Біліп жүр
Медитация жасап үйренуге арналған пайдалы қосымшалар
Медитация жасауға арналған қосымшалар
Медитация сыртқы сұлулық пен ішкі бақытқа әсер ететін мұндай жолдардың бірі әрі белгілісі. Медитацияны ішкі күйзелісті жою, жан тыныштығын орнату, денсаулықты жақсарту үшін пайдалану практикасы әлемде кең тараған. Ендеше адамға жан жақты көмектесетін бұл жаттығуларды үй жағдайында қалай үйрене аламыз? Сіздің назарыңызға қазіргі таңда медитация арналған үздік әрі тегін 3 қосымшаны ұсынамыз.
Insight timer қосымшасы
Insight Timer – бұл смартфондарға арналған онлайн және офлайн жұмыс істейтін қосымша. 2016 жылы Time журналының «50 үздік қосымша» тізіміне енді. 2019 жылы оны 9,5 миллионға жуық адам пайдаланды. 2018 жылы The New York Times сайтында «медитацияның ең танымал қосымшасы» деп баға берілді. Қосымшада тегін медитация кітапханасы және нейробиологтар, психологтар, сонымен қатар Стэнфорд, Гарвард және Оксфорд университеттерінің оқытушылары ұсынған 15000-нан астам медитация сабақтары бар.
Insight Timer ерекшеліктерінің бірі – медитацияңызды жеке қажеттілік пен қызығушылығыңызға сәйкес дамытуға мүмкіндік береді. Ал егер айына 5 доллар төлеп, ақылы бөлімге жазылсаңыз, қосымша одан да басқа қызметтерін ұсынады.
Meditopia қосымшасы
Meditopia – бұл бүкіл әлемде 3 миллионнан астам қолданушы бар медитация мен рухани дамуға арналған қосымша. Бұл қосымшада ғалымдар мен арнайы мамандар дайындаған 7 күндік ақыл-ойды жаттықтыруға, тыныш ұйқы мен дұрыс медитацияға бағытталған бағдарламалардан өте аласыз. Meditopia күйзелісті жеңілдетуге, ұйқыны жақсартуға және өзін-өзі тануға көмектеседі. Қосымша ішінде мынандай бөлімдер бар:
- сәлемдесу
- медитация негіздері
- күйзелістен құтылу
- қайырымдылық
- өзіңе деген сенімділік
- тыныш ұйқы
- өзіңді қабылдау
- алғыс айту
Meditopia қосымшасымен медитацияны офлайн режимде де жасай аласыз.
Серотонин қосымшасы
Бақыт гормонының құрметіне аты қойылған Серотонин қосымшасымен бастапқы кезде жаттықтырушы арқылы, үйренген соң жекелей медитация жасай аласыз. Бұл қосымшада қанша уақыт, қандай мелодиямен, кімнің даусы арқылы медитация жасайтыныңызды өзіңіз таңдайсыз.
Медитациядан бөлек тыныс алуды, ұйқыны дұрыстауға арналған бөлімдері бар. Жасау реттілігіңіз бен жиілігіңізге қарай статистика шығарып отырады.
Егер көптен бері медитацияның қыр-сырын үйреніп, сыртқы қалпыңыз бен ішкі жан дүниеңізді тепе-теңдікте ұстағаныңыз келіп жүрсе, біз ұсынған қосымшалардың бірін пайдаланып көріңіз. Ой-санаңызды дамытуды ертеңге қалдырмаңыз. Қазір жазып алып, бүгіннен бастаңыз.
Дайындаған: Досбол Атажан