Алмас Маратұлы – «Limon.kz» туристік агенттігінің негізін қалаушы. Balbal.kz сайтына Алмас Маратұлы сұхбат бере отырып, туристік компания ашудың лайфхактарын ұсынды.
Алмас Маратұлы:
Ғашықтар күнінде бизнес дүниеге келді
14-ақпан келе жатты. Осы мерекеге біз не ұйымдастырарымызды білмедік. Ол туристік тур немесе басқа дүние болуы мүмкін. Дегенмен біз бұл нәрсе арқылы пайда табуға болатынын білдік. Себебі жұп дәл осы күні «қайда барсақ болады екен?» деген сауал қояды. Оның үстіне Көкжайлау трендте болды. Алматыда «Көкжайлауға курорт салуға қарсымыз» деген митингтер өтті. Көкжайлауға жұптарды шығарып қайту ғана емес, жұпқа арналған сыйлық ойластырып, ойын өткізу ойда болды. Сонымен қоса межелеген жерге апарып, алып келу қызметін де қостық. Сөйтіп бәрін бір пакетке жинадық.
18 000 теңге құйдық
Бизнеске ең алғашқы салған қаржымыз – 18 000 теңге. «Shodim» инста парақшасына өзімізді жарнамалаттық. Осыдан бәрі басталды. Тіпті, ол кезде арнайы парақшамыз болмаса да, қоңыраулар көптеп түсті. Есімде, алғашқы турға 26 адам жиналды. Қателеспесем, топтың әр мүшесіне 18 мың теңгеден түсті.
Екінші турымыз 8 наурызға қарай Шарын шатқалында өтетін болды. Оған біз 250 адам жинадық. Көбі университет студенттері еді. Бірақ инста парақшаға қайтадан жарнама бергеннен кейін студенттерден бөлек адамдар да жиналды. Осылайша салық органдарына тіркелдік. Мемлекеттік лицензия алдық. Міне, биыл кәсібіміз жетінші жылға аяқ басты.
Туристік компанияны ашудың артықшылығы мен кемшілігі қандай?
2020 жылы карантин болғаннан кейін шекаралар жабылды. Барлығы Қазақстанда демалатын болды. Осы жайт ішкі туризм сапасын түсіріп жіберді. Инфраструктура нашар.
Отырардағы әжетханалар билік өкілдеріне ғана ашық болады да қарапайым турист үшін жабық болады.
Мысалы, Алмаарасанда дәретхана тұр. Бірақ әркез жабық. Дәл осындай жағдай Шарында да, Отырарда да кездеседі.
Негізінен, Қазақстанда маусым өте қысқа. Біз сәуір-қазан аралығында жұмыс жасаймыз. Дәл осы кезде туристік компаниялар, автобус, қонақ үйлер ақша тауып қалуға тырысып, бағаны көтереді. Туризмі дамыған мемлекеттердің жазы ұзақ болғаннан кейін олар бағаны ұстай алады. Ал біз бағаға бақылау жасай алмаймыз. Бір мезетте барлығы барғысы келеді, ол кезде орын жоқ болып қалуы мүмкін. Ал бір уақытта ешкім бармай қалады. Сол уақытта бағада айырмашылық байқалады.
Қазіргі таңда Алматы облысының әкімдігі «қай жол жасалыну керек?» деген сауалды тікелей бизнестен сұрайды. Олар ұсынысымызды республикалық бюджетке енгізеді. Бұрын заң жоғарыдан төмен қарай қабылданатын. Қазір керісінше.
Клиентті қалай қызықтыруға болады?
Клиентті қызықтыру үшін үнемі жаңарып отыру керек. Біз турдың құнына көп дүние кіргізетінбіз. Бір күндік тур болса да гид қызметін қосатынбыз. Тамақ беріп, ойын ойнатқызамыз. Соны видео арқылы әдемі қылып көрсететінбіз.
Алғашқы турға 250 адамды қалай жинадық? Клиенттің 50 %-ы дайын еді. 2015-2016 жылдары не жасасаң да адамға қызық болатын. Жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Кейін компаниялар көбейгеннен кейін жарыс басталды. Қазір клиенттерді бір ғана жаңалықпен ұстап тұру мүмкін емес. Қазір жаңа маршрутттар ұсынып жатырмыз.
Құжат бойынша қиындық туындады ма?
2016 жылы ЖШС-ті тіркедік. Одан соң бір ай көлемінде туристік лицензияға тапсырдық.
Туристік лицензияға тапсыруға қажетті құжаттар: ЖШС-тің құжаты, туризм саласының маманы болып табылады деген диплом, салық комитетінде қарызы жоқ деген құжат.
Мемлекеттік төлемді төлеген соң бір ай ішінде бізге мемлекеттік лицензия берілді. Қазіргі таңда гидтерімізді сертификат алуға оқытып жатырмыз. Бұл процесс жыл сайын болады.
Жаңадан бастап жатқан компанияларға ештеңеден қорқудың қажеті жоқ дегім келеді. Құжаттарды дұрыстап алсаңыздар, еркін жұмыс істей аласыздар. Былтыр Шарын шатқалында су тасқыны орын алды. Бұл – сирек кездесетін жағдай. Сол кезеңде турды ұйымдастырған компания құжат жағынан дұрыс жұмыс істемеген. Сондықтан құжатқа сақтық танытқан жөн.
Бизнес жоспар қалай жасалады?
Бір жылға жоспар жасаймын. Әр айға сату жоспарын құрамын. Көз алдымда бесжылдық сату көрсеткіштері бар. Наурыз айында 1000 адамға қызмет көрсетсек, келесі жылы 1500 адамға қызмет көрсетуіміз керек. 500 адам жаңа жарнамалық маркетингтен қосылады.
Екіншіден, халыққа өтпеген маршруттар болса, оларды алып тастаймын.
«Макдональдс» деген фильм бар. Сонда осы бизнесті бастаған екі адамнан «сіздер неге күштісіздер?» деп сұрайды. «Біз артық дүниені алып тастадық. Дайын дүниені дәмді қылуға, сапасын жоғалтпауға тырыстық» деп жауап береді.
Мен дәл осы фильмнен кейін жоғарыда айтқан ұстанымды қабылдадым.
Қазақстанға байланысты ассоциация жоқ
Шыны керек, бізде туристік орындарға адамдарды әкелген кезде не көрсететінімізді білмей қаламыз. Егер біз нағыз ауылдың, көшпенділердің өмірін көрсетейін десек, оныбізден асырып қырғыз бен моңғол таныстырып жатыр. Ал егер Дубай сынды дамыған мемлекеттің үлгісін көрсетейін десек, Алматымыз да, Астанамыз да ол деңгейде емес. Шри-Ланка, Мальдив аралдары сынды демалыс орын жасауға біздің ауа-райымыз рұқсат бермейді. Ал тарихи жерлер тек Түркістанмен шектеліп қалып жатыр.
Қазақстанды естігенде туристің көз алдына келетін ештеңе болмағандықтан қайсысын сатуды білмейміз.
Бізде Отырар бар. Дегенмен оны таныту үшін қайта салу қажет еді.
Туристердің ең қызығатын дүниесі – тамақ. Мысалы, Өзбекстанға барсам, палау жегім келеді. Біз бешбармақты ұсынамыз. Бірақ оның кереметін ұсына алмаймыз.
Сұхбаттасқан: Айғаным Қоңырбайқызы