Таным

Түйіндеме жазу барысында ескерілуі тиіс 4 ереже

Түйіндеме жазу үшін ережелермен танысыңыз

Түйіндеме жазу барысында «Нені жазамын? Нені жазбаймын?» деп бас қатырамыз. Түйіндемемізге қарап жұмыс беруші шешім қабылдайтынын жақсы білеміз. Сондықтан да мейлінше көзге түсіп, сұхбаттасуға шақыру алуды қалаймыз. Шын мәнісінде, қарапайым түйіндеменің өзін қысқа-нұсқа әрі әсерлі етіп жазуға болады. Balbal.kz мотивациялық сайты түйіндеме жазуға байланысты бар ескертпелерді бір материалға сыйдырды.

Сауатты жазыңыз

Түйіндеме жазу кезінде сақталуы тиіс 4 ереже бар. Диалект, жастарға тән сленг сөздер, техникалық және грамматикалық қателер түйіндеменің ішінде болмауы тиіс. Себебі сауаттылық – сіздің түйіндемеңізді қоқысқа кетуден сақтайтын шарт.

Вакансияға сай болыңыз

Компанияда кім болып жұмыс істегіңіз келетіндігін алдымен анықтап алыңыз. Сосын сол вакансияға қатысты дүниелерді ғана түйіндемеңізде көрсетіңіз. Жұмысыңызға қатысты емес қосымша ақпаратты түйіндемеде көрсетсеңіз, жұмыс берушіде артық сұрақ туындамауы мүмкін.

Мысалы, бухгалтерсіз. Бухгалтерлік жұмыс іздеп жүрсіз. Ендеше түйіндемеңізде дизайнге қызығатыныңыз жайлы жазу қажет емес. Сол сияқты аспаз болғыңыз келсе, бухгалтерлік есеп бойынша курстан өткеніңізді жазу артық сұрақ туындатады.

Алайда ерекше қабілетке иемін десеңіз, онда қарым-қабілетіңіз туралы жазыңыз. Сұхбаттасуға шақыру алғанда қабілеттеріңіз жайлы қосымша сұрақтарға жауап беруге дайын болыңыз.

Түйіндемеңіз ұзақ болмасын

Жарты бет жазсаңыз, аздық етеді. Үш бет (А4 көлемімен алғанда) толтырсаңыз, тым ұзақ болып кетеді. 1-2 беттік түйіндеме кез келген жұмыс берушінің көңілінен шығатын көлем.

Word нұсқасында түйіндеме жазу барысында кеңістікті дұрыс пайдалана беріңіз. Ол үшін бағандарды пайдаланыңыз. Көзді ауыртпайтын қаріпке (шрифтке) дейін қаріпті кішірейтіңіз. Қажет деп тапсаңыз, құжатқа колонтитул қойыңыз.

 Құрылымды сақтаңыз

Түйіндеме көбінесе мына екі құрылымда жазылады:

Бірінші құрылым – бас жағынан кейін жұмыс тәжірибесі көрсетіледі.

Аты-жөні, байланыс нөмірлері, жеке ақпарат

Мақсаты және алғысы келетін айлық мөлшері (міндетті емес)

Жұмыс тәжірибесі

Білімі

Кәсіби қарым-қабілеті

Қосымша ақпарат

 

Екінші құрылым – бас жағынан кейін қарым-қабілеттері жазылады.

Аты-жөні, байланыс нөмірлері, жеке ақпарат

Мақсаты және алғысы келетін айлық мөлшері (міндетті емес)

Кәсіби қарым-қабілеті

Жұмыс тәжірибесі

Білімі

Қосымша ақпарат

Мына ақпараттарды жазбаңыз

Нақты мекенжайыңызды, пошталық индексті көрсетудің қажеті жоқ (қаланы ғана көрсетіңіз);

Туған күніңіздің айын, күнін, жылын жазу артық (жасыңызды ғана жазыңыз);

Екі телефон нөмірін көрсетпеңіз (бір ғана ұялы телефон нөмірі жетеді);

Отбасылық жағдайыңызға тоқталмаңыз немесе ең астына түсіріп тастаңыз (Жұмысыңыз бала тәрбиесіне қатысты болса, балалы-шағалы екеніңізді көрсетіңіз, ал қалған ситуацияларда бұл жеке өміріңіз болып табылады);

Мақсатыңызды және алғыңыз келетін айлықты ойланып барып жазыңыз. Бұл ақпараттарды жазу не жазбау өз құзырыңызда. Айлық көлемі көбінесе жұмыскерге жүктелетін міндеттерге тікелей байланысты.

Бар жұмыс тәжірибеңізді көрсетпеңіз (тек соңғы 5-9 жыл ішіндегі жұмыс орындарыңызды көрсету жеткілікті және оларды хронологиялық кезекпен жазып шығыңыз)

Ерекшеленуге тырысыңыз

Оқу орнын бітіргеніңізге көп болса, біліміңіз жайлы қысқа ғана жаза салыңыз. Университетті енді аяқтасаңыз немесе әлі студент болсаңыз, онда қай жерден тәжірибе жинақтадыңыз, қандай курстарды оқып бітірдіңіз, соған ерекше тоқталыңыз.  Онымен қоймай қызметіңізге сай келетін семинар-тренингтерден дәріс алсаңыз, мұны да жазыңыз.

Ең бастысы, біреудің жазғанын қайталай бермеңіз (жауапкершілігім мол, тез бейімделемін, стресске төзімдімін, көшбасшылық қасиетім бар … дегендей).

Егер бұрынғы жұмыс орныңызда сіз идея ұсынып, ол өмірге айналса, мұны түйіндемеде көрсетуіңізге әбден болады. Дегенмен мұның бәрі қалаған қызметіңіздің/вакансияңыздың төңірегіндегі жетістіктер болғаны дұрыс.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close