Подкаст – бұл жүктеп алуға, онлайн тыңдауға болатын сериалдар, блогтар, аудиопрограммалар. Мұны аудио форматтағы YouTube не Netflix деп айтуға болады. Подкаст көліктегі серігіңіз. Радиодан ең бірінші артықшылығы – кез келген уақытта, кез келген жанрда аудио тыңдау мүмкіндігі.
Қалай және қайдан тыңдаймыз?
Подкастарды өз ұялы телефоныңыздан тыңдай аласыз. Егер сізде IOS болса, онда оған арналған арнайы «Подкасты» деген қосымша бар. Ал Аndroid құрылғылары үшін Google Podcasts атты программа бар. Сондай-ақ одан бөлек Overcast, Pocket Casts, Castbox, Spotify және «Яндекс.Музыка» сияқты программалар мен қосымшалар да жетерлік.
Подкастан қалай бизнес жасаймыз?
Подкаст – бұл клиентіңізге өз өніміңізді, брендіңізді танытуға үлкен мүмкіндік. Егер өз ісіңізді дөңгелеткіңіз келсе, жеке брендіңізге деген сенімді арттыруыңыз керек. Ол үшін сізге инфлюенсерлер көмекке келеді. Бренд өз аудиториясын инфлюенсерлер арқылы табады. Ал подкастардың авторлары көбіне – микроинфлюенсерлер немесе жай ғана өз тыңдармандары бар инфлюенсерлер. Егер автор өз аудиториясымен жақсы қарым-қатынаста болса, онда ол жарнамалайтын бренд те көбірек сенімге ие бола алады.
Америкалық зерттеушілердің мәліметінше, тыңдаушылардың 70%-дан астамы жарнама берушілермен екінші реттен бастап байланысқа шыға бастайды.
Подкастар адамдарды мезі еткен әдеттегі жарнамалардан әлдеқайда тиімдірек. Қарапайым мысал, рекламаны диктор оқығанда ол өтімді болады. Подкастар жарнамадан және брендпен бірге жасалынған арнайы тапсырыстан табыс табады. Онымен қоса кейбір авторлар краудфандингтің арқасында ақша табады. Демек сіз өзіңіңізді қолдайтын аудиторияңызға жоба ұсынасыз. Ал олар сізге қолдау ретінде ақша жібереді. Бірақ ол үшін сізді cүйіп тыңдайтын аудиторияның болуы шарт.
Подкаст жасаудағы 5 қадам
- Өз тақырыбыңызды анықтаңыз
Мұнда сізде екі таңдау бар:
- Өзіңізге таныс, ұнайтын тақырып алу
- Сұраныс жоғары, үлкен аудиториясы бар ниша таңдау
- Контент-жоспар жасаңыз
90% подкаст жасап бастағандардың ең басты қателігі – жоспарсыз әрекет еткендігінде. Подкаст жасау үшін сізде 3-6 айға алдын ала құрылған жоспар болғаны дұрыс. Басында үлкен шабытпен жасалынған дүние келесі қадам анықталмаған соң аяқсыз қалуы мүмкін.
Алғашқы подкаст жарық көрген кезде сізде кем дегенде 12 шығарылым дайын тұрғаны жөн. Сонда сіз аптасына 1, айына 4 эпизодтан шығарып отырасыз. Яғни жоспарға сай сізде 3 айлық шығарылым дайын тұрады.
- Қонақ шақыруды ұмытпаңыз
Негізі подкастың екі түрлі типі бар:
- Соло подкастар – сіз жеке өзіңіз белгілі бір тақырыпта сөз қозғап, сұрақтарға жауап беретін подкаст түрі.
- Интервью түріндегі подкастарда сіз спикерлерді қонаққа шақырып, сұхбат түрінде әңгіме өрбітесіз.
Аудиторияңызды өсіріп, жаңа тыңдармандар тапқыңыз келсе, екінші нұсқаны таңдағаныңыз жөн. Әрі сонда әр эпизодыңыз жан-жақты қызықты тақырыптарға толы болады.
Қонаққа кімді, қалай шақырамыз?
Танымалдылыққа ие бола қоймаған кезде сұхбатқа қонақ тауып шақыру да оңай емес. Басында қонақты өз айналаңыздағы адамдардың ішінен іздеңіз. Адамдарды қызықтыратын тақырыптарда сұхбат жүргізуге тырысыңыз. Сосын келген қонақтан келесі жолы кімді шақыруға болатыны жайлы кеңес сұрап отырыңыз.
- Дайындық
Процесс келесі қадамдардан тұрады:
- Шақырылатын қонақпен жазатын уақыт пен орынды белгілеу;
- Қонаққа қойылатын сұрақтардың тізімін жасау;
- Құрылғыларды дайындау;
- Белгіленген күні подкаст жазуға кірісу;
- Жазылған подкасты аудио монтажға жіберу;
- Дайын болған жазбаны қонаққа растауға жіберу;
- Подкасты салуға болатын барлық платформаларға тарату;
- Подкасты жазу процесі
Подкастар арнайы студияда немесе үйде де жазыла береді. Артық шусыз орын табылса болғаны. Ол үшін керекті дүниелер табылса болғаны.
Подкаст жасау үшін не қажет?
- Микрофон.
- Подкаст жазатын арнайы қосымша. Мәселен, Skype Call Recorder атты ақылы программаны қолдана аласыз.
- Монтаж. Мұнда сіздің дауысыңыз бен қонығыыңыздың дауысы өңделіп бір аудиоға сыйдырылатын болады. Егер сіз профессионалды деңгейде подкаст жасағыңыз келсе, оған джинг қосқаныңыз дұрыс. Яғни сіздердің дауыстарыңыздан бөлек фонда тұратын музыка қосылады.
- Дизайны. Көптеген подкаст жасаушылар осы кезеңге аса мән бермей жатады. Бірақ әр заттың сыртына мән беретін визуалдар үшін бұл өте маңызды. Егер сіз подкастың ішіне ғана мән беріп сыртқы бетінің дизайнын ұмыт қалдырсаңыз көптеген клиенттеріңізді жоғалтып аласыз. Аудио жазбаңыз бен оның сырты бірін-бірі толықтырып тұруы керек.
- Қайда жариялаймыз? Подкастың іші-сыртын түгендеп болдыңыз. Ендігі іс оны барынша көп адам қарайтындай етіп жариялау керек. Сіз өз подкасыңызды төмендегі платформаларға жүктей аласыз.
- iTunes;
- SoundCloud;
- Google Play Podcast;
- Өз блогыңыз немесе сайтыңызға.
Дайындаған: Дидар Сұлтанбекқызы