Стив Джобс американдық өнертапқыш, оның ішінде «Apple» брендімен күллі әлемге танымал болғанын көбіңіз білетін шығарсыздар. Алайда, оның бұл кәсіпке келудегі және танымал тұлғаның шытырманға толы өмірі жайлы біліп-білмеулеріңіз екіталай. Ендеше, бүгін сіздерге осы жайында баяндайық.
Стив Пол Джобс — 1955 жылы Калифорния штатындағы Маунтин-Вью қаласында өмірге келген. Туған анасы американдық Джоан Кэрол Шибл болса әкесі сириялық студент Абдулфатта Джандали. Туған баласын асырауға жағдайы жетпеген ата-ана Стивті, алаңсыз ауқатты отбасында тәрбиеленсін деп бөгде адамдарға береді. Яғни, Джобс асыранды бала. Стивтың талабы мен дарыны кішкентайынан-ақ бөлек еді. Ол оқушы кезінен электроника, кез келген құрылғыны бөлшектеп, қайта жинауға қатты қызыққан. Тіпті, оның парталас досы да дәл осы қызығушылықтың иесі болып шыққан. Оның да аты-жөні Стив Возняк. Бірақ сол сәтте екі дос болашақта бірге жаңалық ашар әріптес боларын білген жоқ.
Стив мектепті тәмамдады. 17 жасқа келген ұлдарын ата-анасы бар жиған-тергенімен қымбат колледжге оқуға түсіреді. Бірақ жарты жыл өтер-өтпестен Стивтың ол оқуға деген ынтасы төмендейді. Алып жүрген осы білімі өзіне қаншалықты керек екенін түсінбей ой сарсаңына түсе бастайды. Осылайша, көңілі мен қалауы басқа бағытқа еріксіз ауа берді.
Сан түрлі оймен арпалысып жүріп Стив күндердің күнінде нақты шешімге келеді. «Мен бұл колледжді тастасам да болашағым жаман болып, құлдырап кетпейтін шығар. Ата-анамның қаржысын желге ұшырғандай болмайын, бұл менің ең дұрыс әрі өзгермейтін шешімім» деген тұжырымға келеді.
Міне, Стив осылайша оқудан кетті. Біраз қиындықтар көрді. Студент болмаған соң оның жатақханада да өз орны болмады. Сөйтіп, ол достарының бөлмесінде еденде ұйықтап жүрді. Ал күндіз Coca-Cola-ның бос шөлмегін өткізіп, тиын-тебен табатын. Күнкөрісі қиын болғанына қарамастанСтив Джобс сол уақытта каллиграфия өнерін үйрену курсына жазылған еді. Араға 10 жыл салып алғашқы Macintosh компьютерін жасап шығарғанда каллиграфиялық білімінің Стив Джобсқа тигізген пайдасы зор болды.
Алпауыт «Apple» компаниясы «өмірге» қалай келді?
1976 жыл. Стив Джобс,Стивен Возняк және Рональд Уэйн – үш ноян бірлесе жүріп «Apple» компаниясын құрады. Қалай дейсіздер ғой? Алғашқы қадамдар былай басталды: Hewlett-Packard компаниясы сияқты Apple де тұңғыш рет «өмір» есігін гаражда ашқан болатын. Әкесі Стивтің бар қалауын орындайтын, қалаған ісімен айналысуға бар мүмкіндікті қарастыратын. Сол себепті де ол ұлына өз гаражын түбегейлі берген еді.Үш дос болса сол гаражға үлкен ағаш станок тауып әкелген. Ол компания тарихындағы алғашқы конвейер болып саналды.
Болашақ компанияға алғашқы инвестицияны да еңбекқор жігіттердің өздері құйды. Джобс өзінің микроавтобусын,Возняк калькуляторын сатты. Осыдан түскен 1300 АҚШ доллармен қызу жұмысқа кірісті. Көп ұзамай жергілікті электроника дүкені оларға 50 компьютерге тапсырыс береді. Үш жігітке сол уақытта бұл өте үлкен тапсырыс және зор жауапкершілік еді.Тапсырысты қуана-қуана қабылдап алған өнертапқыштар, оны жасауға ақшалары жоқ екенін кейін ойлайды. Сонан соң, Стив Джобс амалсыз керек заттарды несиеге алады.
Күндіз-түні тынымсыз еңбектенгеннің арқасында жігіттер 50 компьютерді бар-жоғы 10 күн ішінде жинап шығады. Мұндай тапсырыстар әрі қарай да жалғасын тауып, олар компьютер жасаудың шеберіне айналады. Бірақ кейін Рональд Уэйн достарына бұл жұмыстан жалыққанын, тіпті өзіне ұнамайтынын жеткізеді. Сөйтеді де, компаниядағы өз үлесін екеуіне 800 долларға сатып, кетіп қалады.
Сол уақыттарда Америкаға танымал кәсіпкер Дон Валентайн ол екеуін тағы бір белгілі капиталист Армас Клифпен таныстырады. Армас болса талапты жігіттердің ісіне қолдау білдіруге дайын екенін жеткізіп, бизнес-жоспар құруға көмектесіп қана қоймай, компанияға 92 000 доллар құяды және несие желісін ашуға қол ұшын созады. Міне, осындай бірлескен күштің арқасында көп ұзамай «Apple Computer» компьютер жасаушы танымал компанияға айналып шыға келеді. Ал, небары 20 жасында, ата-анасының гаражында досы екеуі Apple-дің негізін қалаған Стив Джобстың есімі Америкадағы миллиардерлердің тізіміне енеді.
Стив Джобстың өміріндегі тоқырау кезең….
Бәрі тамаша еді. 1985 жыл болатын. Стив Джобс компания басшыларымен кеңес отырысында сөзге келіп, соңы нағыз қақтығысқа айналады. Осыдан соң Стивтың өзі негізін қалаған компаниядағы мансабына нүкте қоюына тура келеді. Бұл жағдай Джобс үшін ауыр соққы болды. ”Мені жұмыстан шығарып жібергенде бірнеше ай бойы не істерімді білмей дал болдым, күйзелдім, қиналдым, баз кештім де. Тіпті басым ауған жаққа біржола жоғалып кетсем бе деп те ойлады. Бірақ есімді жидым. Өмірде кездескен әр сәтсіздік – менің келесі баспалдаққа аттар қадамым, жаңа мүмкіндігім деп түйдім – деген тұжырымға келеді.
Шынында да, ол қандай қиындыққа тап келсе де мойымады, керісінше өзін дәлелдеу мақсатында және армандары үшін басын тік көтеріп іске кіріседі. Сол бір ниетінен жігерленген Стив Джобс «NeXT» деп аталатын су жаңа компанияның негізін салады.
Армандар орындалады!
Арада тағы да бірнеше жылдар өтті. Стив құрған жаңа компания да аяққа тез тұрып, нарықта ойып тұрып орын алатын деңгейге жетті. Әрине, бұл да тағы Стивтың алға қойған мақсатынан тайынбайтын, қайтпас қайсарлылығынан, тәжірибесі мен білімінің арқасында еді. 1997 жылы өзі іргетасын қалаған «Apple» компаниясына атқарушы директор ретінде қайта оралады. Компанияға Стивтың өзі келген соң «Apple» әрі қарай дамып, ғаламтор технологиялар жағынан дүние жүзі бойынша ең алып, ең үздік компанияға айналды. Өзінің жаңа ноутбуктары және Iphoneн смартфондары мен iPad планшеттері арқылы әйгілі болды. Осылайша, «Apple» компаниясы “Гиннесс” рекордтар кітабынан ойып тұрып орын алды.