Біліп жүр

Журналист білуге міндетті 5 ереже

Сайты бар немесе сайт ашқысы келетіндерге арналады

Ватан Өз  – Лондоннан жарық көретін «Avrupa» газетінің және «Avrupagazete.co.uk», «Avrupatimes.com», «Avrupajansi.com», «Avrupaseriilan.com», «Аvruparadyo.com» сайттарының негізін салушы әрі иесі болып табылатын журналист.

Instagram: @vatanoz 

Журналистика саласында еңбек етіп жүргеніне 20 жыл болған Ватан Өз сайт ашқысы келетін және де жеке сайты бар азаматтарға 5 ережеге сәйкес жұмыс істеуге шақырады.

«Премьер-министр өлді»

Бірінші ереже – click-ке ие болу. Кез келген ақпаратты сайтқа саларда оның тақырыбына баса назар аударту мәселесі. Тақырыбына қызыққан оқырман не істейді? Сілтемеге өтеді яки клик жасайды. Сайттың медиа нарықты бар болуы не көзден ғайып болуы осы төрт сөз – кликке тікелей байланысты екен. «Клик жасалмаса, сіздің сайтыңыз ешкімге қажет емес» дейді бір басында 6 сайты бар журналист. Тақырыпты қызықты қылып қою – жоқтан бар жасау деген сөз. Не болмаса да оқырманды алдап, өтірік тақырып қою емес. «Премьер-министр өлді» десеңіз, оның шынымен де көз жұмғанына көз жеткізесіз. Сондай қайғылы жағдайдың орын алғанына қолыңызда дәлел болғанда, нақты ресми мәлімдеме алынған кезде ғана осылай тақырып қоясыз. Әйтпесе бұл бос әурешілік. Тақырыбына елеңдеп, клик жасап, мақаланы оқып жатып тақырыптың өтірік қойылғанына көзі жеткен оқырман келесі жолы сіздің сайтыңызға кірмейді. Сіз fake news жасап отырсыз. Бар болғаны сол. Ал бұл келесі ереже.

«Мешіт жарылды»

Екінші ереже – fake news-тен аулақ болу. Ешқашан жалған ақпарат таратпау. Бұл арқылы сіз бір рет клик жинайсыз, бірақ мәңгілікке абыройдан айырыласыз. Қандай жағдай болмасын, қанша асығыс болсаңыз да, ақпараттың рас-өтірігін тексеріп алу – сіздің міндетіңіз. Жалған ақпарат – бұл әйтеуір бір уақытта (қашан екені нақты белгісіз) жан-жағын жермен-жексен ететін бомба сияқты. Ондай бомбаны өз қолыңызбен лақтырмаңыз! Өзіңізді және өзгені ойлаңыз!

Бүгінде ақпараттың қаншалықты рас екендігін тексеріп алатын жолдар көп. Алдымен ресми органдарға звондайсыз да, олардың мәлімдеме жасауын сұрайсыз. Болмаса сол өңірде жүрген өкілдеріңізді оқиға орын алған жерге жібересіз. Әлеуметтік желілердің күшін де пайдалана аласыз.

Осы жерде бір мысал келтірейін. Бір мемлекетте мешіт жарылды деген ақпарат пайда болды делік. Өкінішке қарай, сіздің ол жақта өңірлік журналисіңіз жоқ. Әлеуметтік желі де тыныш, ешқандай пост шықпаған. Ресми органдар жұмған аузын ашпай отыр. Уақыт қысып жатыр. Не істейсіз? Бес минуттың ішінде ақпараттың жалған не шын екендігін қалай тексересіз? Егер осы сұрақтың жауабын тез тапсаңыз, онда сіз қолдағы бар мүмкіндікті барынша пайдаланатын жансыз. Әрине, google map-тың көмегіне жүгінесіз. Жарылыс 11:30-да болды десе, картадан сол қаланы, сол мешітті тауып аласыз. Сосын он минут бұрын және он минут кейін мешіт орнында тұр ма әлде жоқ па қарайсыз. 11:20-да аман-есен тұрған мешіт 11:40-та күлі көкке ұшқанын көріп, бірден screenshot (экранға көшірмесін жасау) жасап аласыз. Міне, сізге дәлел. Енді «мешіт жарылды» деген тақырыппен мақала бере берсеңіз болады.

Сенімге ие болыңыз!

Үшінші ереже – ешқашан материалды өшірмеу. Байқағанымдай, кейбір сайттар саларын салып алады да, белгілі бір уақыттан соң материалды өшіре салады. Оның белгілі бір себептері де бар шығар. Кейде мақалада аты аталған адам бастапқы ойынан айнып, сайтқа шығудан бас тартып жатады. Кейде әлдекім шағымданып, сілтемені өшіруді талап етеді. Тіпті жарияланған ақпарат өтірік болып шығып, сайт иелері материалды өшіру арқылы түк болмағандай кейіп танытқысы келеді. Бір-ақ нәрсе айтайын, сайттың өміршеңдігі тікелей осы пунктіге байланысты. Материал өшкенмен, біліп жүріңіз, сілтеме сақталына береді. Үш жылдан кейін оқырманыңыз сілтемеге өтіп, материалды оқи алмаса, бұл өз-өзіңізге қазылған ор екенін біліңіз. Сонымен қатар бес жылдан кейін сіз google-тың сенімінен айырылып, достар қатарынан шығарыласыз.

Google жақтырмайды…

Төртінші ереже – google-мен дос болу. Жаңа ғана бес жылдан кейін сілтемеге өткен оқырман материал таппаса, сайтыңыз сенімнен айырылады дедік. Ол дегеніміз сайтыңыздың ашылғанына пәленбай жыл болса да, материалын өшірмейтін су жаңа сайт сіздің алдыңызды орап кетеді. Себебі материал өшіргіш сайттарды гугл жақтырмайды және оларды бірте-бірте іздеу жүйесінен шықпайтындай төменге түсіре береді. Сондықтан ақпаратты саларда ертең оны өшіріп жүрмейтіндей мың рет ойланыңыз. Материалды салған екенсіз, онда оны қалай да қорғап, сақтап қалыңыз.

SEO-ға «табыныңыз»!

Бесінші ереже – SEO-ға қатты мән беру. Сайттағылар таңертең көзін ашқанда және түнде ұйқыға жатарда «SEO-ға» (Search Engine Optimization-толық нұсқасы) «табынуы» тиіс. Себебі сайттың рейтингі жоғары не нөл болуы осы сиқырлы үш сөзге байланысты. Тақырыпты айғайлатып қойып, бірақ сеоға көңіл бөлмесеңіз, бәрі бекер дей беріңіз. Сео дегеніміз – бар нәрсені көзге көрінетін қылу. Гуглда отырып бір тақырыпты іздеген адамның алдынан бірінші болып шыға келу жүйесі. SEO title, SEO description, SEO keywords деген болады. Әрқайсысына қысқаша тоқталсақ:

SEO title  дегеніміз мақаланың тақырыбы. Ең ұзақ дегенде 6 сөзден аспауы тиіс. Мақаланың жалпы тақырыбы болады, сонымен қатар қосымша тағы тақырыбы болады. Бірінші тақырыппен іздемеген адам екінші тақырыппен кіретіндей болуы тиіс.

SEO description дегеніміз мақалаға берілген анықтама. Материалда не туралы айтылғандығы жайында ең көп дегенде 13 сөз жазасыз.

SEO keywords дегеніміз кілтсөздер қатары. Материалдың мазмұнын ашатын басты кілтсөздердің бірін қалдырмай, қатесіз жазып шығасыз. Гуглдан бірінші шығатын сізге керек материалдардың кілтсөздеріне назар аударыңыз, оларды зерттеңіз.

Ватан Өз «Шеврон» компаниясы демеушілігімен Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» семинар-тренингінде медиа-тренер ретінде қатысты. Оқырманға ұсынылған ақыл-кеңес аталмыш семинарда айтылған ақпарат негізінде дайындалды.

Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!