Актерлер ретінде ата-анасы, әпкелері түскен бұл картина үздік атанады.


Жас таланттың әке-шешесі балаларына қолдарынан келгенше жағдай жасайды, қолдайды. Алайда, кәсіби кино түсіремін деп жүргенде ата-анасы ажырасып кетеді.


Ол Оңтүстік Калифорния жанындағы киномектепке оқуға түсуді өзінің мақсаты етеді. Екі рет бақ сынағанымен, қолынан келмейді. Бар «гәп» мектептегі оқу үлгерімінде болыпты.


1968 жылы «Эмблин» деген қысқаметражды лента түсіргенде жас таланттың асығы алшасынан түседі. Себебі «Эмблинге» «Universal» компаниясының қызметкерлері қызығушылық танытады.


Көп ұзамай өзі де «Universal»-дан бірақ шығады. Студияда әр түрлі фильмдердің түсіріліміне қатысқан ол 1974 жылы «Шугарлендтік экспресс» деген атаумен кино түсіреді. Бұл оның үлкен экрандағы режиссер ретіндегі дебюті, халықаралық деңгейдегі киноәлемге тәй-тәй басқан қадамы болатын.


Алайда, танымал болуына жоғарыда аты аталған фильм емес, 1975 жылы прокатқа шыққан «Жақтар» киносы әсер етті. Прокатқа шыққан күннен бастап бірнеше жыл бойы кассалық ақша жинаудан рекордтық көрсеткішті ұстап тұрған «Жақтарды» бүгінде естімеген адам кемде-кем шығар.


Дегенмен қызықтың, яғни рекордтың «көкесі» 1977 жылы болады. Себебі сол жылы түсірілген «Үшінші деңгейдегі жақын қатынас» деген фильм де сәтті шығады. Не түсірсе де нысанаға дөп тигізетін режиссер сол сәттен бастап үздіктер қатарына ілігеді.


Бүгінгі таңда Голливуд тарихындағы ең табысты режиссердің сәтсіз болып шыққан жалғыз фильмі, ол – 1979 жылғы «1941» деген туындысы.


1982 жылы көрерменге жол тартқан «Өзге ғаламшарлық» киносы режиссер есімінің тарихта алтын әріптермен жазылып қалуына бірден бір себепкер болады.


1984 жылы Amblin Entertainment студиясының негізін қалайды. Естеріңізде болса, «Universal»-дың босағасынан аттауға тікелей себепкер болған қысқа метражды лентаның атауы да «Эмблин» болатын. Ол сөйтіп атақ пен абырой, мансап пен ақшаға кенеледі. Оның фильмінде түскен жас актриса Дрю Берримор мен басқа кішкентай өнерпаздар халықтың сүйіспеншілігіне бөленеді.


1993 жыл режиссер үшін ең табысты жыл. Себебі сол жылы екі бірдей суперхит үлкен экранға жол тартады. Біріншісі – «Юра дәуірінің бағы» (1993), екіншісі – «Шиндлердің тізімі». Соңғысы Оскардың жеті мүсінін жеңіп алады. Режиссер болса, «Жылдың үздік фильмі» және «Үздік режиссер» деген номинацияда жеңімпаз атанады.


1999 жылы режиссерді халық арасында ХХ ғасырдың үздік режиссері деп атап кетеді. 2001 жылы Елизавета патшайым «Британия киноөндірісінің дамуына қосқан орасан зор үлесі үшін» оны рыцарлікке қабылдайды.


Қандай кино түсірсе де жүз пайызды хит түсіретін режиссер ондаған жылдар бойы өзінің мінсіз кәсібилігін дәлелдеп келеді. 80-ші жылдары аты аңызға айналған Индиан Джонстың бастан кешкендері туралы киноэпопеясы соның бір дәлелі. Тағы да дәлел сұрасаңыз, алысқа кетпей-ақ Герберт Уэлс романының желісі негізінде 2005 жылы түсірілген «Әлемдер соғысын» мысалға келтіруге болады. Басты рөлінде Том Круз ойнаған аталмыш кинотуынды бірнеше күннің ішінде прокаттан 200 миллион доллардан аса қаржы жинаған. Сонымен қатар, 2004 жылғы «Терминал» фильмінің де олжалы болғанын ұмытпаған жөн. Халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алған тағы бір «Қатардағы жауынгер Райанды құтқару» (1998) деп аталады.

  • Голливудтық актерлерді екіге бөлуге болады: Онымен жұмыс істегендер және соны армандайтындар.
  • Режиссер жеткен жетістігіне қанағаттанатын түрі жоқ. Алға қойған мақсат-жоспарлары ұшан-теңіз.
  • Ол түсірген кино экранға шықпас бұрын классика санатына жатқызылады.

Ел арасында мынандай тәмсіл бар: «Фильмді кез келген адам түсіруі мүмкін. Бірақ шедеврді тек ол жасай алады. Сондықтан да актерлер оның шақыруынан бас тартпайды. Гонорарды да соңғы кезекте сұрайды».

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close